Көкпар

kokparКөкпар – қазақтың ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Бұл жарыста салт аттыларға оңай тимейді. Өйткені салмағы 30-40 кг немесе 50-60 кг болатын бассыз серкені (ешкі) спортшылар жерден көтерулері немесе қарсылас команда ойыншысынан тартып алып «мәре салым» қарсыласының қазандығына салулары керек.

Қарсылас команданың ойыншысынан серкені тартып алуға, басқа ойыншыға беруге рұқсат етіледі. Серкені қанжығаға байлап алуға, қарсылас командалардың аттарын аяғынан ұшырып түсіруге, оларды шықпыртуға, үркітуге, атты екі аяққа көтеруге тиым салынады.

Көкпар ойыны арнайы көкпар үшін жабдықталған ұзындығы 200 метр, ені 80 метр, қазандық арасы 120 метр, орталықтан бастап «мәре салым» қазандыққа дейін 60 метр алаңда бекітілген ережеге сәйкес өткізіледі. Ойын арнайы бекітілген көкпар ойынының ережесіне сай әрқайсысы 20 минуттық 2 кезеңде өткізіледі. Әр кезең аралығында 10 минуттік үзіліс болады. Ойында қарсыласының қазандығына ең көп салым салған команда жеңімпаз болып танылады.

Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт.