Қытайдың үш телеарнасы тікелей эфирден таратқан қансонар (ВИДЕО)

Шынжаң, Шіңгіл ауданының 2 кезекті «салбурын салтанаты» 16 ақпан күні Шіңгілдің Ағашоба ауылында өтті.

Бұл жолғы салбурынға қатынасушылар қыранның жасына қарай 2-5 аралықтағы қыран және 6-10 жастағы аралықтағы қыран сияқты екі топқа бөліп өткізді. Салбурынға Шіңгіл ауданының ауыл-қалашықтарынан 50-ге жуық құсбегі, 10 мыңға жуық көрермен қатысқан.

Қандастарымыз қазақтың «ит жүгіртіп,  құс салған» саятшылық өнерін қайта жаңғыртып, құсбегілік өнерді өркендету мақсатында өткізілген салбурында құсбегілер жиылған жұртқа қырандарының қызығын көрсетіп,  қоянға, одан кейін қарсаққа, шибөрі, түлкіге салып құсының қырандығын көрсетті.

 

Ерекше қуантарлығы қандастарымыздың бұл реткі салбурынға Шынжаң Телеарнасының 24 сағат қазақ тілінде хабар тарататын cntv3 арнасы мен қытай тілінде хабар тарататын cntv1 арнасы, ұйғыр тілінде хабар тарататын cntv2 арнасы тікелей эфирден таратқан.

Сонымен, жарыстың ең соңғы кезеңінде Шағанғол ауылының құсбегі Мағасыл ақсақалдың ақиығы қасқыр алып жұртты таңдай қақтырды.

 

Естеріңізге сала кетсек, қазақ халқының өшкіндеген өнеріне өң кіргізіп, қазақ төбетін қайта «тірілтіп», халық әндерін Алтайдан Астанаға жалғаған Шіңгіл ауданы өткен жылдан бастап құсбегілік өнерді ұлықтауға ден қойып, салбурын өткізуді бастаған болатын. 13 мың адамды бір уақытта «қара жорға» биіне билетіп жүрген де осы Шіңгіл. Мұнда 70 пайыз қазақ тұрады.

Тоқтар ЖЕТПІСБАЙ, kazaitys.kz

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.