Бас турнир мәресіне жетті

Шымкент қаласында, дәстүрлі, Қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері А.Асқаровтың 90 жылдығына орай көкпардан халықаралық ХІ –ші, аударыспақтан ІІІ турнир өтті. Турнирдің ашылу салтанаты 3 қараша күні А.Асқаров атындағы атшабарда өтті. Атшабарға 10 мыңға жуық қала халқы жиналды. Шымкент қаласының әкімі салтанатқа келген халықты құттықтап, мерекеі ашық деп жариялады.

Турнирге Қазақстанның ең таңдаулы: Астаналық «Тұлпар», Жамбыл облысының «Әулие ата» , Оңтүстік Қазақстан облысының «Құлагер» командалары мен Қырғызстанның «Қабылан», «Ойқайың», «Қожамқұл» және Қытайдың «Құлжа» командасы қатысты. Мандат комиссиясы командаларды екі топқа: А және Б тобына бөлді. А – тобына : «Құлжа», «Құлагер», «Ойқайың», «Қожамқұл» командалары кірсе, Б-тобына: «Тұлпар», «Қабылан», «Әулие ата» кірді.

Ойынның алғашқы күні сайысқа бірінші болып Қытайдың «Құлжа» командасы мен Қырғызстанның «Қожамқұл» командасы шығып, қырғыз ағайындар қытайлықтарды 8: 1 есебімен, екінші жұп болып ойнаған «Құлагер» «Ойқайыңды» 12:1 есебімен ойсырата жеңсе, «Әулие ата» «Қабыланнан» 8:1 есебімен жеңіліп қалды. Еліміздегі көкпар қатты дамыған аймақ Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстан, олардың командасы үнемі көштің алдында, көкпарды сүйер қауымның аузында жүрген, ұлтымыздың намысын қорғап келе жатқан командалар болғандықтан, «Әулие ата» әп, дегеннен үлкен есеппен жеңіліс табады деген ой, ешкімнің басына келмесе керек, жанкүйерлер ойланып қалды. Келесі күні алғашқы ойын «Құлжа» мен «Ойқайың» командаларының арасында өтіп қытайлықтар 0:7 есебімен ұтылды. Бұдан кейінгі кездесу «Құлагер» мен «Қожамқұл» командаларының арасында тартысты өтті. «Құлагер» намысқа тырысып «Қожамқұлды» 6:3 есебімен ұтты. Үшінші жұп «Қабылан» мен «Тұлпар» командалары. Биылғы жылы Өскемен қаласында көкпардан өткен ХІІ Республика чемпионатында «Тұлпар» жеңімпаз атанған команда, ал «Қабылан» биыл қырғыз елінің чемпионы атанған екен. Бұл күнгі ойындардың ішіндегі ең қызықты ойын осы екі команданың арасында өтті. Екі елдің чемпиондарының қайсысы басым түсер екен деген ой жанкүйерлердің көпшілігін мазалағаны анық. Ойын бастала сала 40 –ы секундта Жаныбекұлы Коля «Тұлпардың» қазандығына бірінші салымды салып үлгірді, бұл астаналықтарды ширатып, жинақы ойнау керектігін түсіндірсе керек, ойынның екінші минутында Александр Пупенко алаң ортасында жатқан серкені қыранша шүйлігіп келіп іліп алып артынан шұбыра қуған қырғыздарды шаң қаптырып көсіле шапқан атымен қазандықты жанай өте бере серкені қазандықтың ортасына топ еткізді. «Жарайсың Саша! Нағыз жігіт! Жарайсың орысым, елінің намысын жыртып жүрген!» деген, орындарынан атып тұрып, қол шапалақтап, қуанғаннан гуілдеп ала жөнелген адамдардың жүрек жарды тілектері де естіліп жатты. Сонымен Сашаның ерлігі жанкүйерлерлердің күпті көңілін орнықтырғандай болды. 9-ы минутта Арслан Қабжанов екінші салымды салып, командасын алға шығарды. Сонымен «Тұлпар» командасы «Қабыланды» 2:1 есебімен ұтты.

Ойынның үшінші күнінде қытайдың «Құлжа» командасы «Құлагермен» кездесіп 13:1 есебімен ұтылды. Екінші жұп қырғыздардың «Ойқайыңы» мен «Қожамқұл» командаларының арасында өткен еді. 5:14 есебімен «Қожамқұл» ұтты. Бұл күнгі соңғы жұп болып «Әулие ата» мен «Тұлпар» командалары шықты. Астаналықтар 6:5 есебімен жамбылдықтарды ұтты.

Сонымен, ойынның 4-ші күні жүлдеден үміткер командалар анықталып та қалды. Көремендердің күткен ойыны «Қабылан» мен «Құлагердің» ойыны болатын. Жанкүйерлер демін ішіне тартып, ойыншылардың әрбір қимылын мұқият бақылап, бірде күйініп, бірде сүйініп тыпыршып әрең отырды. Бірақ, көкптің үміті ақталмады, көпшілік сансоғып, күйіп-ақ кетті, қаншама өңештер қарлықанша айқайлап, ойыншыларына дем бергенімен «Құлагер» қырғыздардан 1:0 есебімен ұтылып, жанкүйерлердің салы суға кеткендей болды. Бұдан кейін алаңға қырғыздардың «Қожамқұл» командасымен біздің чемпионымыз «Тұлпар» шықты. Жанкүйерлердің бар үміті енді «Тұлпарға» ауды. 20 минуттық алғашқы кезеңде есеп ашылмады, келесі 20 минутта да есеп ашылмады. Ойынның бас төрешісі қырғызстанның халықаралық дәрежедегі төрешісі Асылбек Шерибаев «Алтын салымға» дейін, қосымша 10 минут уақыт берді. Алайда бұл уақыт ішінде де есеп ашылмады. Айтар жоқ, екі команда да бір-біріне лайықты, нағыз ер- батыр жігіттерден құралған. Бас төреші қосымша уақыт нәтижесіз аяқталған соң булит жариялады. Ереже бойынша, булитте бір команданың ойыншысы серкені өңгеріп алып өз қазандығынан бұйрық берілген сәтте шаба жөнеліп қарсыласының қазандығына салу болса, қазандықтың артында тұрған қарсыласы серкені ала қашқан ойыншыны қуып жетіп, қазандығын қорғап қалу. Алғашқы кезек қырғыз көкпаршысы Байыш Ниязовқа берілді. Ол серкені алдына өңгеріп алып, бұйрық беріле сала атын қамшының астына алып, шаңды аспанға атып шаба жөнелді. Оның артынан қуып ала жөнелген Арслан Қабжанов қарсыласын қуып жетіп, серкені еркін тастауға мүмкіндік бермей жолын кес-кестей берді. Байыш сасқалақтап серкені қазандықтың ортасына түсіре алмай жиегіне тастап кетті. Бас төреші мұны салымға есептемеді. Келесі кезекте Арслан серкені өңгеріп алып қазандыққа тақай берді, бірақ оны қуып жеткен Байыш салымды тастауға мүмкіндік бермеді. Серке қазандықтың іргесінде қалды. Келесі жұп болып қырғыз Тілек Әсенбаев пен астаналық Елдос Тлебалдиев шықты. Елдос атынына қамшыны басып қазандықтың қасында қарсыласын қуып жетіп, аты-матымен сүрінежығылып жатса да салым салғызбай қорғап қалды. Ал Елдос серкемен тұра шапқанда қырғыз жігіті Тілек атының ұшқырлығын пайдаланып қарсыласын қуып жетіп серкесін тартып әкетті. Үшінші кезекте Байыш Ниязовтың інісі Манас Ниязов пен астаналық Ұлан Байтөреев жекпе-жекке шықты. Манастың ұшқыр аты Ұланға жеткізбей алғашқы салымға қол жеткізіп есеп ашты. Ал Ұлан серкемен қашқанда Манас демде қуып жетіп қарсыласының жолып кесіп қазандыққа жолатпады. Төртінші булит қырғыз жігіті Рустам Тналиев пен астаналық Александр Пупенконың арасында өтті. Рустам екінші салымды салып командасын жеңіске жеткізді. Сонымен есеп 2:0 болып қырғыздың «Қожамқұл» командасы ақтық жарысқа жолдама алды.

Жарыстың соғы күні, 7 қараша күні, күн тамылжып бетті қыздырып мамыражай шуақты болды. Және кешегідей айқай-шу да, дүрбелең де болған жоқ. Жұрттың аптығы кешегі ойындардан кейін, үзілген үміттей басылып қалған еді. Бірінші- екінші орынға қырғыздың «Қожамқұл» командасы мен «Қабылан» командасы таласты да, үшінші төртінші орындарға астананың «Тұлпары» мен Оңтүстік Қазақстанның «Құлагері» таласты. Оңтүстік қазақстандықтар астаналықтарды 5:4 есебімен, «Қабылан» «Қожамқұлды» 7:2 есебімен ұтып, Мемелекет қайраткері, Социалистік Еңбек Ері А.Асқаровтың 90 жылдығына арналған көкпардан ХІ халықаралық турнирдің чемпионы атанып, бас жүлдеге тігілген автокөлікті ұтып алды. Бабамыздан «Күш атасын танымайды» деген аталы сөз қалған. Осы турнирда екі елдің ең мықты командалалары күш сынасты. Жаналысып жанберіскен ойын болды. Жарыс соңында жеңімпаздар марапатталды. 1-ші және 2 –ші орындарды қырғызстанның «Қабылан», «Қожамқұл» командалары, 3-4 орындарды оңтүстік қазақстандық «Құлагер» командасы мен астаналық «Тұлпар» командалары, 5-ші орынды жамбылдық «Әулие ата», 6 –ы орынды қырғызстандық «Ойқайың», 7-ші орынды қытайлық «Құлжа» командасы иеленді. Турнирдің ең үздік командасы деп «Қабылан» командасы жарияланды, Ең үздік жаттықтырушы деп қырғыз Азиз Урсалиев танылды. Ең үздік жекпе-жек аты деп қырғыздың «Танк» атты айғыры, Ең үздік ат деп «Құлагер» командасының аты «Ақтанау» танылды. Ең жас ойыншы деп 1993 жылы туған қырғыз ойыншысы Манас Ниязов, Ең үздік ойыншы деп Урмат Мусаев, Ең үздік қорғаушы деп асталық Ермек Көбей, Ең үздік шабуылшы деп қырғыз ойыншысы Рустам Тыналиев танылды.

Осы турнирде 5 салмақ дәрежесінде аударыспақшылар да күш сынасты. Аударыспақтан командалар: Өзбекстан мен Қырғызстаннан және Қазақстанның Шығыс Қазақстан, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарынан қатысты. 90 келіден жоғары салмақта 1 –ші орынды оңтүстік қазақстандық Бекбосынов Ерұлан, 2 –ші орынды шығыс қазақстандық –Батырбаев Асқар, 3-ші орынды қостанайлық Мұстафин Ермек иеленді. 90 келі салмақ дәрежесінде 1 орынды оңтүстік қазақстандық- Ізбасаров Сырым, 2 –ші орынды шығыс қазақстандық -Батырбаев Мирлан, 3-ші орынды қырғызстандық- Алтымешев Марат иеленді. 80 келі салмақ дәрежесінде 1 –ші және 3 –ші орынды оңтүстік қазақстандықтар Жұмалиев Түймебек пен Рахматіллә Есмұрат, ал 2-ші орынды шығыс қазақстандық- Амалбеков Жақсылық иеленді. 70 келі салмақ дәрежесінде 1 –ші және 2 –ші орынды оңтүстік қазақстандықтар Аманбеков Руслан мен Байғонов Ерназар иеленсе, 3-ші орынды батыс қазақстандық -Бисекешов Жәнібек иеленді. 60 келі салмақ дәрежесінде 1-ші орынды батыс қазақстандық -Ғазезов Жанәділ, 2-ші орынды шығыс қазақстандық -Диханбаев Ерасыл, 3-ші орынды оңтүстік қазақстандық -Нұрабаев Ербол иеленді. Жарыстың бұл түрінен ең жоғары нәтиже көрсеткен оңтүстік қазақстандықтар болды, олардың қоржынына 4 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль салынды. Екінші жақсы нәтиже көрсеткен шығыс қазақстандықтар болды, олардың иеленгені 4 күміс 1 қола медаль. Батыс қазақстандықтар 1 алтын, 1 қола медаль иеленсе, қырғыздар мен қостанайлықтар бір-бір қола медальдарға риза болды.

Альберт Мүрсәлім –ҚР Ұлттық ат спорты федерациясының атқарушы директоры.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.