Жамбы ату

zhamby_atuҚазақ халқының ер жігіттің мергендік, ептілік қабілетін сыннан өткізетін, намысын жанитын ежелгі ойынының бірі – жамбы ату жарысы. Ұлан-ғайыр жерімізді батыр аталарымыздың сақтап қалуына себеп болған астындағы желдей ескен сәйгүлігі мен сенімді қаруы болған садағы. Бұл екі мұра, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі еліміздің тәуелсіздік алған күніне де жетті. Кеңес үкіметінің тұсында ұмыттырылған бұл ойынымызды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған кезден ҚР Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығы қайта жаңғырта бастады.

Ежелде жамбы атудың бірнеше түрлері болған. Солардың ішінде көп тараған түрі тай-тұяқ (көлемі тай тұяғындай) жамбыны ату. Мұнда, жамбы ату жарысы көлемі 300 метрге дейін келетін жазық алаңда өтеді. Мәреден 100 метр қашықтыққа орналасқан биіктігі 3-4 метр келетін бағанаға көлемі тайдың тұяғындай жамбы орналастырылады. Жамбыны мерген ат үстінде шауып келе жатып көздейді. Жамбы атудың басқа: айқабақ, мылтықпен ату түрлері, немесе қатар-қатар қойылған бірнеше нысананы ату түрінде де болған. Бүгінгі таңда жамбы ату жарысы құзырлы органдардың бекіткен ережесі бойынша өткізіледі.

Қазіргі «Жамбы ату» ережесіне сәйкес, нысана атудың әлденеше түрі бар. Бірнеше спортшы атпен қатарласа бір орында тұрып, биіктігі 1,5 метр, қашықтығы 10 метр нысананы шапшаңдықпен ату. Яғни, 10 секунд ішінде  спортшы жебені үлгергенінше атады. Жеңіс көп ұпай жинаған спортшыға беріледі. Нысана атудың екінші түрінде, жарысқа қатысушы шабандоздар жеребеде алған кезегімен, төрешінің «Алға!» деп берген бұйрығы бойынша, арнайы жасалған жолмен шабады. Жолдың ұзындығы 150 метр шамасында болады. Шауып келе жатып қапталындағы арасы 30-35 метрден орнатылған, биіктігі 1,5 метр, қашықтығы 10 метр үш нысананы тұсынан өте бере атады. Спортшыларға оғының дарығанына және шапқан жылдамдығына қарай ұпай беріледі. Тағы бір нысана ату түрінде  арасы 30-35 метрден орнатылған, биіктігі 3 метр,  және 7, 10, 12  метр сияқты түрлі қашықтыққа орнатылған қозғалмалы үш нысананы шауып келе жатып ату. Жарыс кезінде әрбір спортшыға қанша рет мүмкіндік берілетіндігі алдын ала шешіліп қойылады және барлық спортшыға бірдей мүмкіндік жасалады.