Алдағы міндеттер айқындалды

Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының 2013 жылғы 26 желтоқсан күні «2013 жылы атқарылған жұмыстар және алдағы жылдағы міндеттер» тақырыбымен өткен Кеңестің ҚАУЛЫСЫ:

Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығы (бұдан ары Қауымдастық) 2004 жылы құрылған уақытынан бергі кезеңде Ұлттық спортты дамыту бағытында көптеген іс-шаралар атқарды. Республикамызда 10 Ұлттық спорт мектебін, 2 ұлттық көкпар клубын, ұлттық спорт түрлерінен қоғамдық бірлестіктер ашуға ықпал етіп, олардың жұмыстарын үйлестіріп бір мақсатқа жұмылдырып келді. Ұлттық спорт түрлері республика деңгейіне көтеріліп барлық өңірлерге таралды.Үстіміздегі жылдың сәуір айында Тараз қаласында, қыркүйек айында Астана қаласында оннан астам елдер қатысқан Ұлттық спорт түрлері «Көкпар» мен «Саятшылықты», түркі тілдес халықтардың дәстүрлі ортақ спорт түрлерін дамыту туралы халықаралық семинар кеңестер өткізілді. Сондай-ақ, «Көкпардан І ашық Азия чемпионаты», «Құсбегілердің І Халықаралық фестивалі», Қазақ күресінен Еуразия, Әлем чемпионаттары, Тоғызқұмалақтан Азия чемпионаттары өткізілді.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «2050 стратегиясы қалыптасқан ел» Бағадралмасындағы міндеттерді жүзеге асыру мен «ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің» елімізде өтуіне байланысты мемлекетіміздің алдына жаңа міндеттер қойылды. Осы тарихи маңызды шараларды жүзеге асыруда ҚР ҰСТҚ алдына ауқымды міндеттер белгілеп отыр. Атап айтқанда: «Қазақстан-2050» Бағдарламасын жүзеге асыру, «ЭКСПО -2017 халықаралық көрмесін» жоғары деңгейде өткізу үшін Ұлттық спортымызды жаңа сапалық деңгейге көтеру басты мақсат.

 Осыны ескере отырып, жиналысқа қатысушылар баяндамашы мен қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін талқылай келе

 ҚАУЛЫ ЕТТІ: 

  1. Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығы 2014 жылы Ұлттық спорт түрлерін уақыт талабына сай жаңа сапалық деңгейге көтеруге баса назар аударып, әлемдік деңгейде өткізілетін шараларды көбейтсін.
  2. Ұлттық спортты дамытудың Тұжырымдамасы (Концепциясы) Елбасымыздың «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкестендіріліп қайта жасалсын.
  3. «Ұлттық спортты дамытудың 2017 жылға дейінгі Мемлекеттік Бағдарламасын» жасап, Үкіметке ұсынып, бекіттіруді жүзеге асырсын және Мемлекеттік Бағдарламада мыналар қамтылсын:

3.1.         Қауымдастық пен мемлекеттік және өзін-өзі басқару ұйымдары арасындағы байланысты нығайтып, екі жаққа да тиімді жүйеге келтіру, ұлттық спорт түрлері бірлестіктерінің филиалдарын барлық қалаларға, аудандар мен ауылдарға дейін жеткізіп, оларға жетекшілік жасап, үйлестіріп отыруға мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарының қызметкерлерін тарту, ұлттық спорт түрлерін бұқара халықтың жаппай айналысатын спорт түріне айналдыру;

3.2.         Ұлттық спортты дамытуға ықылас білдірген жеке адамдар мен ұжымдарға әріптестік қатынас орнатып қолдау көрсету;

3.3.         Көкпаршыларды жаттықтырып, дайындауға арналған ғылыми әдістемелік оқу құралдарын шығару, ұлттық спортқа қажетті инфра-құрылымдарды нығайту, спортқа қажетті инвентарьларды өзімізде шығару;

3.4.         Төрешілердің білімі мен біліктілігін жетілдіруге айрықша назар аудару;

3.5.         Жамбы ату ойынын шет елден мамандар алдырып спортшыларды үйрету, еліміздің барлық аймақтарына таратып, аймақтық және республикалық чемпионаттар өткізуге ықпал ету;

3.6.         Барлық облыстарда көкпар клубтарын құруға, заман талабына сай көкпар алаңдарын салдыруға ықпал ету;

3.7.         Ұлттық спортты БАҚ-тың барлық түрлері арқылы насихаттау, Ұлттық спортқа арналған журнал, энциклопедия және әдеби-танымдық материал шығару;

3.8.         Ұлттық спорт түрлері туралы ғылыми-танымдық деректі және көркемсуретті фильмдер шығару, ұлттық спорт түрлерін мектеп бағдарламасына кіргізуге ықпал ету;

3.9.         Қауымдастықтың сайтын заман талабына сай жетілдіріп дамытуға баса назар аударылсын;

3.10.    Елімізде өркендеп келе жатқан тәжірибелерді пайдалана отырып, спорттық жылқылардың жергілікті жерге бейімделген жаңа тұқымын шығару және қолда бар тұқымдарды жетілдіруге ықпал ету;

4. Ұлттық спортты дамыту орталығын ашу жолдары қарастырылсын.

5. «Құсбегілікті» дамыту үшін құстарды өсіретін (бүркіт, қаршыға, ителгі) арнайы орталық салуға ықпал етілсін.

6.Ұлттық ат жарыстарының түрлері бойынша бәйге аттар шауып өтетін мәре мен сөре арлығы (дистанция) ежелгі ұлттық ат жарыстарының ерекшелігі мен тәжірибесін бүгінгі уақыт талабын ескере отырып, төмендегідей болып бекітілсін:

А) Жергілікті қазақы тұқымды аттар үшін

— аламан бәйге — 35 шақырымнан жоғары

— бәйге (орта қашықтыққа) — 25 шақырым

— құнан жарысы мен жорға — 9 шақырым

— тай жарыс — 5 шақырым

Б) Асыл тұқымды ұшқыр аттар үшін:

— аламан бәйге — 17 шақырым

— бәйге (орта қашықтыққа) — 12 шақырым

— ұшқыр аттар жарысы — 5 шақырымға дейін.

7. 2014 жылы «Ұлттық спорттың өткені, бүгіні және болашағы» тақырыбында ғылыми-теориялық конференция өткізілсін.

8.Осы қаулыны жүзеге асыру ҚР ҰСТҚ төралқасына тапсырылсын.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*