24.kz: «Жамбыл облысында жастар құсбегіліктен жарысты»

Жамбыл облысында құсбегіліктен жастар арасында ҚР чемпионаты өтті.

Дәстүрлі жарыс биыл 6-рет ұйымдастырылып отыр. Екі күнге созылған бүркітшілер додасында Астана, Алматы, Қарағанды, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының жас құсбегілері шеберліктерін сынады. Жастар арасындағы жарысқа әр облыстан 16 құсбегі келген. Қазақ үшін құсбегілік – ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан дәстүрлі өнер. Бүгінде саятшылықтың бұқаралық сипат алуы маңызды. Шара мақсаты да сол — ұлттық саятшылық өнерді одан әрі дамыту, -дейді ұйымдастырушылар.

Рамазан СӘТТІБАЕВ, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

— Толқынды толқын қуады деген сөз бар. Ересектер арасында құсбегілік жарысының өте бергені дұрыс болмас,осы жарысты ұйымдастырып отырмыз.Құсбегілік жастар арасында кеңінен насихатталуы керек.

Жарыс ережесіне сәйкес, қатысушылар 5 кезең бойынша сынға түсті. Алдымен қыран бүркітті қолға қондырып, шырғаға түсірді. Содан кейін бүркіттер қоян мен шибөріге салынды. Ал жарыстың шешуші кезеңінде құс нысаны қарсақ болды. Жарысты көруге шетелдік құсбегілер де келді. Испандық Хуан Бернабэнің айтуынша, ол 8 жасынан құсбегілікпен айналысады. Бүгінде оның 87 құсы бар. Оның 11-і бүркіт болса, қалғандары – лашын, қаршыға сияқты құстар.

Хуан БЕРНАБЭ, испандық құсбегі:

— Қазақстанға келгеніме өкінбеймін. Үлкен әсер алдым. Қазақтар өте қонақжай халық. Әсіресе, салт-дәстүрді ұстанып, жарыстар өткізіліп тұратындығы қатты ұнады. Оның үстіне, барлығы табиғат аясында өтеді.

Тартысты өткен чемпионатта Алматы облысының жас құсбегісіАлмас Сейітжан мен «Ақбалақ» атты бүркітүздік атанып, республикалық деңгейдегі екінші жеңісіне қол жеткізді.

Алмас СЕЙТЖАН, жеңімпаз:

— Біз 1-орын алдық, мен өте қуаныштымыз.  Бүркітім Ақбалақ сонша бүркіттің ішінде топ жарып шықты.

Ал екінші және үшінші орын Астана қаласы мен Ақмола өңірінің құсбегілеріне бұйырды. Бұл чемпионат жеңімпаздары Қазақстан құрамасына енеді. Халықаралық жарыстарға қатысып, ел намысын қорғайды. Бастысы, жас құсбегілер ұлттық өнерімізді әлемге таныту үшін күш салатын болады.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев

www.24.kz

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*