Құсбегілік өнер немесе қанаттылар ханы…

8893_110910545746817_1658015877_nҚұрметті оқырман, осы мақаланы жазу маған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Жазу тарихы мұражайын» аралап жүргенде келіп еді.  Бақытбек Қадырұлы

 Ұлы тарау… 

Құсбегілік – бағзы  заманнан, есте жоқ ескі заманнан бергі қазақтың бекзада өнерінің бірі, әрі бірегейі екендігіне шүбә жоқ. Аңшылық өнердің бір қыры. Сонау ықылым заманда ата-бабаларымыз соғысқа пайдаланған деседі. Қыранмен шекараны қорғайтын болған. Ал, аң аулап салбурын құруы  жанама қызметі болса, тұрмыс-тіршілігінде бой сергітіп, күндік талшығын айыратын кәсібі болды.  Кейіннен заман өте келе сал-серілер мен белгілі бір аңшылардың құралына ғана айналды. Бүгінгі таңда  ауқымы тарылып, ақсап тұрған өнердің бірі. Осыдан бір ғасыр бұрын құсбегілік өнерді алғаш зерттеген ұлы академик Әлкей Марғұлан: «Бұл — ұлы мәдениетіміздің зерттелмей тұрған ұлы тарауларының бірі»,-деген болатын. Осы Әлекеңнің «әттеген-ай» деп кеткен тарауының бір тармағына хал-қадірімізше қалам тербеп көрейік.

Құсбегілік өнерді «Есте жоқ ескі заманнан» дейтініміз оның 3 мың жылдық тарихы бар екендігі. Бұл ел аузындағы аңыз бен белгілі зерттеушілеріміздің айтуы бойынша. Ендеше осы аңыз әпсаналарды естіп отырып, мынадай ой түйесіз: қондыгерлердің (сақтардың)  ат үстінде арқар соғып, тағыны жетіп қайырған тазысы мен көк тәңірінің кереге қанат бүркітімен абадан арлан, алқызыл түлкі аулап жүргені сөзсіз көз алдымызға елестейді. Бұл дегеніңіз, аспандағы тәңір тағысын қолға үйрете бастады дегеніміз емес, тіптен, одан да ертеректе дәуірлеген өнер болуы мүмкін. Себебі, көшпенділердің «атакәсібінен» кейінгі өнер – аңшылық өнер.

Қытайлар қорқатын қоң (ғұн) немесе хұнну осы ғұндардың тәңірқұты Қыран Баба қытайлардың көне астанасы болған Чан-Ань қаласын басып алған тәңірқұты немесе  Қыран Диң тәңірқұты. Ғұн патшаларына берілген титулдағы жалғанған қандай қыран бұл? Ол қыранғылықтың белгісі, сыртқа айбар «көк тәңірінің киелі құсы», (көне түрік аңыздары бойынша) айдаһардың да түгін жығатын пысы (метафизикалық ерлігі). Бөрі емес, аң патшасы арыстан да емес «қыран» деп атауына үңілсек, бөрінің де  қабырғасын қаусататын қыран бүркіт. Иә, сондықтан да қағандарға берілген  титул. Осы орайда,  «құсбегілік» ғұн бабаларымыздың тұсында да ақсүйек өнері болғанын көреміз.

Көк түріктердің ұлы қағандары Елтеріс Құтылық қаған мен оның ұлы, қолбасшы (бас бұйрық) Күлтегіннің тәжісінде қыран бүркіт (самурық деп те айтылады) бейнеленген. Бұл орхон өзені, Өтүкен жынысындағы археологиялық жұмыстың нәтижесінде – мүсін тастардан белгілі болған.  Түрік империясын гүлдендірген Құтылық қағанның інісі Қапаған қағанның   (Бөгу-чор) құс көтеріп аң аулау сүйікті ісі болған. Бекзадалардың бекзада өнері болғанының тағы бір айғағы. Жазушы ғалым, Тұрсынхан Зәкенұлы «Мәңгітас» атты тарихи еңбегінде көркем суреттеген. (Алматы 2012. «Мәңгітас» 469 бет). «Қапаған қаған жанына Күлтегін мен ағасы Бөрі Оғыланды ертіп Өтүкеннің кең төскейін сауырлап, артынан қосшыларын ертіп, саят құрып шыққан еді… Бұл далада баспаған жері, бармаған елі қалмаған Қапаған үшін өз өлкесінде, ұйық мекенінде ит жүгіртіп, құс салып, ұзақты күн ат үстінде саят құрғаннан артық қуаныш жоқ-ты», — дейді.

Байырғы түрік бітіктерінен Бүркітчин деген жердің атауын кездестірдік. Ол қазіргі қытайдың Алтай аймағындағы Буыршын өзені. Заман өте Буршын болып өзгерген. Осы Бүркітчин деген сөзді талдап көрсек, Бүркіт  – түбірі, -чин  – жалғауы; -чин жалғауы -ші, -шы болып оқылады. Сонда бұл сөз «Бүркіт+ші» болады. Демек, Алтай өңірі ежелден құсбегі, бүркітші аңшылардың мекені болғанына дәлел. Көк Түріктер анасына балаған алып кіндік Алтай территориясы жалпы аң аулап салбурырын салудың нағыз сахнасы. Қадым заманынан қалған Үйсін аңызында Елжауби жетім қалып, көк бөріні емеді. Көк бөріге аспаннан қыран құс жем әкеліп асырап тұрған деседі. Бұл жерде,  бөрі – аналық болса, бүркіт – аталық рөлді атқарып тұр. Жоғардағы Бүркітчин сөзі екі түбірден тұрған болуы да әбден мүкін. Өйткені, Бүркіт – түбірі. Чин – шене, яғни бөрі атауы  немесе байырғы түріктердің аталық әулеті ашинамен байланысты. Бүркіт, бөрі деген екі түбір кірігіп жердің атауына айналуы мүмкін. Қалай алсақ та, кұсбегілік өнердің тарихи айшықтарының айқын дәлелі бола алады.

Құсбегілік өнердің тарихындағы байырғы түріктерде мықты дамуының тағы бір бұлтартпас дәлелі «Диуани луғат ат-түрік» атты еңбектегі Махмұт Қашқаридың мына бір өлеңін айтсақ болады. Онда былай делінген:

«…Құлан киік аулатып,

тамаша қылып қуансам.

Асауды мініп тулатып,

…итке (тазыға) киік қайыртып,

ұстап соны бір тынысам,

аңға барып құс салсам», -деген толғауынан аңғаруға болады.

Ертеректе салынып,  Қытай елінде сақталған суреттердің бірінде төрт атты тері биялай киіп, бүркіт көтеріп тұрған адамдар бейнеленген. 756px-MongolHuntersSong(«Қыран бүркітті қытайдың цинь династиясында (960-1279) аңға қолданатын»). Суретте адамдар: қусырма шапанды, айдарлы немесе тұлымды келген.  Бұл шамамен ҮІІІ-XIII ғасырларға тән, салбурын салған түрік тайпалары деген тұжырым жасадық (Таң, Цинь патшалығының аңшылары табығаштанған түріктер екені тарихтан белгілі). Бұл жорамалымызды салбуырын салып жүрген аңшылардың киім киісіне қарап, ой сабақтап отырмыз. Өйткені, бұл портрет түрік тайпаларына ұқсайды. Бұған дәлел, жазушы Мұхтар Мағауинның «Аласапыран»  атты кітабында: қыпшақтар, керейлер,  наймандардың тұлым қоюы тайпалық белгісі екендігін анық айтып өткен. Тарихта Жошы ханың үш жүз бүркітшісі болған, және онымен салбурын құрған. Абылайдың екі жүз нөкерімен аңға шыққандығы… қарап отырсақ құс салып, ит жүгірту – тәж киіп, тақта отырған қағандар мен би-шоралар қастерлеген бекзада өнер екендігі бесенеден белгілі болды.

ХҮІІІ ғасырда атақты Жалайыр Шора қыран құстарды  үйірімен, яғни, саршасы мен ұябасарын үлкен қапас ішіне бос жіберіп қолға үйреткен. Қазақ саятшыларының тарихында ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда башқар аңшылары бірінші топқа кіретін Оралдың ақ иығы мен күнбатыс Сібір суығына тоңбайтын шудалы қырандарды  Орал тауынынан көп ұстап, Орынбор, Уфа, Троицк қалаларында болатын жәрмеңкеде қазақ саятшыларына ең қымбат бағамен сататын болған. Совет үкіметі аспанда ұшқан құс екеш құс пен аңғардағы аңға да шүйлікті. Тарихтағы қазақ даласындағы құланның қырылуына ұқсайтын, бағалы аңдарды арылтуға әкеп соқты. Оның көрінісі: ХХ ғасырдан бұрынғы аң аулау әдісі бүтіндей басқа болды. Ол үстем таптың құмарта қолданған әдісі «қамарға» (қамау) деп аталған. Оның мәнісі: аңы көп бір аудан жерді қалың қол тізбегімен айнала қоршап алып, оның ішіндегі аңды сыртқа жібермей, ортаға қарай тықсырып соғатын болған. Бұл әдісті  академик Әлкей Марғұлан «өрескел» деп бағалады. Академик Фальктың  байқауынша «Қазақ шаруалары» ауланған аң етін жеп, терісін сатып  пайдаға асырған. Аңшылық оларға бірталай табыс келтіріп кәсіп түріне айналды», -деді. Қазақ аңшылық кәсіп туралы Паллас, Георги, акад. Фальк, Рынков, акад. Шреник жазды. Бұл ғалымдардың бір қиыс кететін жері қазақ құсбегілік өнерін «қара шаруадағы» қарапайым халықтың ғана қолданған кәсіп түрі деп, мешел түсінді. Құсбегілік өнері қазақтардың бекзада өнері  екендігін білсе де бүкпелеп келді. Көшпенділердің рухани-мәдениетін түсінбеген, басқа жұрттың қөзқарасы немесе кеңестік идеологиясының кесірі. (Жалғасы бар)

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*