Қазақ күресінен әлемдік дода Минск төрінде өтті

Белоруссияның астанасы Минск шаһары 21-22 желтоқсан күндері қазақ күресінен кезекті әлем біріншілігін қабылдады. Беларусь елінің бас қаласында өткен бәсекеге әлемнің 30 мемлекетінен спортшылар қатысты. Бүгінде бай тарихымен мақтанатын батыр қаладағы «Стайки» спорттық базасына 29 елдің балуандары табан тіреп үлгерді.

27(1)Қазақ күресінен өтетін дүниежүзілік доданың финалдық сыны А.Медведь атындағы күрес сарайында өтті. Жеңіс Биткөзов жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы әлемдік бәсекеге тас-түйін дайындықпен келгені бірден байқалады. Жақында Тараз төріндегі «Eurasia Barysy» турнирінде топ жарған жігіттер енді әлемдік бәсекеден олжалы қайтуды көздеп отыр.
Минск кілемінде ел намысы үшін күрескен ұлттық құрама мүшелерін таныстыра кетер болсақ:
Ең жеңіл салмақта жас әрі талантты спортшы Абзал Арыстанбековке артысенім арттық. 70 келіде қазақ күресінен талай биікті бағындырған тәжірибелі Ерлан Естек, 80 келіде ел чемпионы Ерсін Мұхамеджанов боз кілемді қамырша иледі. Әлем кубогінің иегері әрі Азия чемпионы, қазақ күресінен түрлі халықаралық турнирлердің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов 90 келіде белдессе, төл күресімізден әлемді екі рет мойындатып, Азия чемпионатында қамшы салдырмаған 2013 жылғы «Қазақстан Барысы» Айбек Нұғымаров аса ауыр салмақта өнер көрсетті. Ал жақында ғана Еуразияның ерені болған Бейбіт Ыстыбаев бұл бәсекені жанкүйер ретінде тамашалады.
21 желтоқсан күні «Стайки» спорттық базасында салмақ өлшеу рәсімі және іріктеу белдесулері өтіп, 22 желтоқсан күні А. Медведь атындағы күрес сарайында қазақ күресінен әлемнің жаңа чемпиондары анықталды. Жарыстың бас төрешісі – Бақыт Жаңбырбаев.
Екі күндік егесте Егемен елдің егей ұлдары ерледі. Республика құрамасы барлық салмақ дәрежесі бойынша бас жүлдені қанжығаларына байлап қайтты.
Ұйымдастырушылар әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қомақты қаржылай сыйлық, диплом және медальдармен марапаттады.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.