Бес салмақта – бес алтын!

Беларусь Республикасында қазақ күресінен төртінші әлем чемпионаты өтті.

Жаһандық жарысқа 29 елдің балуандары қатысты. Осы сында Қазақстан құрамасы барлық салмақта алтын жүлдені жеңіп алды. Атап айтқанда, 60 кило салмақта Абзал Арыстанбеков, 70 килода Ерлан Естек, 80 кило салмақта Ерсін Мұхамеджанов, 90 килода Мұхит Тұрсынов және аса ауыр салмақта Айбек Нұғымаров әлем чемпионы атанды. Сонымен бірге, осы бәсекеде біздің команданың екінші құрамы да жүлделі орындарға ие болды.

Соның ішінде болаша­ғы­нан зор үміт күттіретін балуан­дарымыздың бірі Алпамыс Төкиев (90 кг) күміс медальді иеленсе, Амангелді Саты­балдинов (60 кг), Ерасыл Сәкен­­ұлы (70 кг) мен Әділжан Ысты­­­­­баев (90 кг) қола жүлдені қанағат тұтты.

001-103

  Тағы айтатын нәрсе, осы бә­се­кеде Мақсат Мәзібаев деген та­лантты балуанымыз абсолютті салмақта өткен белдесуде моңғол алыбы Сұғаржарғыл Болдпуревті жеңді. Бұл балуанды жақында Тараз қаласында өткен «Еуразия барысы» халықаралық турнирінде Бейбіт Ыстыбаев та жеңген болатын. Енді, міне, оның жеңісін Мақсат Мәзібаев қайталап отыр. Жалпы, биылғы бәсекеге қатысқан балуандардың бәрі намысқа тырысып, жүлделі орындарға талас­ты. Мәселен, Әзербайжаннан қатыс­қан екі балуанның екеуі де қола жүлдеге ие болды. Олардан үшін­ші орынды Заур Багизов (90 килодан астам) пен Кәмшат Рзаев (80 кг) иеленді. Басқа елдерден де бір-екеуден балуандар кілемге шығып, күресті. Соның ішінде грузин Бесарион Беркулава (80 кг) күміс медальді алса, оның отанда­сы Лаша Гуинашвили (60 кг) қола жүлдені, грек Павнис Томас (70 кг), ауған Дапер Ниязи (90 кг) мен голландиялық Дэниел Сен Мьюуи (90 килодан астам) үшінші орын­ға көтерілді. Ал Беларусьтен жарыс­қа қатысқан төрт балуанның екеуі – Евгений Бедулин күміс, Алек­сандр Стещенко қола жүлде иеленді.

Бәсекеден Қырғызстан мен Арменияның балуандары да олжалы қайтты. Қырғызстан құра­ма­сында 60 кило салмақта күш сы­­­­насқан Санжар Османәлиев, Ар­мения сапында 70 килода Армен На­зарян екінші орынды иеленді. Осы сында біздің командаға бір-екі салмақтан басқа лайықты қарсылас болатын балуандар болған жоқ. Мәселен, аса ауыр салмақтағы Ай­бек Нұғымаров ақтық сынға дейінгі белдесулерін жеңіспен аяқтап, финалда белорус Евгений Бедулиннен айқын басым түсті.

Жарыста жеңіл салмақтағы­лар арасында өткен белдесулер қы­­зық­ты және тартысты өтті. Мы­са­лы, 60 килода Абзал Арыс­тан­бе­ков пен Амангелді Сатыбал­динов­тің жартылай финалдағы кездесулері ұзаққа созылып кетті. Бұл екеуі де еліміздің өз салмақтарындағы мықтылары болып саналады. Белдесудің негізгі уақытында жеңімпаз анықталмады. Абзал қарсыласын қосымша уақытта ғана таза жеңіп, финалға жолдама алды. Осы салмақта Қырғызстан атынан қатысқан Санжар Османәлиев те жаман күрескен жоқ. Ол финалға дейін қарсыластарын ұтып, алтын жүлде үшін кездесуде ғана Абзалдан жеңілуге мәжбүр болды.

Келесі, 70 кило салмақта өткен белдесулер өзінше қызықты өтті. Бұл сынға біздің елден Ерлан Естек қатысып, осымен екінші рет әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Бұл жолы да біздің балуанның қарсыластары оңай болған жоқ. Әсіресе, Ерланға іріктеу белдесуде үнді Шарма Шанжеев пен финалда армян Армен Назарян қатты қарсылық көрсетті. Дегенмен, Ерлан тәжірибесінің арқасында айласын асырып, екеуіне де еш мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, ол екі дүркін әлем чемпионы атанып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленді. Осы сында біздің балуандардың арасынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын 90 кило салмақтағы Мұхит Тұрсынов алды. Десек те, біз әлем чемпионы атағы біздің елге бұйырса да 90 кило салмақта қазақ күресінен біраз елдерде мықты балуандардың бар екенін көрдік. Мысалы, осы салмақтағы тағы бір балуанымыз Алпамыс Төкиев, белорус Александр Сте­щенко мен украин Андрей Куник өздерін жақсы жағынан көрсетті. Іріктеу белдесулерде ол осы екі шетелдің балуандарымен кездес­кен болатын. Осы белдесуде екеуі де біздің отандасымызға лайықты қарсылас болды.

Биылғы бәсекеде 80 кило сал­мақтағы балуандар арасында өткен сынға біздің елден үш балуан қатысты. Онда Ерсін Мұхамеджанов, Мақсат Мәзі­баев пен Әділжан Ыстыбаев күш сынасты. Осы жарыста атлет­тері­міз арасынан Мақсат пен Ерсін бір-бірімен жартылай финалда кездесті. Бұл кездесуде екеуі де әдіс-тәсілдер жасап, бір-біріне есе жібермеуге тырысты. Екеуі де кілемде бір-біріне нағыз қарсылас екендерін көрсетті. Сөй­тіп жүргенде, кездесудің соңғы минутында төрешілер Ерсіннің жасаған әдісін санап, соған жеңісті әперді. Ол финалда Бесарион Беру­лавамен кездесіп, ұпай саны­мен жеңді. Осыдан кейін абсолют­ті салмақтағы балуандар арасында өткен белдесуде 80 кило сал­мақтағы Мақсат Мәзібаев моңғол алыбы Сұғаржарғал Бол­д­пу­ревті жеңіп, Минск төрінде қазақ­тың мерейін тағы бір өсіріп тастады.

Жарыс соңында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкиев, еркін күрестен үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведь пен басқа лауазым иелері әлем чемпиондары мен жүлдегерлерін марапаттап, ақшалай сыйақы табыс етті. Сонымен бірге, федерация президенті аты аңызға айналған ардагерге «Қазақ күресінің дамуы­на қосқан үлесі үшін» деген алтын алқаны тапсырды.

Осы жерде биылғы әлем чем­пио­­натының финалдық белдесу­лері Александр Медведьтің күрес сарайында, іріктеу жарыс­тары Минс­кіден 18 шақырым жер­дегі Олим­пиадалық базада өткенін айта кеткен жөн. Әлем чемпионаты кезінде аталған спорт ордасында Дүниежүзілік қазақ күресі феде­рациясының конгресі өтіп, онда Серік Төкиев тағы бес жылға федерация президенті болып сайланды.

Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан».

МИНСК – АСТАНА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*