Әрбір аңшы үшін қыстың қызығы — қансонар

Алматы облысында бүркітшілер жарысы аяқталды. Әрбір аңшы үшін қыстың қызығы — қансонар. Ал қансонар қызығы ит жүгіртіп, құс салу. Осы сайыста жүзден жүйрік шыққандар бағалы сыйлықтарға ие болды.
Жай күндері көре бермейтін қырағы құстарды осындайда бір тамашалап, көпшіліктің қызығушылығы арта түсетіні мәлім. Биыл да қыранның бағы мен бабын байқауға халық көп жиналды. Бұл жолы саятшылар сайысына 6 өңір мен 2 қаладан, 40 қатысушы келді. Алайда, іріктеуден кейін, тек 10 бүркіт пен 6 қаршыға ақтық сынға түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл өткен сайын құсбегілікке құмартқандар арасында, әсіресе жастар қатары артып келеді.
Бағдат Мүптекеқызы, ҚР «Қыран» Федерациясының директоры:
Республика бойынша 100-ге жуық бүркітшілер бар. Еңбекшіқазақ ауданына тараған дүние деп ойлаймын. Әсіресе жастардың қатары толығып жатыр. Қазір 5-6 облыста спорт мектептерінің қасынан саяи бөлімі ашылып, мектеп жасындағы балаларды тәрбиелеуде.  
Сайыстың бірінші кезеңінде бүркітті әдеттегідей қоянға салды. Бұдан соң, сайыпқыран түлкіге түсті. Нағыз бабындағы қыранға түлкі мен қоянды алып ұрудың еш қиыны жоқ.
Ал бабы келіспегендері тіпті, осы межеге де жете алмай, жемтігінен қиыс кетіп жатты.
Биыл қаршығалар жарысында Жамбыл облысының жас саятшысы Бабажан Бағдаулет үздік атанды. Ал бүркітшілер арасында Атыраудан келген Арман Қошқарбаев қанжығасын майлап, «Нарын» атты бүркіті қарсыластарына дес бермеді.
Арман Қошқарбаев, 1-орын иегері:
Бірінші орынға ие болдық. Бүркітті 95-ші жылдан бері баптап келемін. Бұл бүркітті ұстағаныма 6 жылдай болып қалды. Бұл бүркіт Атырау қаласында 3 дүркін чемпион болған.
Бүгінде баба қазақтан бала қазаққа мұра болған ата дәстүр кең өріс алып келеді, елімізде. Сондықтан алдағы уақытта ұйымдастырушылар аталмыш өнерді көрші мемлекеттегі саятшылармен бірігіп өткізуді жоспарлап отыр.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*