Көкшедегі чемпионат

DSC_9884Көрікті Көкшенің баурайында Қазақстан Тәуелсіздігінің 22-жылы қарсаңында «Қансонар-2013» Республикалық бүркітшілер фестивалі өз мәресіне жетті.
Бабадан қалған бағзы өнердің туын жықпай, тұғырын бекемдеп жүрген құсбегілеріміз 80 көлдің аясын саңқылдаған қыран дауысымен тербеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп сайыстың тартымдылығы мен қызығын арттырған 21 құсбегі ересектер арасында және жастар арасында өз құстарының алғырлығын сыңға салды.
ҚР Спорт және денешынықтыру істері агенттігі мен Көкшетау қалалық спорт басқармасы бірлесіп өткізген бұл Бүркітшілердің VIII Республикалық чемпионаты Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы бекіткен ережеге сай өткізілді. Жарыс барысында елімізге танымал атақты құсбегі Несіп Батырхановты еске алуға арналған арнайы турнир болып, саңылақ саятшы атында сыйлық берілді.
Қырандар сынында ересектер арасынан суырылып бірінші-екінші орындарды Астаналық әкелі-балалы Арманбек Күнтуған мен Күнтуған Тоқтыбай иеленсе, үшінші орынды Қарағанды облысынан келген Серік Әбдіразақов қанжығасына байланды.
Ал құсбегілік өнердің болашағы саналатын жастар арасындағы сайыста Ақмола облысының жас құсбегі Олжас Бекхожин бірінші орын алса, Қарағандылық Асан Әбдіразақ екінші, Ақмола облысының жас қыраны Шыңғыс Уәлиханов үшінші орынды иеленді.
Сонымен қатар, Несіп Батырханов атындағы арнайы сыйлықты Серікбек Күнтуғанға ардагер құсбегінің ұрпақтары табыс етті.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*