Асық ойнаған азбайды…

 Қазіргі заман – технологияның өрлеу дәуірі. Сондықтан болар уақыт талабына сай кейбір құндылықтарымыз жаңарып, жаңғырып жатса, кейбір дүниеміз ағымнан қалып, көңілден ұмыт болып бара жатыр.

061__b7c03ee8a128a8f341b3e2c158b4cd3f_1«Ойын – бала үшін өмірлік тәжірибе» деген екен көрнекті ақынымыз Мағжан Жұмабаев. Қазақ қадіріне жете білетін болса, ұлттық ойындарға өте бай халық. Соның ішінде асық ойынының алар орны ерекше.

Төрт қабырғаға қамалып, таң атқаннан, күн батқанға дейін компьютердің алдында отырған бүгінгі жас жеткіншектерге «асық ойна» деп орнынан тұрғызу қиынның қиыны.

Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан бұл ойынның пайдасы ұшан-теңіз. Асық ойынының жастардың нерв жүйесінің дұрыс қалыптасуына тигізер ықпал-әсері орасан. Ой өрісін кеңейтеді. Мінез-құлқын байсалдылыққа, төзімділікке тәрбиелесе, қимыл-қозғалысын дәлдікке, қисындылыққа жетелейді.

Асық ойыны – атадан балаға жеткен асыл мұрамыз деп есептесек, бабаларымыз айтып кеткен «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген мақалды да өзгертетін сәт келген сияқты. Өйткені жас ұрпақ үйдегі «көк жәшіктің» алдында телміріп отырады күні бойы. Ата-анасы баласының одан қаншалықты деңгейде денсаулығынан айырылып, ішкі рухани жағынан өзгеріп бара жатқанын білсе де, еш дәрмен көрсете алмайтын жағдайға жетті. Ал бала болса, асық ойнаудың балалар денсаулығына, рухани жүйесінің дамуына үлкен септігін тигізетінін біле бермейді.

Тіпті асық былай тұрсын, ата-бабалармыз қойдың құмалағынан да ойын жасағаны тарихтан белгілі. Бүгінгі тоғызқұмалақ ойыны содан қалған деседі. Асық ойыны – арнайы орынды талғамайтын, кез келген жерде ойнауға қолайлы спорт түрі. Үлкендердің бата бергенде «асығың алшысынан түссін» деген сөзінің өзінде терең мағына жатыр. Сондықтан ұлттық ойынымызды бағалап, бағын ашуға күш салуға тиіспіз.

448986_html_59fc7d90

Асық ойынына қатысты мынадай сөз, ұғымдар бар:

Алшы – асықтың қырынан тұрғанда ойығы үстіне, ал тегістеу, тәйке жақ беті астына қарап түскен түрі.

Тәйке – асықтың алшыға қарама-қарсы түскен жатысы.

Омпы (омпа, оңқа) – асықтың алшысы бар жағының жерге қадалып түскен түрі.

Шоңқа – асықтың омпыға қарсы жағымен жерге қарап түскен түрі.

Кеней (кенай) – жаппай ойынға немесе ұтысқа салатын жай қарапайым асық.

Құлжа – құлжаның (тауте¬кенің) асығы.

Топай – сиырдың асығы. «Топай» деген ойын бар, негізі бұл ойынды Моңғолиядағы ағайындар «Сөкелек» деп те атайды.

448986_html_5b67f8f1

«Тәріткем» деген ойын ұмыт болып кетті. Аты ғана бар, заты жоқ. Бұл ойынды 20 мың асықпен 80 адам ойнаған екен.

Спортқа еңбек сіңірген бапкер Жомарт Сабыржанов жалпы асық ойыны туралы былай дейді:
– Қазіргі таңда жастардың көбісі теледидар, компьютердің алдында тесіліп отырады. Сонда баланың денесі дамымай қалады. Теледидар, компютерге көп шұқшиған адамның көз еті талма ауруына ұшырап жатады. Сондықтан да баланы далаға жиі шығарып ойнату, таза-ауа жұтқызу, қимыл-қозғалысқа тарту керек. Осының бәрін ескере отырып, асықты қолға алдық. Бұл асық ойыны туралы кезінде марқұм Ақселеу Сейдімбеков, Орынбасар Тұрашов секілді шежіре ағалармен ақылдаса отырып, асықтың ережесін жасатқан едік. Бұған екі ойын түрін кіргізгенбіз. Біреуі – «Бестабан» болса, келесі түрі «Алшы» деп аталады. Сондай-ақ мектеп бағдарламасына да Асық ойынын енгізу керек деп есептейміз, – дейді ол.

Ж.Сабыржанұлы мен Е.Нарымбаев қазақтың киелі де ұлы даласында асық ойынын жаңғыртқан азаматтар. Асыққұмар ағайынның басын қосып, жұмыла көтерген жүк жеңіл деп жаңа ереже түзді. Елімізде Асық ату Федерациясын құруға атсалысты.

Қысқасы, мамандардың айтуынша, бұл ойын көздің көру қабілетін дамытады, себебі асықты нысанаға алғанда қан тамырының жұмысы жақсара түседі екен. «Тәрбие басы – тал бесік» демекші, жасырып, жабатыны жоқ бүгінгінің топайын ойнайтын жастардың көбейе түскенін қалар едік.

Сырым ТӨЛЕУ,

«Халық сөзі» газеті

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.