Ұлттық спорт түрлеріне фотосаяхат

Қазақтың ұлттық спорт түрлеріне арналған фотоэкскурсияға көз жүгіртіп шығыңыз.

Теңге ілу — ұлттық ойын. Ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп, әр топтан екі жігіт атпен ағызып кеп,  сол қарқынмен жерде жатқан теңгені іліп алуы шарт. Теңгені кім бұрын алса, сол жеңіске жетеді. Бұл ойын жылдамдықққа, тез әрі дәл әрекет етуге үйретеді.

Бәйге — ұлттық спорттың бірі. Ат спортының бұл түрі түркі тектес басқа халықтарда да бар. Мысалы, өзбектер бәйгені  “пайга”,  ал қырғыздар “чабыш” деп атайды.

Кейбір деректер бойынша, 15 ғасырдың 70-жылдары Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын құрғанда, Шу өзенінің жағасында, Тұлпарсаз деген жерде бәйге ұйымдастырылған. Осы кезден бастап бәйге қазақ халқының алқалы жиындарының (тойлардың, астардың,  т.б.) ажырамас құрамдас бөлігіне айналған. (Уикипедиядан алынған ақпарат).

Тоғызқұмалақ. Ұлттық спортымыздың iшiндегi шоқтығы биiк спорт түрлерінің бірі. Бұл – әлемдiк мәдениеттiң озық үлгiлерiмен иық теңестiре алатын, түркiтектес халықтардың рухани, логикалық ойлау өнерi. 

Тоғызқұмалақ ойыны әлемнің бірнеше елінде бар.  Мысалы, Африкада бұл ойынның 90 түрі кездеседі. Марокко елінде тоғызқұмалақ «сиг»,  Ганада «варри» деп аталады.АлЛибериядағы атауы «поо» болса, Сенегал елінде «капо кунго».

Тоғызқұмалақ ойыныныңең қызықтысы Зимбабведе сияқты. Олар бір ойнағанда он адам бір-ақ ойнайды. Бізде 18 отаудан тұратын тоғызқұмалақ тақтасы Зимбабведе 60 отаудан тұрады. Бұл ойынның ол жақтағы атауы «Исафу».  

Археолог ғалымдардың пайымдауынша, тоғызқұмалақ ойыны 4 мың жыл бұрын пайда болған. Өткен ғасырда кең тараған, көпшілік сүйіп ойнайтын ойындардың бірі болды. Жасөспірім ұрпақтың ақыл-ойының дамуына да зор мән берген бабаларымыз осы ойынды ойлап тауып, зияткерлік даму құралы ретінде қолданған.

Асық ойнауқазақ халқының ұлттық ойындарының бірі.  Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйесін шыңдап, дәлдікке, ұстамдылыққа  және байсалдылыққа тәрбиелейді. 

Әсіресе қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі. 

Аударыспақ — спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың  түрі. Басты мақсат- қарсыласты аттан түсіру керек.  Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатыса алады. Ал дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын ойын. Сондықтан, қазіргі тәртіп бойынша сайысқа 18 жасқа толғандар ғана қатыстырылады. Сайысқа қатысушылар үш салмақтық категорияға бөлінеді.

Аударыспаққа салмақтық категорияны енгізудің мақсаты — қатысушыларға неғұрлым тең жағдай туғызу. Категорияға бөлу кейінгі кезде қалыптасты. Ертеде кез-келген тілек білдіруші өз еркімен қатыса беретін. (Ақпарат уикипедия сайтынан алынған)

Көкпар — ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Ойынның атауы “көк бөрте” (лақ) сөзінен шыққан.

Дәстүрлі қазақ қоғамында Көкпарға жасқа толған, салмағы орта есеппен алғанда  20-30 келі тартатынсеркенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі оңай жыртылмайды, басқа малдың терісіне қарағанда мығым келеді.

Көкпар – Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Ол қырғызөзбек тілінде “Улак тартыш”, тәжік тілінде “бузкаши” деп аталады. Көкпар тарту сияқты ұлттық ат спорты ойындары басқа да Шығыс елдерінде де бар. Ауғанстанда кең тараған «бузавиш» ойыны Көкпарға өте ұқсас. Сондай-ақ, Аргентина халқының да Көкпарға ұқсас ат спорты ойыны болған. (Ақпарат уикипедия сайтынан алынған).

Қыз қуу — қазақ халқының өте көне ойындарының бірі. Ертеде «Қыз қашар», «Қыз қуалар» деп аталғаны болмаса, біздің заманымызға дейін  ешбір өзгеріссіз жеткен спорттың бірі.

Сол заманғы тәртіп бойынша жарыс жігіт пен оның қалыңдығы арасында өткізілген. Егер жігіт жарыста жеңілсе, ол өзіне қойылатын талапты ақтай алмағаны үшін қызбен некелесу құқынан айрылған.

Жарысқа екі рудан қыз бен жігіт түскен. Егер жігіт жеңілсе  оған салынатын айыппен қоса, өз руында еті тірі жігіт пен жүйрік атының жоқтығы үлкен кемістік саналған. Егер қыз жеңілсе, оның жағының келісімі бойынша, ешқандай қалыңсыз-ақ  жеңген жігітке тұрмысқа шығатын болған.

Бүркітшілік – бүркітті баулып, онымен аң аулау кәсібі, саятшылықтың бір түрі. Бұл кәсіппен ертеде көшпелі түркі тектес халықтар шұғылданған. Тарихи деректер бойынша Жошы ханның 3 мың бүркітшісі болған.

Бүркітті екі түрлі жолмен ұстайды: біріншісі – балапанын ұядан алып, қолдан баулу. Ондай бүркітті «қолбала» дейді. Екіншісі – бүркітті тағы күйінде ұстап үйрету. Бұлар – «тірнек», «тастүлек», «мұзбалақ» сынды түз құстары.

Бүркіт балапанын жем беру арқылы баулиды. Ұшуға жараған кезде етке қант бүркіп, қоян, түлкі, қарсақ сияқты аңдардың терісіне орап, шыжым жіппен сүйретіп жүріп жегізеді, мұны «шырға тарту» дейді.

Бүркіт біршама қоңды, жемге шабытты, сергек күйде болуы тиіс. Сондықтан әр бүркіттің тегіне, қырандығына, жасына қарай әр жағдайда берілетін жемдері болады. Мысалы, «қан соқта», «жылы жұмсақ», «қызыл», «тоят» деп аталатын жемдер семірту мен түлекке отырғызғанда, құстың еті төмендеп кеткенде беріледі. Бүркітші саятшылыққа бірнеше кісімен шықса, оны салбурынға шығу дейді.

Саятшылық қазақтың табиғатына сай, жан дүниесімен қабысып жатқан өнер.

Соңғы жылдары Ұлттық спорт түрлеріне «Самұрық-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат Қоры демеушілік жасап келеді. Фотосессия сол компанияның тапсырысымен жасалған. Ұлттық спорт түрлері туралы қысқа ақпарат пен фотосаяхат осымен бітпейді. Алдағы уақытта ұлттық спортқа қатысты қызықты фотосуреттерді осы сайттан көре аласыздар.

Авторы:  Максим РОЖИН, «Ұлттық спорт түрлеріне фотоэкскурс».

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.