Шетелдіктер бізді ұлттық спортымыз арқылы тануы тиіс

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының кезектен тыс отырысында биылғы жылдың қорытындысы шығарылып, келесі жылдың күнтізбелік жоспары жасалды.
Басқосу барысында «Нұр Отан» партиясының хатшысы, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Қайрат Сатыбалдыұлы баяндама жасады. Ол Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің дерегіне сүйене отырып, қазіргі таңда еліміздің 250952 азаматы ұлттық спортпен айналысып жатқанын жеткізді.
«ЭКСПО – 2017» халықаралық көр­месіне келетін шетелдіктер біздің ұлттық ерекшелігімізге, дәстүрімізге, спор­тымызға айрықша назар аударатындығы белгілі. Осыны ескере отырып, біз жал­пыұлттық жобаға өз үлесімізді қосуымыз керек. Шетелдіктер бізді саясат, эко­номика арқылы ғана емес, ұлттық спортымыз арқылы да тануы тиіс» деді Қ.Сатыбалдыұлы.
Оның пікірінше, ұлттық спорт түр­лері қауымдастығының қазіргі тұжы­рымдамасын заман талабына жауап бере алатын дәрежеге жеткізген жөн. Сонымен қатар биыл қолға алынғаны­мен тиянағын таппай қалған ұлттық спортты дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасын біржақты қылып, Үкіметке ұсыну керек. Бұл бағдарлама көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық спорт түрлерін дамытуы тиіс.
– Ұлттық спорт түрлері қауым­дас­ты­­ғының алда тұрған басты міндеттері­нің бірі – ұлттық спортты Қазақстанның барлық аймақтарына таратып, оған бұқаралық сипат беру. Халықаралық спорт қозғалысымен, спорт қауымдас­тықтарымен, жергілікті билік өкіл­дерімен бірігіп, бір жүйемен, бір мақ­сатпен жұмыс істеуге қол жеткізу.
Біз ұлттық спорт түрлері бойынша оқу-әдістемелік құрал шығаруға, оны халыққа таратуға, ұлттық спорт түр­лерінің насихатын арттыру үшін БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынас ор­натуға, ұлттық спортқа қажетті дүниенің барлығын өзімізде өндіруге және ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген адамдарға қолдау көрсетуге мүдделі болуымыз керек, – деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы.
Осыдан соң Қ.Сатыбалдыұлы бұдан былай Бекболат Тілеуханды Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының пре­зиденті деп тануды ұсынып: «Бекболат – ұлтжанды азамат. Мен жігіттермен ақылдасып, өзім ұлттық спорт ойын­дарының, көкпардың құрметті прези­денті лауазымына ауысып, жұмыс бабын­дағы президенттікке Бекболатты ұсындым. Мені қолдауларыңызды сұ­рай­мын», – деді.
Кезегі келгенде сөз сөйлеген Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының жаңа басшысы Б.Тілеухан Қазақстан тарихында емес, әлем тарихында тұңғыш рет көк­пардан ашық Азия чемпионатының өтуі ұлттық спортымыздың шын мәнінде ұлықталып жатқанының көрсеткіші екенін айтты.
«Бұл істі біз ел болып, жұрт болып бір­ге атқардық. Бұл ұлттық спортқа жаны ашитын әрбір азаматтың үлесі мен төк­кен терінің нәтижесі деп біліңіздер. Астанада өткен көкпарды Америка­дағы «Нью-Йорк Таймс» газеті жазды. Халық­аралық жиындардың өзін таңдап, талғап жазатын АҚШ-тың басты басы­лымының Қазақстанда өткен көкпарды жазуы біз үшін үлкен жетістік деп ой­лаймыз» деді Б.Тілеухан. Сөз арасында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті биыл әлем орнитологтары Қазақстанда бас қосқан­дығын еске салып: «Бүркітшілер­дің фес­тиваліне Ресей, Қытай, Қыр­ғызстан, Моңғолия, Түрікменстан, Вен­грия, Чехия мемлекеттерінің өкілдері қатысты. Жарыста біздің жігіттер топ жарды» деді.
Бұдан кейін Б.Тілеухан көкпардың Бішкек қаласындағы штаб-пәтері Ас­танаға ауысатындығын баяндап былай деді: «Көкпар – бүкіл түркі дүниесіне ортақ дүние. Бір атадан 10 бала болып, «бұл ата менікі» деу – эгоизмнің шыңы. Көкпар тек қана қазаққа немесе қырғызға тән деп айту тарихқа қиянат. Бұл – қазақ дейтін, қырғыз дейтін атау пайда болмай тұрған­­да пайда болған спорт. Көкпарды патентт­еп алуға болмайды. Бірақ Қазақ­станның оған иелік етуге толық қақы бар. Неге десеңіз­дер, көкпардан жасөспірімдер чемпиона­тын ешкім ұйымдастырған жоқ. Қазақ­станнан басқа бірде-бір мемлекет көк­пардан жастар арасында чемпионат өт­кізген жоқ. Ересектерге түсінікті дүние.
Базбіреулер: «қазақтар қырғыздар­дан көкпарды тартып алыпты» дейтін көрі­не­ді. Бұл – ақылға сыймайтын сөз. Еш­кім еш­кімнен ештеңені тартып алып жатқан жоқ. Біз ата-бабамыздан қалған құн­дылықты дәріптеп жатырмыз».

http://munara.kz/18436/ Айқын

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*