ҚР ҰСТҚ президенті Қ.Сатыбалдыұлының Бүркітшілердің халықаралық І-ші фестиваліндегі сөзі

 Қадірлі ғылыми -тәжірибелік кеңеске қатысушылар!

Құрметті  қонақтар!

Біздің бүгінгі кеңесіміз  жай кезекіті кеңес емес. Елбасымыз алдымызға қойған Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасын, жүзеге асыруды межеге алып, ең бай 30 мемлекеттің қатарына кіру, ал таяу уақытта елімізде өтетін EXPO-2017 халықаралық көрмеге лайықты тарту жасап, келетін 5 миллионнан астам туристерді экономикалық табыстармен ғана емес, сондай-ақ ұлттық өнерімізбен, салт-дәстүрімізбен, ұлттық спортымыз бен  тәнті ету.

Егемендігіміздің арқасында атадан мирас болып келген ұлттық құндылықтарымыз өмірге оралып, қайта жаңғырып, халқымыздың игілігіне айналды. Осыдан 10 жылдай бұрын ұлтжанды азаматтардың қолдауымен өмірге келген «Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығы» аз уақыт ішінде ұлттық ойындарымызды республикалық деңгейге дейін көтерсе, соңғы жылдарда  халықаралық дәрежеге  шығарды. Оған дәлел осы жазда 8 елдің додапаздарының басын қосқан ұлттық ойынымыз Көкпардан І ашық Азия чемпионаты болса, енді міне бүркітшілердің І-ші халықаралық фестивалі жалауын желбіретіп отыр.

Қазақ халқының өткен өмір тарихы саятшылықпен байланысты,  астында жүйрік аты, қолында қыран құсы, қасынан құмай тазысы қалмаған көшпенділер ұрпағы — қазақтың жаны, болмысы, Тәуелсіздіктің көк Туында қанат қаққан алтын  Қыранымен бейнеленген.

Көк байрағымыздағы қанатты қыран бейнесі,  тәуелсіздік алып, қанатын қомдаған қазақ елінің әлемдік өркениет биігіне талмай ұмтылып, талассыз жетуін тілеген игі ниеті. Ендеше, дүниеде екінің бірі айналыса бермес сирек өнер деп бағалап, асау бүркіттің бабын тауып, көңілі қалаған аң-құсқа сала білген дала халқы шындығында, қыранды тек сұлулық символы ретінде танып қана қоймай, ұрпақтары үшін салауатты өмір салтын сабақтастырудың таптырмас құралы ретінде пайдалана білген. Бар өмірі-аттың жалында, түйенің қомында жаугершілікте өтсе де, туған жерінің әр тасы үшін қанын да, жанын да берген бабаларымыздың осынау аманатын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, бүгінгі біздің де абыройлы парызымыз.

Халқымыздың ұлы құндылықтарының бірі, саятшылық жібі үзілмей жалғасып келеді. Осы ретте, Халықаралық «Бүркітші тойы» Фестивалі ұлы дүниеміздің ұрпақ санасынан өшпесін деген ниеттен туындаған айтулы шара.

Бүгінгі кеңесіміз  құсбегілік өнеріміздің ажарын ашып, өткеніміз бен бүгініміздің жаңа парағынан, түз Қыранын баптап, қалаған аң-құсына сала білген қазақтың туған табиғатымен етене жақын  келбетін, кең даласындай дархан көңілін, қанындағы сал-серілік дәстүрін көз алдыңызға әкелері даусыз. Сонымен қатар болашаққа үлкен жол ашатыны анық. Кеңеске қатысып отырған барлықтарыңыздың өмірлеріңізге сәт сапар тілеймі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*