Алаштың алыбы — Қажымұқан

21Қажымұқан шынында да өте сирек кездесетін ірі тұлғалы палуан болыпты. Мәселен, Ә.Қоңыратбаевтың кітабында келтірілген деректерге жүгінсек, бозкілемге шығып жүргендегі оның бойы 195 сантиметр, салмағы 139 келі болған екен (1946 жылы қартайғанда ол 174 келі тартқан еді). Бойы 195 сантиметр болса, соның төбеден белге дейінгі бөлігі — 77, белінен аяғына дейін — 118 сантиметрді құрапты. Кеудесі — 146, кіндік тұсы — 173, мойнының жуандығы — 56, жуан қара санының аумағы — 71, сан жілігінің ұзындығы (жамбастан тізеге дейін) — 65, балтыр аумағы — 49, балтырының ұзындығы — 58, табаны — 35, аяқ киімі шамамен 54-і қалып (размер), шалбарының белдігі — 220, жауырынының жалпақтығы —  60, қолтық етінің қалыңдығы — 50, саусақ басынан білекке дейін — 25, ортан қол ұзындығы — 14, саусағының жуындығы — 10, ұзындығы — 24, мұрын ұзындығы — 10, құлақ айналасы — 10, үстіңгі ернінің ұзындығы — 10, асты да осындай, бас аумағы — 65 сантиметр болған екен.

Жоқшылықта өмір сүрген «бала палуан»

munaytpasov-1908g    Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой палуан — Қажымұқан Мұңайтпасов (әкесі азан шақырып қойған аты — Мұқан) 1871 жылы 7 сәуірде Ақмола уезі, Сарытерек болысына қарасты Жәдік деген жерде дүниеге келеді. Кейбір деректерде оның 1883 жылы туғандығы айтылады. Қажымұқанның әкесі кедей шаруа болғандықтан, оның балалық, жастық шағы жоқшылықта өтіп, ол бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпай жатып Маслеников сынды орыс байлары мен ауқатты адамдарға жалданып, отбасын асырап-сақтайды. Бірте-бірте ауыл арасындағы той-томалақтарда күреске түсіп, “бала палуан” деген атаққа ие болады. Орасан қара күштің иесі, еркін және француз күрестері бойынша әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы теңдессіз өнерімен жер шарының көптеген түкпірін аралап, 28 мемлекетте бозкілем үстінде белдесіп, 56 медаль олжалаған Қажекеңдей мықты палуан XX ғасырдың басында күллі түркі халықтарының ішінде жалғыз қазақта болғанын мақтанышпен айтуға тиіспіз. (Рас, Түркияның Қара Мұстафа деген мықты палуаны болған. Бірақ ол жасырақ кезінде мерт болып кеткен). Басқаны қойғанда, сол кездері дүниежүзі мамандарын мойындатқан Ресей палуандарының ішінде де Қажымұқаннан күші жағынан асып түскен ешкім болмағаны тарихи шындық. Әлем чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц тәрізді айдарынан жел ескен жампоздармен қатар жүріп, бозкілем үстіндегі жан алып, жан беріскен белдесулерде қарсыластарын шетінен жығып, бәйге алу нағыз ерлік саналса, Қажымұқан — соның бәріне қол жеткізген саңлақ палуан. Палуанның мойыны 56 см, әр саусағы 10 см…

1360200727-975

Әспенсіген Саракикиді жер жастандырған

Қажымұқанның әлемдік деңгейдегі палуан болып қалыптасуына Санкт-Петербургтағы Иван Владимирович Лебедевтің күрес мектебі айтарлықтай үлес қосты. Бұл мектепке оны 1904 жылы Қызылжар базарында Мұқанмен күресіп, оны жыға алмаған атақты орыс палуаны Злобин жіберген-ді. Ол осы Лебедевке арнайы хат жазып, оның Мұқанды өз мектебіне қабылдауын өтініп сұраған еді. Мектеп табалдырығын осылайша аттаған қыр бозбаласы білікті маманнан дәріс алып, шеберлігін шыңдағаннан кейін әлемдік деңгейде алғаш рет 1906 жылы көрінді. Осы жылы Германияда өткен дүниежүзілік сайыста қазақ палуаны өңіріне әлем чемпионының алтын медалін қадады. Бірақ ол кездері орыс әкімшілігіне бұратана халықтардың атын шығарған палуандар ұнамайтындықтан, Қажымұқан бозкілем үстіне неше түрлі лақап атпен шығуға мәжбүр болды. Патшалық Ресейдің саясатына сәйкес, байрақты бәсекелер өтетін қалалардың көшелеріне бізде орыстар ғана емес, жапондар да өнер күреседі деген жарнамалар ілініп, Қажымұқанға “Ямагата Муханури”, Мухан, “Қара Мұстафа” т.б. лақап аттар берілді. Амал жоқ, Мұқанға жарысты ұйымдастырушылардың айтқанына көніп, айдағанына жүруге тура келді. Мұқан 1910 жылы тұңғыш рет Оңтүстік Америка құрлығына аяқ басты. Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында еркін күрестен өткен әлем біріншілігінде топ жарған ол Америка чемпионы атанды. 1911 жылы Мұқан Ыстамбұлға барды. Ол кездері әлемде түрік палуандарынан мықтылар жоқ деген ұғымның қалыптасқандығы сондай, ол жаққа басқаны былай қойғанда, орыс палуандарының өздері аяқ баспайтын. Бұған іштей намыстанған Мұқан түркі халқының өкілі ретінде Ыстамбұлда өтетін додалы жарысқа қайтсе де қатысуға бел буады. 1912 жылы король Сегизмундтың белдігін жеңіп алды. Шәкір пашаның ұсынысымен Меккеге барып “қажы” атанып келгеннен бастап, оның есімінің алдына қажы сөзі қосылып, палуан жарыстарға Қажымұқан деген атпен қатысты. Ол поляк татарының қызы Надеждаға үйленіп, оны Омбыдағы мешітке апарып мұсылман дініне енгізіп, есімін Бәтима (Фатима) деп өзгерткізді. 1915 жылы Қажымұқан Харбин қаласында жапон палуаны Саракики Джиндофумен каратэ күресі бойынша күш сынасты. Ол өзінің бір құлағының жартысын жұлып әкетіп, ернін жырған Саракикиді кілем үстінде жұлынын үзіп, таза жеңіске жетті. Ауруханада 6 ай жатып адам болмаған Саракикидің денесі Харбиндегі зиратқа жерленді.

Қудалау сағын сындыра алмаған арыстан

0790Патша үкіметі құлағаннан кейін палуанның отбасы 1920 жылдардағы азамат соғысы мен 1931-1932 жылдардағы аштықтың салдарынан бірқатар уақыт бойы сергелдең күйге тап болып, күйзеліске ұшырады. 1937 жылы ІІХҚ қызметкерлері Қажымұқанның ізіне шам алып түсіп, оған: “Бұл — ақ патшаның адамы, оның қолынан медаль, сый-сияпат алған, соның сыбайласы”, — деген жалған жала жауып, айыптаумен қудалауға ұшыратты. Сол себептен Қажымұқан отбасын тастап, Түркістан мен Өзбекстанға барып бас сауғалады. Палуанның өмірінің соңғы кездері осы Түркістан өңірінде өтті. Екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысы басталған кезде палуан ҚКСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Қазақбаевқа жолығып, оған: “Ел аралап, цирк өнерін көрсетсем, сөйтіп, тапқан ақшаммен майданға көмек көрсетсем”,— деген ұсыныс жасады. Ол ұсынысқа Үкімет қолдау көрсеткеннен кейін Қажымұқан екі жыл бойы ел-елді аралап цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай қаражат тапты. Бұл сол кез үшін аз ақша емес-тін. Осы қаражатты Сталиннің атына жолдаған хатымен бірге Мәскеуге жіберіп, әлгі қаражатқа жасалған әскери ұшақпен қазақстандық ұшқыш Қажытай Шалабаев неміс фашистеріне қарсы шайқастарда жауға әуеден соққы берді. Тек жау оғы құйрығын жұлып кеткен ол ұшақ әлі күнге дейін соғыс ескерткіші ретінде сақталып келеді. Өмірінің 55 жылын күреспен және циркте өнер көрсетумен өткерген, төрткүл әлем бозкілемдерінде өткізген белдесулерде 56 медальды жеңіп алған Қажекең — жеңіс тұғырынан түспеген дара тұлға ғана емес, қазақтың нағыз қас батыры деп атауға тұрарлық бірегей жан.

Poddubniy

Қарақыпшақ Қобыландының ұрпағы

Күресімен қазақ халқының атын жер жаһанға паш еткен Қажымұқан атамыз Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, Ленин туы колхозында 1948 жылы ауырып-сырқамай, кенеттен қайтыс болды. Дәл осы ауылда атақты палуанға арналған мұражай жұмыс істеп тұр. Одан тараған ұрпақ Түркістан мен Ақмола өңірлерінде күні бүгінге дейін ел қатарлы өніп-өсіп, өмір сүріп жатыр. Солардың бірі Жәнібек деген ұлы күні кешеге дейін Алматы қаласындағы Спорт және туризм Академиясында ауыр атлетика кафедрасында жұмыс істеп, бертінде ғана көз жұмды. Қажымұқанның арғы атасы — Тоқтарбай, одан Қобыланды, Қобыландыдан Терлікбай. Терлікбайдан Ойбас, Ойбастан Ұзын, Ұзыннан Алтыбас, Алтыбастан Қарыс, Қарыстан Жоламан, Жоламаннан Сонай, Сонайдан Шәді, Шәдіден Ернақы, Ернақыдан Мұңайтпас, Мұңайтпастан Қажымұқан тарайды. Мұңайтпастың інісі Тәшімнен Ескермес атты ұл туған. Ал Ескерместің жұбайы Мінәйімнен Есбол және Есалы атты екі ұл көреді. Есболдан (жұбайы Науат) Түймехан, Әсілхан, Мұратхан, Уәлихан, Қуанышбек тарайды. Ал Есалы жұбайы Ханшайымнан тоғыз бала көреді: олардың бесеуі — ұл, төртеуі — қыз. Рысхан, Қыздархан, Тәжіхан, Дүйсенкүл, Әділхан, Тәжікүл, Жұмахан, Өмірхан, Темірхан. Ескермес қайтыс болғаннан кейін, Мінәйімға Қажымұқан әмеңгерлік жолмен 1938 жылы қосылады. Негізінен Қажымұқан Мұңайтпасұлы бес рет үйленген деседі. Қажымұқанның алғашқы жұбайының есімі — Бәтима (Надежда Николаевна Чепковская). Өз белінен тараған алғашқы ұрпағы — Халиолла. Халиолла Мұқанұлы Ұлы Отан соғысының алдындағы жылдары Шәпен деген қызға үйленеді. Халиолладан бес бала тарайды. Оның үшеуі — ұл, екеуі — қыз. Бірінші ұлы Шабдардан сегіз бала тараған. Екінші баласы Жанайдардан он бала өрбіген. Үшінші ұлы — Әлке. Қыздары — Фариза және Роза. Бәтимадан соң Қажекең екінші рет Омбы жерінде Ырысты атты әйелге үйленді. Бұл әйелінен үш ұл, үш қыз көреді. Қыздарының аты — София, Рәшида Әзия. Бұл үшеуі Омбыда Халиолланың қолында тұрған. Ал ұлдары — Тұрлыбек, Бақтыбек, Құлымбет. Кенже ұлы Құлымбет те солардың қолында тұрған. Оның алдындағы екі ұлы дүниеден ерте қайтқан көрінеді. София 1924 жылы, Әзия 1930 жылы, Рашида 1933 жылы, ал Құлымбет 1938 жылы туылған. Ортаншы қызы Әзиядан Қажекең өмірінің соңына дейін хат-хабар алып тұрыпты. 1938 жылы Қажымұқанның екінші әйелі Ырысты қайтыс болып, Қажекең үшінші рет Мінәйіммен 1938 жылы әмеңгерлік жолмен қосылады. 1939 жылы балалары Айдархан өмірге келеді. Өзге балаларынан гөрі Қажекеңнің әкелік тәрбиесін көп көрген осы Айдархан болған. Айдарханнан Сәуле, Ысалы, Нұрлан, Перизат, Ләззат, Арман, Шаттық тарайды. Қажымұқанның ешкімге толық мәлім емес төртінші әйелінің ұлты татар болса керек. Есімі белгісіз. Онымен Ресейде жүргенде үйленіпті. Одан жалғыз бір ұл бала туған, есімі — Мұхтар. Әйелі өмірден ерте өткен сынды, өйткені Қажекеңнің туыстарының ешқайсысымен араласа алмапты. Қажымұқанның соңғы рет отасқан жары — Бибіжан Бүркітқызы. Бибіжан Қажекеңмен 1946 жылы көңіл жарастырған. Ол кезде палуан 75 жаста еді. Ал Бибіжан болса 32 жаста болатын. 1948 жылы Қажекеңнің кенже ұлы Жәнәбілдің сегіз айлық кезінде Қажекең қайтпас сапарға аттанады. Жәнәбілден екі ұл, екі қыз бар. Тұңғышы — Бақытжан, екіншісі — Еркебұлан, үшінші қызы — Жанар, төртіншісі — Айжан. Палуанның ісін жалғастырып, спорт саласында қызмет жасап, бала тәрбиелеп, қазақ спортына еңбегі енген кенже ұлы Жәнәбілді Оңтүстік Қазақстан облысының халқы түгел біледі. Атпал азамат соңғы жылдары дүниеден озды. Артында ұрпағы қалды. Батыр бабаның немересі Шаттық Айдарханұлы Қажымұханов бүгінгі күні облыс жұртшылығына таныс спортшы және бапкер. Спорт сайыстарының жүлдегері. Қазақ спортына еңбегін сіңіріп жүрген азамат. Халқының жүрегінен орын алған Қажымұқан мұрасы артқы ұрпаққа үлгі-өнеге көрсете бермек.

Авторы: Ермек САХАРИЕВ, «Алаштың алыбы«

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.