«Құсбегілік өнердің әлемдік интеграциядағы рөлі» (ҮНДЕУ)

Әр халықты өзгелерден ерекшелендіріп тұратын, өзіне ғана тән мәдениеті, өнері бар десек, тарихы тереңде жатқан қазақ халқының да ұлттық құндылықтары жетерлік. Соның ішінде, өскелең заманның өміршең талабына сай  ұлттық спорттың бір түрі – саятшылық, қыран құс салу өнері. Оның ғылыми негізі тереңнен басталса да, теориялық тұрғыда зете зерделеніп, зерттелмесе,  болашағы да бұлыңғыр болатыны сөзсіз. Алыс-жақын шетелдік және отандық ғалымдардың, айтулы мамандардың басын қосып отырған бүгінгі ғылыми-тәжірибелік кеңестің өткізілуі де осы мәселенің дер кезінде қолға алынуын қадағалау.

Тәуелсіз еліміздің көк Туында  қанат қаққан киелі Қыран – ұлтымыздың  мұқалмас рухы. Еркіндік белгісі. Бүркіт – биік мақсаттарға еркін қанат қағу нышаны, ерен қайрат иесі.  Тәуелсіздік алып, қанатын қомдаған қазақ елінің әлемдік өркениет биігіне талмай ұмтылып, талассыз жетуін тілеген игі ниеті. Ендеше «қыран» ұғымы, «Құсбегілік» өнері бізге жат емес. Бабаларымыз бүгінге жеткізіп отырған бекзат өнерді еліміз тек қана өнер деп емес, ұрпақ денсаулығына, салауатты өмір салтын сақтауға, ел ертеңі үшін дені сау ұрпақ тәрбиелеуде басты құрал еткенін байқауға болады. Жас ұрпақты ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, отанымыздың ортақ игілігі жолында берекелі еңбекке тәрбиелеуге ат салысу-баршамыздың міндетіміз, азаматтық асыл ісіміз. Сондықтан да, кеңеске қатысқан ғалымдар, халықаралық дәрежедегі құсбегілір, тарихшылар қатысқан бүгінгі кеңес төмендегідей мәселелерді көтере отырып үндеу қабылдады.

Бірінші, бүгінде негізі қаланып, Парламент қарауына жіберілген Спорт және денешынықтыру туралы заңда Ұлттық спорт түрлеріне арналған бапта қарастырылған «Саятшылық» өнері жайлы тармақтарға толықтырулар еңгізіліп,

халықаралық жарыстарға апарылатын құстардың шекаралардан кедергісіз өтуін;

олардың дәргери анықтамасы мен кімнің құсы екендігінің куәландыратын құжатын;

құсбегінің құсты қайдан қалай алуы керектігін (балапан кезінде ұядан ала ма, ересек болған соң түзден ұстай ма, болмаса арнайы орыннан сатып ала ма);

ұлттық өнер ретінде ұлықтай отырып, құсбегілердің құстарға қамқорлықпен қарауын;

саятшылық өнерге пайдаланылатын құстардың азығы, олар тек тірі аңдармен қоректенетіндіктен ең болмаса қоян өсіретін фермаларды қолға алу;

бүркітшілердің мінетін аттарын арнайы дайындайтын ипподромдар; т.б. мәселелерді шешуді қарастырсын.

Екінші, «Бүркітшілер ауылы» атанып, қазіргі таңда алыс-жақын елдерге танымал болған, Алматы облысындағы «Нұра» ауылында шаңырақ көтергеніне 25 жыл болған «Жалайыр Шора» Бүркітшілер мектебін – Республикадағы Бүркітшілердің ғылыми-зерттеу орталығы деп танып, Үкімет тарапынан қолдау көрсетуді, осы тұрғыда қоғам назарын осы ауылдың негізінде, туған жер табиғатын төл баласындай аялаған ата-бабаларымыздың асыл арманы, әлі де парақтары ашылмай жатқан, ұлттық  өнеріміздің кешегісі мен бүгінгісін ғылыми тұрғыдан саралап, болашаққа нақты міндеттерді жоспарлау қолға алынсын.

Үшінші, Кеңесте көтерілген  аса маңызды  мәселелер, әсіресе, бүгінге дейін ғылыми тұрғыдан нақтылы зерттеліп, бір ізге түспей тұрған қазақтың саятшылық өнерінің  бір саласы — бүркітшілік, құсбегілік дәстүрі сараланып, оны жан-жақты зерттеу жұмыстары ғылыми мекемелерде жүргізуге көңіл бөлінуі тиіс. Табиғатты қорғау, экологиялық тепе-теңдікті сақтауда орыны ерекше саналатын – құсбегілік саласын білім ордаларында оқытылу сапасына көңіл бөлініп, қалың бұқара арасында үгіт-насихат жұмыстары ұдайы жүргізілуі тиіс.

Төртінші, Биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл фестиваль алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіліп, әлемде тарыдай шашылып жүрген бүркітшілеріміздің бастарын қосып, тәжірибе алмасып, пікірлесетін кеңес болуы керек. Сонымен бірге, халықтың мәдени мұрасын сақтап, ұрпаққа жалғастырып келе жатқан, осы салада аянбай өз үлестерін қосып жүрген мамандарға, белсенді азаматтарға Үкімет, қоғамдық ұйымдар тарапынан ынталандыру шаралары, арнай марапаттаулар жолға қойылсын.

Бесінші: Алдағы уақытта үндеуде көтерілген мәселелердің жүзеге асуын, ұлттық өнеріміздің ұлықталуын барлығымыз қадағаласақ, осында айтылған жайлардың келесі жылы өтетін бүркітшілер тойында атқарылу барысы талқыланатын болсын. Бұл іске Халықаралық құсбегілер қауымдастығы мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы және «Жалайыр Шора» бүркітшілер мектебі жауапкершілікке алатын болсын.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*