Қазақтың қара бурасы

Сөз басы

Серик 1Бала күнімізде ауыл ақсақалдарының аузынан естуші едік. Ол кезде өмірдің бұл ақиқаты бізге әлқисасы арыдағы аңыздай, иә, әжеміз айтар ертегінің кейіпкерлеріндей әсер ететін. «Жарықтыққа Құдай берген күшті айтсаңшы! Қара батпаққа белінен батып, жануардың өзінің әлі жетпей жатқан арбаны үстіндегі шөбімен жұла тартқанда, төбе шашы тік тұрып, аузынан ақ көбік атады екен сабазың!..» — деп тамсана жыр қылғанда, бар ынтаммен тыңдап отырған менің көз алдыма кәдімгі ақпандағы ақырған бура елестейтін…
Менің сәби қиялым қателеспепті. Ол майданда арыстандай алысты, бурадайын жұлқысты. Кер заманның кесапатына қара нардай төзді. Жерімен көктеді, елімен көгерді… Қазақтың батыры Баукең жайлы ел: «Францияда туылса, болар еді Бонапарт, Қазақстанда туылып болып қалған Бауыржан!» деп те айтып жатушы еді-ғой! Баукең кім? Бонапарт кім? Бізде бұл тұлға хақында солай дер ма едік. Бірақ біздің кейпкеріміздің жөні бөлек, тағдыры басқа. Ол қазақ қайда жүрсе де қазақ екенін айғақтап, есіктей кеудесін жатқа бастырмай, өз кезінде-ақ «арғы беттің Қажымұқаны» атанды. Бұл күнде ел есінен көтеріліп бара жатқаны болмаса, Оның аты да, заты да ата жұртына ерте оралған. Біздің мақсат азаттық аспанындағы осы рухты жаңа ұрпақ санасында жаңғыртып көру.

Алып анадан

Атаның белі, ананың сүтімен бойға біткен ғажайып күштің иесі, халқаралық аса ауыр салмақтағы еркін күрестің аға жүлдегері, XX ғасырда адамзаттың алыбы атанған Серік Қожабайұлы Алтайдың арғы бетінде Қаба ауданы Алқабек өзені бойындағы Түкпір деген жерде дүниеге келіпті. Ата тегі – тоғыз таңбалы найманның бір табы қаракерей. Әкесі Қожабайдың Сұлтаннан кейін көрген ұлы. Балуанның шешесі Сақыми анамыз сүйекті, қайратты адам болыпты. Нағашы жұрты Жарекеңнің Байқабыл әулетінен Аққыз атты балуан да шыққан.
– Апа, менде нағашы атам Аққыз сияқты үлкен балуан боламын ба сонда? – деп, күздің қоңырқай кешінде бес жасар саусақтары арбиған бала анасының тізесіне басын қойып, оның нағашы атасы жайлы айтқан әңгімесін құмарта тыңдап, еркелей, еліктей сұрайды екен.
− Е, құдай жеткізсе боласың, құлыным!..
− Бойым анау теректей болып өсе ме, апа?
− О да ғажап емес, тірі жүрсең таудай биік боласың, тау көтерген Толағайдай еліңе пайдалы адам боласың, жарығым…
Баланың құлағы елең ете түсті. Шешесі сан қайтара айтса да, еш жалықпай тыңдайтын ертегісі осы Толағайдың хикаясы еді. Сәби санасындағы өзінің Қамбар, Қобыланды, Алпамыстарымен ойша сырласып, біздің сөз етіп отырған Толағайымыз да қараша ауылдың қарапайым күркесінде, ертегімен бірге ерлік еміп осылай есейе беріпті. Жастайынан ән мен күйге, жыр, хиса, дастанға әуес болыпты. Ел ішіндегі көкірегі шежірелі қарттарды жағалап, баһадүр бабаларының рухын санасына сіңіре беріпті. Жарболды Оспан залың (қытайша мансап аты) 1913 жылы ашқан Алқабектегі алғашқы білім ошағы «Таң мектебіне» түсіп, сауатын ашып та үлгіреді. Серіктің басқадан артық қайраты бала күнінде белгі берген деседі. Бес жасында далада тышқаншық болып жығылған бұзауын көтеріп үйіне әкеліуі, сегіз жасында бие бау басында марқа құлынды құйрығынан тартып тоқтатып, желіге байлауы, азамат тартқан шағында, құмыраны бір қолының уысына алып, қысып сындыруы, құдықтан өгіз, құйдан түйе тартып шығаруы ел арасына аңыздай таралып, бала балуан атанып кете береді.
Алтайдың қызыл шұнақ аязы мен бөрі құйрық боранын, дойыр мінезді дүлей дауылымен бірге түн жамылып жылқы күзетіп, кісі есігінде мал бағып, жалшылықтың жабытын да ерте киеді. Темір қанат балапан тағдырдың шеңгеліне де ерте ілініпті. Әкесінен сегіз жасында, шешесінен он бір жасында айрылып қалған азаматтың алдында ары мен намысына, қажыры мен қайратына сын боларлық талай асулар күтіп тұрды.

Ер атағын ел сақтар

Ата-анасынан ерте айрылғаннан кейін Серік ағасы Сұлтанның қолында тәрбиеленді. Ат жалын тартып мініп, буыны бекіп, қайыралған сайын ұшталған болаттай өткір ұлан енді ел ісіне араласа бастады. Алтай көлемінде атақты алып балуандар көп шыққан. Тұрсынбек Бүркітбайұлы, Әбіш Баймеркітұлы, Рекей Шідерұлы, Қайырбай Шөжікұлы сынды аға балуандардың жолын енді Серік жалғап көрмекші болды. Әрине, Қытай Республикасы ол кезде бүгінгідей аспан астының алып елі емес-тін. Бодандықтан буыны енді босаған елдің спортқа қарар шамасы да жоқ еді. Бабалар қанымен келіп бойын кернеген күш иесінің ерлігі әуелі ел арасына таралып, Серіктің айбатын асырып жатты. Енді сол әңгімелердің біразына тоқталып көрейік.

***

Саптастарымен,оңнан бірінші Серік.1973ж. АлтайАлтайдың Көктоғайының Қуертіс бойында күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған кен районы бар. Алғаш Кеңес үкіметінің техникасымен ашылған осы кенде, тіршілік көзін іздеген азаматтар қатарында Серікте 1954-1956 жылдары кен қазып ауыр еңбек етеді.
Жұмыста әр он адам бір топ болып, топ бастығы Серік бастаған топ кен алабының алғы шебінде жүреді. Бұл 1955 жылдың сәуір айы болатын. Кұн райы ашық. Серік бастаған жігіттер тас шағып жатқан майданнан ұзындығы бір жарым метрден артық, жуандығына денелі кісінің құшағы әрең жететін ұзыншақ көк шыбар діңгек тас кезігеді. Инженер Ахымар Бекбаев пен Андрей Печков екеуі әлгі тасты аспаппен тексеріп көріп, құрамында мол мөлшерде берал асылының бар екенін біліп, Секең бастаған жігіттердің ортасына келіп: « Әй, Серік, бізбен бәс тігуге жарайтын болсаң, анау тасты көтеріп, мына Ахымар екеуміздің алдымыздағы құрма киллоның қасына алып кел, егер орындап кетсең, мың рубль ақшаңды қолыңа береміз. Орындай алмасаң, еңбек терің өзіңе есеп, ақы сұрамайсың» — деп қолқалайды. Бұл кезде Серіктің күш қайраты кендегілердің барлығына аян еді. Әзіл-шыны аралас орыс бастықтың сөзінің шын, иә, өтірігін білмей, көк шыбар тасқа сұрлана қарап тұрған жігіттерді аңдап, Секең: «Ердің күші егерліктің ісі, атадан ұл боп туған соң намысты қолдан бермейін» деген ойға келіп, тасты көтеруге келіседі.
Серіктің аяғында қонышын қайырып киген жез шегелі етік, үстінде перезент бешпет, қолында былғары саусақты қолқап, белінде жалпақ былғары белбеу. Он сегіз жасқа енді ғана толған балғын жас жігіт алдымен жуан діңгек тастың кішілеу басын жерден жарым метрдей биік тұғырдың үстіне шығарып, онан тасты сол орынға тік тұрғызып, иығымен сүйеп сәл демін алады. Сосын құшағын толтыра көк тасты қос қолымен орай, жуан салалы саусақтарын бір-біріне сыналап, қысып ұстап, гүж еткен жуан даусымен «әуіп» деп тасты кеуделеп көтеріп, аяғын ақырын басып, он қадамдай жерде тұрған бастықтың алдына апарып тастай салды.
Андрей Печков мынау ерекше оқиғаны есте қалдыру үшін естелігіне көз алдындағы болмысты жазып жатыр екен. Енді Серіктің өзіне айтып, әлгі тасты құрма киллоның шойын тақтайының үстіне шығартты. Тастың салмағы 432 киллограмм болып шықты. «… Адамзатта мұндай күшті адам болатынын тұңғыш рет өз көзіммен көрдім, оған әсерімді баса алмай алғысымды айттым және оған куә болдым» деп жазыпты Печков естелігіне.
Амал не, ол кезде сол көк тасты он сегіз жасар Серік балуанның көтерген тасы етіп ескерткіш ретінде орнатып қою ешкімнің ойында болмапты…

***

2010 жылы Қытайдағы қазақ баспасынан «Егей балуан Серік» деген атпен балуан жайлы естеліктер мен очерктер кітабы жарық көрген болатын. Енді сол кітапты құрастырушы, жазушы Қостай Жақияұлының көз көрген естеліктерімен әңгімемізді өрбітсек.
1958 жылы сәуір айының он бесі таңғы шайымды іше сала көрші ұста қарияның дүкеніне келгем, ол кезде Алқабектің тың құнарлы топырағын жыртып, тыным таппай жатқан кезіміз. Қос жүзді жер жыртқыштың сынған темір-терсегін ауылдағы осы Құдасбай ұстаға жөндететінбіз. Ұстаның кең қарағай есігі ашық тұр екен, кіріп барсам күрең жүзі албырап, мұрнының ұшынан тер тамшылап, қарбалас жұмыс үстінде екен. Іші толы адам, Серікте осында, балға соқтыруға келген сыңайлы.
Ұста мен Секеңнің ортасында мен келуден бұрын қандай уәделі іс болғанынан хабарым жоқ.
− Онда балғаңды соғып берейін, дегендегі күшіңді анау тасты шығарып берейін деп, соған жұмсасаңшы, — деп Құдасбай қария терін қолының қырымен сыпырып тұрып Серікке алая қарады.
Серік күлімсіреп арт жағына бұрылып, босаға жақта жатқан төңкерілген тайқазандай беті майда, домалақ жылтыр қара тасты лом темірмен лоқытып аударып тастады да, ұстауға қолайсыз болды білем, ірге тұстан арқан алып шандып байлап, ұстауға қолайлылық жаратты. Сосын сәл көтерілген тастың астындағы жіп белдеуінен ұстап, лық көтеріп алды да, одан кеудесіне ырғытып, құшағына қыса ұстаған қалпы табалдырықтан тысқа аттап шығып, ауладағы шұңқырға қарай тастай салды.
− Алла, қарғам-ай, мен әншейін сені мықты деп естіген соң, қаруыңды өз көзіммен көрейінші деп, сынап салмақ салған едім, құдайым бетіңнен қайтармасын!.. тілім тасқа, тфу! – деп жерге түкіріп, көзі жасаурап Құдасбай ұста Серікті құшақтап бетінен сүйеді.
Серіктің тас көтергенде етігінің шажамайы опырылып кеткен екен, мен Исқан етікшіге айтып, Серікке етік тіктіруге келістім, – деп баяндайды ағамыз эссэсінде.

***

Тағы да Қостай Жақияұлының жазбаларына жүгінеміз. Бұл оқиға XX ғасырдың ортасындағы Қытайдың «тың игеру жылдары» деп аталатын үлкен саяси науқанының тұсына сай келеді. Алқабек ауылының тұрғындары да, көмейін Білезік өзенінен алып батыс қиыстағы аңызды аймаққа су шығаратын тоған қазуға тайлы-тұяғымен кірісіп кеткен кез. Күні-түні ауыр еңбек, мардымсыз тамақ. Сондағы азапты жылдарды ата-әжелеріміз әлі күнге зар еңіреп айтып отыратын.
Бір күні Серік бәріміз қатар тұрып қазып жатқан тоған ішінен шөккен түйенің беліндей бір бөлек ұзыншақ жер тас шықты,– деп сабақтайды Қостай ағамыз әңгімесін. Саршыбар зіл батпан тас. Бес-алты жігіт қаптап арнаның қабағынан асырып лақтырып тастауға әл берер емес. Бұндайды көрсе, бел шешіп бірден кірісетін Секең еш екіленген жоқ. Әуелі тоғанның орта тұс қабырғасынан тиянақ шығарып, сұлап жатқан тастың бір басын құшағына алып, сүйретіп көтеріп әкеп әлгі тиянаққа тіреп қойып, онан жердегі сүйір басын жеп-жеңіл көтеріп иығына шығарып, сол бойы оны тоғанның қырынан асырып, тастың енді көлденең көлбеп қалған қожыр-қожыр тұтас сұлбасын кеудесімен тіреп, екі қолымен ары итеріп аунатып жіберді. Жас алыптың осы орасан қимылына тіпті көз ілеспей қалды.
Осы оқиғаны көзімен көрген қариялардың айтуынша Серіктің тоғаннан шығарған тасының салмағы, көшкенде шаңырақ арытар қомжар атанның салмағынан артық болмаса кем емес екен.

***

АрыстаАтадан асып туған асыл ердің өмірі осылай өтіп жатты. Бүгінгі сырт көзге бәйгеге шабар бапты шағында арбаға жегілген тор шолақтай елес бергенмен, ол тұста ауыл арасыныдағы қара күрес болмаса, аламанға ат қойсам, Алты алашқа ұран болсам, деген асқақ арман Серіктің өз ішінде ғана жан дүниесін шоқтай күйдіріп, үйір аңсап кісінеген жылқыдай талай таңда аласұрып шығатын.
Бой тұрқы бітік, бүркіт қабақ, жауырыны тақтайдай, бұлшық еттері қайыңнің безіндей қатқан, шымар денелі, жаратылысынан кем сөзді, ісік-желігі жоқ бір тоға бозбала жігіт, бұл кезде, басына шаңырақ көтеріп, ағасы Сұлтан мен өзінің қоңырқай тірлігімен, атаның түтінін түтетіп, күйкі тірлікпен күн кешіп жатады.
Есік пен төрдей қоңыр атымен, «тоғызыншы тартпа» деп аталатын үлкен шалғысын иығына артып, салт аттың екі жағына тең-тең шөп артып, ағасы Сұлтан екеуінің шағын малының қыстық қамын елден бұрын әзірлеп, пішен шарбақ ішінен қоян жон отау шығарып қоятын да, совхоздың астығын әр бірінің салмағы жүз он киллограмнан асатын сары дағарды жалғыз арқалап, арбалап тасып түсіретін де осы Серік, несін айтасың, бұл тұста Секең туралы аңыз бен ақиқат астасып отыз рулы елге тарап жататын…
− Ой, әлгі Қожабайдың талыс аяқ Серігі недеген мықты жігіт болған, Терісаққанды көмейлеп бөгеп тал тасып жүрген Арғынбайдың құла аты суға тұншыққанда иығынан көтеріп жағаға алып шыққанын көзіммен көрдім, -десе, оған біреу Әубәкірдің сары атын да жарқабақтан алып шыққан сол Секең емес пе деп қосты.
«Оны қойшы қыстың күні Тоқаштың бурыл аты тарта алмаған дөңбек басқан қайқы бас шанасын өрден Серіктің өзі шығарып беріпті» деп таласа айтса, Исағалидың аяғы сынған атын көтеріп арбаға басып беріп алғыс алғанда Серік болып шықты. Судың тағанындағы құм тартпаға батып, Білезік өзенінен төр атпен өтуге амалсыз қалғанда, үстіндегі жүгімен Тарқан қарттың арбасын судан жаяу сүйретіп өткізген ерің де осы Серік боп шықты. «Серік! Серік!» деген осы бір аяулы есім атамекен Алқабектен Алтайдың бар атырабына тарап жатты. (Жалғасы бар)

Ұмтыл ЗАРЫҚҚАН
«Қазақ спорты» газеті

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*