Нұрдәулет МОМЫНОВ: «Көкпарсыз бір күнімді елестете алмаймын»

Бет-бедері айқын, ұлттық спорттың көшін бастап тұрған ойындардың бірі — Көкпар. Көкпар десе арқаланып, делебесі қозбайтын қазақ аз. Өйткені, жылқы мінезді қазақтың қанында жатқан спорт бұл. Алайда, осы төл ойынымыздың тарландарын бүгінде дүйім жұрт тегіс біле бермейтіні рас. Олай болса, ұлттық спорттың сақаларын тани жүріңіз!

Момынов Нұрдәулет

Бұл — Нұрдәулет Момынов. Көкпар тартудың қас шебері,  талай тартыста қара үзіп, қарагерімен топжарған  жігіттердің бірі. Ол  танымал көкпаршы, белгілі атбегі, көкпардан ұлттық құрама команданың жаттықтырушысы болған Нәби Момыновтың баласы. Әке жолын, ата-баба жолын жалғап жүрген Нұрдәулет үзеңгілестерін шаң қаптырып жүрген шабандоз.

Нұрдәулет 9-шы сыныпқа дейін самбо және қазақ күресімен шұғылданыпты. «Күресті тастап, атқа мініп көкпар шабуыма себепкер болған әкем Нәби. Әкемнен кейінгі інілері де тақымды шабандоздар болған. Көкпардың қыр-сырымен, айла-тәсілдерімен таныстырған әкем. Алғашқы ұстазым да өміріме бағыт-бағдар берген де әкем», —  дейді ол.

Жастайынан тақымы аттың үстінде өткен Нұрдәулет көкпармен кәсіби түрде он алты жасынан бастап айналыса бастады. Сол бозбала шағында облыс құрмасының сапында өнер көрсеткен ол алтыннан алқа тағынып, Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды.

IMG_7230

Нұрдәулеттің сәйгүлігінің есімі — Ракета. Ракетадай көз ілестірмейтін бұл тұлпар 2013 жылы өткен барлық жарыстарда команданың жеңіске жетуіне үлесін аямай қосып келді. Ал, 2001-2009 жылдары ол жүйріктігімен, ұшқырлығымен көптің ықыласына бөленген «Қара доллар» есімді тұлпармен топ жарып жүрді. Ол Қара долларды Қырғызстаннан алғызып, төрт жастан бастап баптапты.

Нұрдәулет ең көп салымды Қара долларымен 2001 жылы Өскеменде  өткен ел чемпионатында  салды.  Ол қырағылықпен серкені он сегіз рет қазандыққа  тастап, үздік шабуылшы атанып қайтты. Бұл шабандоздың қатысқан ең алғашқы чемпионаты.

IMG_6988

Ол жетекшілік ететін «Әулие Ата» командасы Көкпардан өткен Қазақстан Республикасы чемпионаттырының 7-дүркін жеңімпазы.  Ұлттық спорт түрлерінен республикалық фестивальдердің жеңімпазы.

Нұрдәулет 2009 жылдан бастап команда сапында өнер көрсете жүріп, әрі команданы жаттықтырып жүрді. Ол бапкерлік еткен команда 2009 жылы Тараз қаласында өткен ІХ-чемпионатта  І орынды жеңіп алды. 2010 жылы Астана қаласында өткен Х-чемпионатта да І орынды еншіледі. 2011 жылы Өскемен қаласында өткен Ұлттық спорт түрлерінен ІІІ республикалық фестивальде алтыннан алқа тағынды. 2011-2012 жылдары ел чемпионатының жүлдегері атанды.  Осындай толағай табыстардан кейін  2013 жылы Нұрдәулет Момыновқа Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы деген атақ берілді.

IMG_6915

Шабандоздың айтуынша, Көкпарға шабатын ат жүйрік әрі  төзімді болуы керек.  Негізі Көкпарға қазақтың қарабайыр жылқылары төзімді көрінеді. Командалық жүйедегі көкпарға әр ойыншының өзіне тән, командада атқаратын қызметіне сай аттар таңдалады екен. Мысалы, шабуылшыға биік емес ұшқыр аттар алынса, қорғаушыға биіктеу, денесі ірі аттар іріктеледі.

«Жаттығу процессі жарыс алдында екі кезеңде өтеді. Олар жалпы дене дайындығы және спорттық аттармен өтеді. Бірінші кезеңде спортшының жалпы дене дайындығына көңіл бөлінсе, екінші кезеңде спорттық аттармен көкпар ойынының тәсілдері мен тактикалық әдістері бойынша жаттығады» дейді жаттықтырушы Нұрдәулет.

IMG_6916

«Осы бір қазақтың қазақтығын танытатын спорт үшін Астанада Көкпар аренасы бой көтерсе шіркін! Сонда Көкпардың  құлашы кеңіп, ұлттық спорттың көсегесі көгерер еді» дейді  көкпаршы.

Тұлпарыңның тұяғы сүрінбесін Нұрдәулет! Сендей жігіттер бар да қазақ спортының абыройы асқақ!

Ж.ЕРАЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.