Теңге ілуден рекорд жасаған жігіт!

armat-tenge-aluХалқымыздың ықылым заманынан келе жатқан ұлттық ойыны Теңге ілу – көбіне қыз ұзату, сүндет тойларында ойналған. Бұл ойында жігіттің атқа мықтылығы, денесін игеріп алған ептілігі, икемділігі сынға салынады. Шүберекке түйілген күмісті сәйгүлік мінген жігіттер жүз елу метр жерден екпіндете шауып келіп, сол ағынымен орамалды іліп әкетуге тиіс. Іркіліп тоқтауға, не аттың шабысын бәсеңдетуге болмайды. Қазіргі жарыс ережесіне сай жігіттің ептілігімен қатар шауып өткен уақыты да есептеледі. Біздің дәуірімізге дейінгі 300 жылдары Орта Азияға жорық кезінде жергілікті халықтың теңге ілу ойындарын көрген Александр Македонский таңдайын қағып: «Атты жауынгер үшін қажетті нағыз дайындық міне – осы!» деген екен. Еліміздің Тәуелсіздік алған кезеңінен бастап Теңге ілу ойынынан жылда Республикалық чемпионаттар, турнирлер, әртүрлі жарыстар өтіп келеді. Орал қаласындағы Туризм, денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты МКҚК «Балалар және жасөспірімдер ат спорты мектебінің» директорының орынбасары Сәрсекенов Армат Ерболатұлы Теңге ілу ойынының қыры мен сырын толық меңгерген, оны насихаттап, кейінгі ұрпаққа үйретіп дәріс беріп жүрген азамат. Ол 2010 жылы Астана қаласында және 2012 жылы Өскемен қаласында Республикалық ұлттық спорт түрлерінен өткен ХІІ –ші Республикалық чемпионатта 150 метр қашықтықты 14 секундта шауып өтіп 5 түйілген күмісті алып үлгіріп рекорд жасады. Төрешілер оның шауып өткен уақытына сенбей жаттығуды 3 мәрте қайталатқызды. Ол еш мүдірмей жаттығуды қайталап шықты.

sarsekenov-armat-tenge-aluАрмат – ұзын бойлы, мығым денелі, білекті де жүректі қараторы сымбатты жігіт. Бала кезінен келе жатқан атқа құмарлығы, ұлттық спортқа құштарлығы, мектеп бітірген соң Орал қаласындағы Гуманитарлық университеттің денешынықтыру факультетіне жетеледі. Одан кейінгі өмірі ат спорты мектебінің ыстығына күйіп, суығына тоңып біте қайнасып келе жатыр. Алғашында жаттықтырушы болып орналасып жасөспірімдерге көкпар, теңге ілуден сабақ бере жүріп, облыстың намысын көкпар, теңге ілу, қазақ күресінен қорғап үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Қазақ күресі мен теңге ілуден спорт шебері, көкпардан спорт шеберлігінен үміткер.
Ол мектеп оқушыларына өзінің біліктілігімен, жүріс– тұрысымен, мәдениеттілігімен өнеге болып келеді.

Таяуда Өскеменде өткен Республика чемпионатынан қалай оралдыңдар? – деп сұрадым.
– Мен үшін ұлттық ойындар бірінші орында тұрады, жатсам да, тұрсам да ойлайтыным өзіміздің ойындарымыз. Өскеменде өткен ХІІ ұлттық ойындар чемпионатында республика командаларының ішінде біздің жігіттер лайықты өз орынын алып келеді. Мысалы көкпардан 6-орын алдық, ол біз үшін жақсы нәтиже деп есептеймін. Қазақстанымыз қандай кең-байтақ Өскеменге дейінгі 3200 шақырымдық қашықтықты Ақтөбе, Қостанай, Астана, Павлодар, Семей қалаларын басып өтіп КамАЗ көлігіне аттарымызды тиеп, өзіміз шағын автобуспен мамырдың аптап ыстығында жолда бір жеті жүрдік. Қазақстанның батыстағы облыстарынан бізден басқа бірде –бір команда барған жоқ, өкінішті– ақ. Осы чемпионатта мен теңге ілуден рекорд жасадым, яғни 14 секундта 5 теңгені іліп үлгірдім. Төрешілер өз көздеріне өздері сенбей қайталауымды өтінді. Мүдірмей қайталап шықтым.
Жарайсың, құтты болсын! Теңге ілу жарысына шабатын атты сол жақтан алдың ба әлде арнайы дайындаған атыңды апардың ба? – деп сұрадым.
– Жоқ, өзімнің теңге ілуге үйретіп жүрген «Шаңтимес» деген атымды алып бардым. Жұрттың ойлауы мүмкін, теңге алу оп– оңай ойын деп. Шын мәнінде бірінші өзіңнің ептілігің, екінші– атыңның үйретілгендігі, сенің ойыңды емеурініңнен түсінетін, шапқанда бағытын өзгертпейтін, шапшаңдығын түсірмейтін болу керек. Осы атпен 2010 жылы Павлодар қаласында да шауып чемпион атанғам. «Шаңтимесім» сенімімді ақтап жүр.
Теңге ілу ойынының ережесінде кемшілік бар ма, қалай ойлайсың?
– Ереже дұрыс жасалған, менімше кемшілік жоқ. Төрешілер де Өскемендегі чемпионатта әділ болды, әрі ереженің сақталуын қатаң қадағалап отырды.
Ал басқа ат спорты ойындарының Ережелеріне көңілің тола ма?
– Аударыспақтың ережесі жақсы ойластырылған, ал қыз қуудың ережесінің бірдемесі кеміс секілді болып тұрады. Ұлттық спорттың ішінде көкпардың ережесі сақтала бермейді және төрешілердің басында тәуелсіздік жоқ. Және көкпарды жоғарғы және төменгі лига деп екіге бөлу керек.
Себеп?
– Себеп, мысалы Өскеменде, Республикадағы ең мықты команданың біреуі Оңтүстік Қазақстанның командасы мен көкпар жаңа өркендеп келе жатқан Қарағандының командасы шығып, 18 де 0 болып жеңілді. Шымкенттіктер жанын қинамай– ақ салымды бірінен соң бірін тоғытып жатты, ал қарағандылықтардың меселі қайтып үнжұрғасы түсіп кетті. Мұндай ойын екі командаға да тиімсіз және көрермендердің де көңілін суытатын жай. Сондықтан ересектер арасында жоғарғы лигада Астана қаласының, Жамбыл, Шымкент, Өскемен, Ақмола, Алматы облыстарының командалары ойнап, қалғандары төменгі лигада ойнағандары дұрыс болар еді. Халық тартымды, қызықты ойынды сонда ғана көре алады.
Ойың дұрыс, соған көшу керек. Отбасыңда неше балаң бар, оларды да ұлттық спортқа баулып жүрген шығарсың?
– Үш балам бар, менімше әр қазақтың жанұясынан кем дегенде 8– 10 ұрпақ өруі керек және өмірге сапалы балалар әкелу керек. Мен үйдегі келініңіздің құлағына және жолдастарымның құлағына осы ойымды сіңіріп жүрмін. Балаларым әзірге кішкентай, өскенде олар да ұлттық ойынның шебері болады.
Жөн екен! Мектептеріңде шешімін таппай келе жатқан қандай мәселелер бар?
– Ең басты мәселе – мектептегі ұстаздар мен жаттықтырушылардың, бапкерлердің еңбекақысы мүлде аз, 25– 40 мыңның аралығында, оларға жаным ашиды, алдымен осы мәселені шешсе? Мен жергілікті басшыларға жолығып көбейту мәселесін көтерген едім, ондағылар еңбек ақынының көлемін министрлік бекітеді, деп шығарып салады. Болашақты ойласақ қалайда осы мәселені шешу керек, министрліктерге жақын жүрсіздер жеткізіңіздер,– деген өтінішін қиыла айтты.
Орынды қойылған мәселе, ықпалды бастықтарға міндетті түрде жеткіземіз!
Армат университетті аяқтап, енді диплом алар кезде жылқы өсірумен айналысып жүрген бір шаруа қожалығының басшысы келіп, аттарды үйретуге көмек сұрайды. Ол ойланбастан қасына бір жолдасын ертіп алып жаңағы шаруа қожалығына барып 15 айғырды бір жетіде үйретіп иесіне тапсырады. «Ноқта көрмеген, бас білмейтін асау айғырларды құрық салып ұстап, басына ноқта– жүген кигізіп, секіріп үстіне мініп, жанталасып сені үстінен лақтырып тастауға тырысып тулаған аттың меселін қайтарып, көмбіс күйге түсіру оңай шаруа емес, бірақ өзіңнің жеңісіңді көру қандай ғанибет» деген еді.
Еліміздің батыс облыстары мұнай мен газға бөгіп, қыруар қаржы түсіріп жатқанымен оңтүстік облыстарға қарағанда ұлттық ойындардың дамуы жөнінен көш кейін қалып келеді. Армат алғашында көкпардың қыр– сырын үйрену мақсатында Жамбыл облысына барып, ондағы Ат спорты клубының директоры Момынов Нұрдәулеттің ауылында 2 ай жүріп көкпар ойынын ойнап, зерттеп, үйреніп қайтады. Қазір мектепте 20 баланы теңге ілуге үйретіп жүр және көкпар мен теңге ілуден облыс намысын қорғап келеді.
Жігіттің сұлтаны, ұлттық спортты өркендетуге жанын беріп жүрген Армат секілді азаматтарға Алла жар боп барлық ойлары іске ассын, ұлтымыздың тарихында осындай патриот азаматтардың есімі алтын әріппен жазылатын уақыт та әлі келер, оларға баянды бақыт тілейміз!

Альберт МУРСАЛИМОВ, ҚР ҰСТҚ үйлестірушісі

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.