САЯТШЫЛЫҚ

Құсбегілік — бүркіт, ителгі, қаршыға, қырғи, тұйғын, тұрымтай, сұңқар, лашын, жағалтай cияқты жыртқыш құстарды қолға үйретіп, аңға, құсқа салатын саятшылық өнер.

Қансоқта — өлген аңның немесе малдың туралмаған, қаны сорғалаған кесек еті.

Қызыл — құстың қылғып қақшуына оңтайланып туралған қызыл ет. Мұның да қан сөлі өзінде болады.

Тартпа — малдың немесе аңның желкесі, толарсағы, шандары сияқты құнарлы аз сіңірлі жерлері.

Сарбөртпе — туралған соң суға екі-үш рет шайып, сығып, біршама қан-сөлінен арылтқан ет.

Ақжем — майдалап турап, суға салып қойып, әбден сығымдап, бар маңызынан айырған ет.

Тоят — құс өзі алған аңның етін жұлып жеуі.

Үрген өкпе немесе боз өкпе — сойылған малдың немесе аңның өкпесіне пышақ тигізбей кеңірдегімен қоса алып үріп қояды. Сонда өкпе маңызынан айрылып, құсты белгілі күйге түсіретін жем болып шығады.

Тұғыр — қолға үйретiлген саят құстың қонақтайтын орны, биiктеу ағаш қондырғы.

Томаға — қыран құстың көзiн жауып тұру үшiн басына кигiзiп қоятын былғары тұмылдырық.

Балдақ — саятқа шыққанда құстарды ат үстiнде алып жүру үшiн, ердiң алдыңғы қасына орнатқан ашалы тiреу.

Аяққап — сонар, салбурында аяз суықтан бүркіттің саусақтарын тоңу мен мұздаудан сақтайтын аң терісінен, жарғақ немесе қырымнан тігілген жабдық. Көбіне ұядан алынған тәжірибесі аз «қол балаға» алғашқы жылы кигізеді. Аяққаптың сыртқы тысын суға қатпай, жылылық сақтайтын бұғының иленген жұқа, жұмсақ терісінен немесе жарғақ, қырымдардан, бүркіттің төрт саусағына шақтап пішіп, жиектерін жіппен торлап, ішін қуыстап қалыңдау матамен астарлап тігеді.

Иыққап — құстың екі иығын, жіппен қосақталып байланған топшысын суықтан қорғайтын жабдық. Құстың иығы, топшысы тоңса  әрі қуаты қайтады, Тіптен «құрт қанат» аталатын ауруға шалдығуы мүмкін.

Таңдай ағаш — аңға жортқанда құс дауысын естіп «олжа» қашып кетпес үшін бүркіттің аузына салады. Құс тұмсығымен мөлшерімен ағаштан жонып істелген, ұшына «ноқталайтын» бау тағылған қарапайым қалақ тәрізді ағаш. Таңдай ағашты құстың тамағының астына томағаның алқым бауына қыстырып, екінші ұшын ілмек баумен құстұмсығын ноқталаған тәрізді етіп, тұмылдырықтай кигізіп қояды.

Құндақ — құс сыятындай етіп талдан дөңгеленте иіп жасалған, астына киіз төсеп, құс орайтын тартпа бау тағып жасаған құс «бесігі». Ол құстың қанат шалғыларын зақымданудан, суық, жауын-шашыннан сақтайды. Оның  жас талдан астауша пішінінде немесе торлап доғалантып; тақтай ағаштан топсалы етіп; киізден сырып бау тағып істлетіін түрлері бар. Құс саяттан соң шаршап тоңса, ұйықтаса, алысқа алып жүретін жағдай туса, құсты баланы бесікке бөлегендей етіп шүберекке орап, қымтап, сыртынан баумен бос байлап, құндаққа салып қояды.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*