Бекен Қайратұлы. Қырандар хикаясы

Құмайторы

бекен агаАлтайдың атақты Өрмегейті асуынан асқан соң, жол ылдилап барып Құрымтыға құлайды. Бұл табиғаты әсем өлке. Сонау шығыс-солтүстікте мұнартып тұрған қасқа шыңның оң қапталын жанай созылған қарағайлы алқапты біздің ел «Жолты жайлауы» дейді. Жайлаудың күңгей бетіндегі ескі сүрлеуді қуалап барып, мәңгі мұздақтың төменгі етегін сүре өрлейтін қия жол Қобда бетіне асатын жалғыз сорап. Сүрлеу-сорапты қыста қалың қар басып қалады. Тек жаздың үш айында ғана қатынас бар.

Жолты жайлауындағы елге түнеген қос салт атты таң бозымен жолға шығып, Қозы көлдің сыртындағы Бүркіт тауына қарай ылдилап келеді. Жолаушылардың үлкені сақал-мұртын қырау шалған жасамыс адам да, қасындағысы түбіт мұрты енді-енді тебіндеп келе жатқан бозбала. Бұлар күн арқан бойы көтерілгенше көлдің қысқа мойнын айналып өтіп, Сарымсақтыға тұяқ іліктірді. Алда Көкмойнақ кезеңі. Аттылар қатарласа жүріп сылбыр аяңмен кезеңге шыққанша күн бесінге аунады. Кезеңнің үсті теп-тегіс.

Жолаушылар әдеттегідей кезең үстінде ат шалдырды. Жасамыс жігіт ағасы үстіндегі қоңыр барқыт шапанын шешіп, құлақ түбі тершіген қарагердің шап айылын сәл босатып, ауыздығын алды да, отқа қоя берді. Шапанын жайып жіберіп, бесін намазын өтеп, серігін қасына шақырды. Түбіт мұртқа сонау күн астындағы бұлт ішінен бұлдырып көрінген биік құзды нұсқады. Бұл атақты Қыран шыңы. Осы шыңның көлеңкесі түсіп тұрған ана бір биікте малта тасты үйіп жасаған үлкен оба бар. Оны ел «Бүркіт оба» деп атайды.  Бала кезімде әкем мені обаға ертіп барып, тарихын айтып еді…

Жігіт ағасы шығысқа қарай жөңкіле көшкен қою бұлттың кірсіз шаңына шомылып, Алтайдан аса соққан Қобданың қызыл желінің өтіне тұлабойын сүйгізіп асқар биікте тұрақтаған Бүркіт обаға ұз-а-қ қарады. Санасында сапырылысқан сан сұрақтың жауабындай жанарынан бір тамшы жас үзіліп түсті. Қасындағы түбіт мұрт бозбалаға бір қарады. Жонның сиыркөз шөбін бырт-бырт жұлып жайылған қарагерге бір қарады.  Қыран шыңының мұз дуылғалы ұшар басындағы күміс мұздақтан күнге шағылысып құлаған қарлы сағымға оранып, манаураған Бүркіт обаға тағы бір ұз-а-қ қарап алып жітіт ағасы әңгімесін бастады.

Бұдан екі ғасыр бұрын сонау өте алыс жылдары, Қара Ертіске құяатын Қырансудың тұйық басы Сенгір шатқалын қыстап шыққан ел жаз жайлауға көшеді. Жайлау Алтайдың теріскейі Мұзөзеннің үстіртіндегі Үсіген қырқасында. Бұл өлкені шығысқа сапар шеккен батыстың саяхатшылары басып өтеді. Кезінде атақты Құбылай ханның ордасына барған италяндық жаһанкездер осы жолмен жүрген-мыс.

Көктемнің қар-суы кетпей төр жайлауға ерте шықан ауылға бір топ орыс жиһанкездері келеді. Олар жер-су аттарын картаға түсіріп, жергілікті халықтың тұрмыс-салтын зерттейді. Бұлар сонау Петербор дейтін үлкен шаһардағы ақ патшаның қызметкерлері екен. Бейбақтар азық-түлігі таусылған соң таудың қоңыр аңын аулайды. Жайлаудағы ауылда оларға сойып беретіндей қоңды мал да жоқ, көктеменің көкөзек шағы.

Бір күні таңертең ел оянса, шолғыншы орыстар палаталарының маңында ауыздарынан ақ көбік ағып бірі қалмай өліп жатыр. Мына көріністен шошынған ел ақсақалдары бір жігітті сайлап, қос атпен екі күншілік жер Жайсан бекетіне шаптырады. Бекеттен найзалы бесатарын шошаңдатып, казак-орыс жасағы келеді. Арасында қауға сақал доқтыры бар. Сөйтіп бір түнде ауылды әскер басып қалады.

Солдаттар жайлаудағы бар малды етектегі елге қарай айдап тастайды да, өлген орыстардың мүрдесін сол жерде өртейді. Ауылды аса қатерлі індет шықты деген желеумен қоршайды. Ауылдан адам тұрғой қия басып тышқан шықса атуға бұйрық беріледі. Бұл да бір Алланың  сынағы деп түсінген жұрт сабыр сақтап, істің ақырын күтуге бел байлайды. Басқа қолдан келер қайран жоқ. Амалын тауып қашып шыққанның өзінде қайда бармақ.  Шынымен індет жұқтырған болса ше… Қажет болса солдаттар елдің бәрін қырып сап ана жиһанкез орыстар сияқты өртеп жіберуге дайын.

***

Ауылды солдат қоршаған күннің ертеңінде атақты Құсайын бүркітшінің баласы Құмар өткен қыста қосарлы сілеусін және бір ілбіске (қар барысы) түсіп, ат аяғы жетер жердегі қазақты қайран қалдырған қыранқұсы Құмайторы бүркітін балақбауынан айырып ұшырып жіберген еді. Қыран  иесінің білек-қарын солқ еткізіп бір тепті де, керме иығын жайып жіберіп көкке көтерілді, пышақ шалғысын ысқыртып ауылдың үстін бір айналып ұшып, қайқаң етіп Үсігенді асып кетті. Бұл құс түзтағысы емес, ұядан алған қолбала болатын.

Бірқанша жылдың алдында Құсайын бүркітші Марқакөл жақтағы нағашына  ағайыншылып барып, қонақ болып жатады. Кешке жақын үлкен нағашысы атақты Жалманбет бидің тұқымы Түзелбай ақсақал жалшылықта жүрген қойшы балаға қамшы үйіріп ұрсып жатқанын көріп қалады. Себебін сұраса қойшы екі күннің бірінде мал жоғалтады. Онымен қоймай жоғалған тоқты-торымды бүркіт алып кетті деп өтірік айтады…

Құсайын бүркітші қойшы баладан «шын айтып тұрсың ба?» деп сұраса анау «рас айтам» деп зарлайды. Құсекең жеті атасынан бері бүркітші, бірақ тоқты көтеріп кеткен бүркіт жайлы естімепті. Сол түні құсбегі көз ілмей таң атырады. Ертеңінде қойшыға ілесіп жайылымға шығады. Ол күні бүркіт келген жоқ. Үшінші күні түзтағысы көктен сорғалап түсті де, шетте жайылып жүрген ақ серкешті іліп алып, еш қиналмай қайта көтеріліп кетті.

Құсайын құсбегі бүркіт көз ұшынан тайғанға дейін ұзақ қарады. Бұл жақын жердің құсы емес. Тіпті қанат қағысының өзі ерекше. Серкішті іліп әкеткенде шонтысыда майысқан жоқ, май сауытын жайып, көбе қауырсынын шашқан күйі екпіндей қайта көтеріліп кетті…

Арада ай өткен соң Құсайын құсбегі баласы Құмарды және сыбызғышы жігіт Замзаны ертіп құсты іздеп жолға шығады. Оншақты күн жол жүріп, ана тұрған Қыран шыңның етегіне келіп тоқтайды. Аспанға қарап төрт күн жатады. Бесінші күні биікте ұшып бара жатқан қыранды Құсайын бірден таниды. Бүркіт Қыран шыңды айналып көрінбей кетеді. Нағыз қыран айлалы келеді. Ұясына тіке жолмен барайды. Ту биіктен құлдилай отырып, аша сайдың ішін табандата өрлеп төменнен ұясына тіке көтеріледі. Келесі күні бүркіт тағы көрінеді. Құсайын құсбегі шыңның сыртын айналып өтіп тұяқ іліктірер түбір тастарға арқан тастап, өрмелеп ұяның дәл үстіне келеді. Ұяда жалғыз балапан отыр. Нағыз қыран жалқы туады да, қатты аязға жұмыртқасын тастап қояды. Жұмыртқа жарылмай наурызшуаққа жетсе басады. Жұмыртқа аязға шыдамай жарылса сары уыз күйінде қарлы шыңда мәңгіге қалады.

Балапанды көрген Құсекең «бұл жүз жылда бір туатын нағыз қыран екен» дейді. Ақырында алты арқанды бір-біріне жалғап сыбызғышы Замзаны төмен түсіреді. Замза балапанға жете алмай ұзын сырықпен шошытып оны ұясынан құлатады. Үріккен балапан далпылдап ұшып аңғарға түскенде төменде аңдып отырған Құмар ұстап алады. Құсайын балапанды баласы Құмарға сыйлап, Замзаға астындағы атақты сұр жорғасын мінгізеді.

***

Жиырма күн өткен соң қолдағы азын-аулақ сүрісін жеп бітірген қоршаудағы адамдар ашыға бастайды. Амалы таусылған халық мал терісінен жасалған жүген-ноқта, арқан-шылбырды құр суға қайнатып «сорпасын» ішіп, ылжырап піскен теріні талғажау етіп өмір сүреді. Сырттан қатынас жоқ, күзет қатты.

Ел ашығып жатқанда Құмардың Құмайторысы қалықтай ұшып келіп өзінің көнетоз қайың тұғырына қонады. Құмарды сырқат меңдеп жатқан. Екі баласы мен әйелі аштықтан бет-аузы ісіп кеткен. Қыран піштақтап жанарынан от шаша дүр етіп  көкке көтеріледі. Әп-сәтте семіз ор қоянды көтеріп әкеліп ауылдың ортасына тастайды. Ашыққан жұрт шулап келіп қоянның сорпасын ішіп әл жинайды. Осылай күн құрғатпай ашыққан жұртқа Құмайторы тамақ тасиды. Ұстаған жануарларына  өзі тұмсығында тигізбей қоршаудағы жұртқа жеткізеді.

Құмайторы ұшып келгенде, яки ұшып кеткенде күндегі әдеті қоңыр төбенің үстінен қалықтап өтеді. Төбенің үстінде тұрған солдаттар сеңсең жүнді әскери папағаларын қолдарына ұстап бүркітке иіліп құрмет көрсетеді. Күндегі әдет осы. Қырық күн өткен соң қоршаудағы адамдар бостандыққа шығады.

***

Бір қауым жұртты аштықтан аман алып қалған Құмайторы содан кейін көрінбей кетеді. Құмар құсбегі дүниеден өтерінде артында қалған 14 жасар ұлы Байжігітке «Құмайторы әбден қартайғанда өзінің ұясына бір соғады, ана тұрған Қыран шыңынан көз жазбай күнде қарап жүр» деп тапсырады. Байжігіт әке аманатын ұмытпайды. Бір күні Қыран шыңның үстінде қалықтап бара жатқан кәрі бүркітті көреді. Бұл Құмайторы болатын.

Таңертең ерте атқа қонған Байжігіт көп кешікпей қара жартасқа жемсауымен соғылып, төс сүйегі қақ айырылып өліп жатқан Құмайторының үстінен түседі. Әкесінің «нағыз қыран қартайғанда құзға құлап мерт қылады» дегені есіне түсіп көзіне жас алады. Қос қанатын керіп, бес шалғысымен жер сыпыра жайылып жатқан қыранды жерден көтеріп алады да, адам сияқты таудың басына жерлеп, үстіне малта тастан үйіп оба тұрғызады.

***

Ана тұрған «Бүркіт обаның» тарихы осылай қарағым,  обаны тұрғызған адам Байжігіт менің ұлы атам еді, деп сөзі аяқтады жасамыс жігіт.

 

 Мұздаққара

Атақты Мұздаққара қыран жайлы ел ішінде аңызға бергісіз әңгімелер көп. Бұл қыранның иесі Жарасбай дейтін атақты құсбегі. Ағайынды Жарасбай, Борасбай, Есілбай атты бір атаның балалары шетінен бүркіттің бабын білетін адамдар екен. Бұлар кез келген таудың құсына құмар емес, тек    Көксерке шыңынан ғана балапан алатын әдеті бопты. Себебі, Көксеркенің бүркіт ұя салатын биігін жылдың он екі айында қалың бұлт торлап жатады. Шілденің ортасында он күн ашық тұрады. Дәл осы тұста ағайындыларда тауға аттанады. Қиядағы ұядан балапан алып қайтады.

Бірақ бұлар соңғы үш жыл қатарынан құр қайтып жүр. Жыл аралатып балапанын ала берген соң запы болған құс ұясын ауыстырған ба, әлде басқа себебі бар ма, ол жағы белгісіз. Барған сайын ұя бос тұрады. Төртінші жыл дегенде Көксеркенің Күреңті бетіндегі ұяда бүркіт жұмыртқа басқаны жайлы хабар алады. Құдай бұйыртса, енді үш айдан соң ақ үрпек балапан аламыз деп қуанысқан құсбегілердің жоспарын ойда жоқта пайда болған жаугершілік бұзады.

Қаптап келе жатқан ақ орыстың ашынған әскерінен қорқып ел басқа жаққа ауады. Жарасбай құсбегі ауған елмен бірге үй ішін атандарып жіберіп, қасына жылқышы досы Нысанбайды ертіп, Көксеркеге тартады. Ара қонып келсе, шынында Күреңті бетінде бүркіт жұмыртқа басыпты. Жұмыртқа жарғанға дейін кем дегенде отыз күн бар сияқты. Бір кетсе қайта оралу жоқ. Жаудан қашқан ел анау.

Ақыры ойлана келіп Жарасбай ауылдан алып шыққан тайтұяқ күміс жамбысын сыйлап, қағылез қалмақ баласын керегеге таңып ұяға түсіреді. Бала жұмыртқаға қол тигізбей шапанына орап алып шығады. Жұмыртқаға адамның қолы тимеуі керек дегенді естігені бар Жарасбай құсбегі шапанды ашып, жұмыртқаны қалың қара қойдың жүніне құндақтап орап, жылы қойнына салып, көшкен елдің соңынан тартады. Бесінші қонақта көшті қуып жетеді. Ел Қобының құмына барып тығылған екен.

Жарасбай Қобының жайпақ тауларын кезіп дала бүркіті қуқарақ құстың ұясын іздейді. Ақыры оны тауып, қуқарақтың өз жұмытқасын алып тастап, орнына құндақтағы жұмыртқаны орналастырады. Қуқарақтың бүркіттен көп айырмашылығы жоқ. Тіпті әдеттенбеген адам бүркіт пен қуқарақты  айыра алмайды. Айырмашылығы қуқарақ аңға түспейді. Тышқаншылап күн көреді.

Құдайдың құдіретін-ай, бір айға жуықтағанда қуқарақ құс басқан жұмыртқа жарылып аппақ балапан шығады. Жарасбайдың қуанышында шек жоқ,  ақ үрпек балапанды үйіне алып келеді. Қолбала құсты жаздай семіртіп, толық түлетеді. Күздің салқын желіне кеудесін ұрғызып, төс сүйегін қатайтады. Балапан құс болашақта нағыз қыран болатын түрі бар. Қашан көрсеңіз көзі жайнап тұрады, мінезі сондай кең, ашу  шақырмайды, қыңырлығы жоқ, бұлшық еттері бөлек-бөлек қайыңның топшысындай қатты, кеудесі шалқақ, төбесі жалпақ, маңдайы кең, тыныс тесігі үлкен, мүйіз тұмсығы мен кеңсіріктің тұтасқан түбі етекті, аузы кере қарыс, жұтқыншағы зор, тегеуіріні қысқа, жембасары жуан, тұяғы өткір, көзі шүңірек, қабағы биік, шүйдесі нығыз… нағыз қыранға тән сипаттың бәрі бар. Құдай сәтін салса алдағы қансонарда бір байқар.

***

Көптен күткен қансонарда келіп жетті. Жарасбай қасына қағушысын ертіп, қолында бала қыраны тауға шығады. Құстың томағасын тартқаны сол еді, шартарапқа ұмсынып өліп барады. Тура аяқ астынан сумаң еткен түлкінің бұлаң құйрығын көзі шалып қалған Жарасбай құсына қарап еді, ол да байқаған екен иығын қомдап сұранып тұр. Бисмиллаһ деп босатып қоя береді. Бүркітті аңғарған қу түлкі бұталы жылғаны қуалап өрге қарай тартып барады. Бүркіт бір дүркін шүйіліп кеп, жалт беріп орай соғып түлкіні шеңгелдеп алды. Жер қия болғандықтан  алған жерінде түлкіні баспай сүйрете көтеріп жазыққа алып түсті. Егер ана жерде басқанда бүркіттің өзі тепе-теңдік таппай аунап кетуі әбден кәдік болатын. Бұл нағыз айлалы қырандарға тән әдіс.

Бала бүркіт бір қыста Қобының бар түлкісін тауысты. Осы жылы жаздың тағы бір күні тал түсте өрістен қайтқан қойға қасқыр шауып ауыл абыр-сабыр айғай-шу дүрлігіп жатқанда, Жарасбай қайыруы жоқ тұғырда отырған бүркітін босатып қоя береді. Бала қыран қасқырды тырп еткізбей басады. Қайырусыз (баптаусыз) қыранның қасқыр алғаны жайлы  оқиға елге аңыз боп тарайды.

***

Келер жылдың қысында әйгілі Қожамжар төре Алтай-Қобда бетінің барлық құсбегілеріне сәлем айтып, Лақшын тауындағы қара түлкіні ұстап, терісін әкеліп берген адамға үйірімен үш тоғыз сыйым бар деп жар салады. Үш тоғызға қызығып, әрі қара түлкіні алдырды деген атақ үшін не бір құсбегілер келіп, шарасыз қайтады. «Ойбай, Жұмабайдың атақты құлашкеріне қара түлкі сарып кетіпті», «Жүністің қоңыр бүркіті қара түлкіге алданып, жер соғып мерт болыпты», «Бұлғыннан келген Қибадаттың қыраны топшысын сындырып, аяғын шайнатыпты» т.б.

Қара түлкіні алдырмаққа Жарасбайда жолға шығады. Қыстың қақаған аязында тоңбасын деп бала қыранды тері ішікке орап бөктеріп алады. Үш күн жол жүріп Қожамжар төренің ауылына келеді. Бір күн бүркітінің бойын жаздырып, қауырсынын тарап, баптайды. Ертеңінде таң қараңғысында биік шоқыға барып тұрады. Жерге жарық түсе қағушылар қара түлкіні інінен қуып шығарады. Кәнігі қу түлкі қарсыз жиек жолды қуалап оқтай зулайды. Жарасбай бүркітін босатып жіберіп, қапталдай шабады. Түлкі жақын мойнақты асып көзден ғайып болды. Бүркіт те одан бұрын алдын орап қарсы ағызады. Жарасбай атын қамшылап жетіп келсе түлкі жоқ, бүркіті жер қауып отырып қапты. Жарекең аттан түсіп құсын қолына қондырып еді, ол ұмсынып болмады. Қараса қағушылар қара түлкіні қайыра қуып келеді екен. Бүркітін тағы қоя береді. Бұл жолы алданбаспын дегендей қыран әбден биіктеп алды да, екі рет орай шүйіліп кеп, құйрығын көтеріп сақылдап тұрған түлкіге түспей қайқаң етіп шыға берді. Үшінші рет қайта шүйлікті қара түлкі тағыда түспейді деп ойласа керек, бұлт етіп ойыса бергенде қыран қара тұмсықтан шеңгелді салды да,  орнында омақастырып басып қалды.  Жарасбай шауып жетіп, көзі қызарып кеткен құсына екі түйнек жұдырықтай қарды сығымдап асатып-асатып жіберді. Таңы аяздан ба бүркіті дір-дір етеді. Қара түлкінің қабырғасын сөгіп, жылы өкпесін жегізді де, бүркітін ішікке орап құндақтап қойды. Түлкінің үлкендігі сондай терісін сыпырып қанжығалағанда, құйрығы салбырып жерге тиіп тұрыпты. Қара түлкінің терісін көрген Қожамжар төре, Жарасбайға үш тоғыз сыйын беріп, бүркітке «Мұздаққара» деп ат қойып, төренің бәйбішесі кілем жапқан екен.

***

Тағы бір жылы қыста Жарасбай Мұздаққарасын көтеріп Қобының құмында жылқы отарлатып жатқан ағайындарына барады. Олар айтады: осы маңда үлкендігі төбет иттей, тұяғы ешкінікі сияқты, құйрығы сілеусінге ұқсайтын аң бар, ондай мақұлықты бұрын-соңды көрмеген едік, дейді. Ертеңінде құсбегі құмнан жылқышылар айтқан мақұлықтың ізін көреді. Шынында қызық жануар екен. Ізді қуалай отырып алыстан өзінде байқайды. Мұздаққараның томағасын сыпырып қоя береді. Айлалы құс биіктемей құм төбелерді қуалай ұшып барып, аша тұяқ мақұлықты бір айналып шығып, осал тұсың осы болар дегендей сауырынан ұстайды. Сауырына қонған пәлеге ұмтылған аңның тұмсығын бүре шеңгелдеп басып қалады. Бұл мақұлық зіңгіт дейтін аң екен. Қазақта бойжеткен ұл мен қызға «зіңгіттей бопты» дейтен теңеу бекер айтылмапты.

***

Жыл сайын Мұздаққараның атағы шағындап құлақ естір жерге жетеді. Алмаған аңы қалмайды. Содан тағы бір қыста Жарасбай бүркітін алып, аңға шығады. Күні бойы ештеме кездеспей күн ұясына ауған кешке салым үйіне қайтып келе жатса, құсы сұранып болмайды. Жан-жағын байқаса тірі тіршілік нышаны жоқ. Құс тағы сұранады. Болмаған соң жібереді. Құс балдақты қатты теуіп ұшады. Мұндай қылығын бұрын-соңды көрмеген Жарекең атын тебініп, құсы кеткен жаққа шабады. Құсы жоқ. Тағы бір белегірді асып түсіп байқаса, жерде тамған қызыл қанның ізі жатыр.  Қанның кеппегендігіне қарағанда бұл сөзсіз Мұздаққараның ісі. Біраз жүрген соң, қан тамшылағанды қойып, сигектеп ағып отырыпты. «Япырай, бүркітім жазып болмаса игі еді» деп алаңдаған құсбегі шауып жетсе, анадай жерде таудың үлкен бұғысы сұлап жатыр. Бұғының жұқа қолтығын тесіп жіберіп, қолқасын суырып жеп Мұздақара отыр.

Сөйтсе, әбден зарына келген құс тұяғына түлкі ілікпей құсаланып сұранып ұшқанда алыстан мына бұғыны байқаған екен. Барғанда шоқтығына жабысқан. Арқасындағы құсты тұмсығымен қағып түсірмек болған бұғының қара танауын бүркіт бір аяғымен шеңгелдеп ұстайды да, екінші аяғын шоқтықтан айырмай қатып қалады. Біраз жүрген соң бұғы әлсірейді. Сол сәтте Мұздаққара өткір тұмсығымен бұғының күретамырын орып жіберген. Үш шақырымдай жүріп барып таудың қоңыр аңы қансырап құлаған.

***

Мұздаққара әбден қартайғанда иесі Жарасбай: «жануар дала тағысының қызығын бір адамдай көрдім, бұдан былай еркін өмір сүрсін» деп қоя беріпті. Балақбаудан босаған құс еркін қалықтап ұшып кеткен. Бір айдан соң айналып соғыпты. Жарасбай құсына қозы сойып беріп қонақ қылған екен. Қонақасын жеген соң қайта ұшып кеткен. Мұздаққараны соңғы рет біреулер атақты Көксеркенің Күреңті жақ бетінен соңғы рет көрген…

http://www.namys.kz/?p=14007

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*