“Құлып тақым” қария әлi көкпар тартады

kokparshyЕртеректе ел арасында кеңiнен тараған ұлттық ойындар саны 200-ден астам болған көрiнедi. Әйтсе де, ертегiдегi Ерназар шалдың “Тоғыз ұлым бiр төбе, Ер Төстiгiм бiр төбе” дегенi сияқты ұлттық ойындарымыздың iшiнде көкпар тартудың шоқтығы биiк. Көкпар десе делебесi қозбайтын, қаны қызбайтын қазақ кемде-кем. Бiлектiлiк, жүректiлiк һәм ептiлiктi қажет ететiн осынау спорт түрiмен айналысу ердiң ерiнiң ғана қолынан келсе керек. Ал жасы жетпiс төртке келсе де, “жетпiс төртiншi жылғы” жiгiттей ат үстiнде ерге қонып, көкпар тартып жүрген, ел аузында “Түлкiбастың бiр тартары” атанып аңыз болған Зұлпыхар Тайырбеков ақсақалдың әбжiл қимылын көргенде, таң қалмасқа шарамыз қалмады. Жақында, «Жас Алаштың» тапсырмасымен, айтулы көкпаршыны ауылына – ОҚО, Түлкiбас ауданы, Елтай елдiмекенiне арнайы iздеп барып, қазына қарияның ұлық ойын жайлы айтқандарын қағазға түсiрiп алдық.

 – Ақсақал, байқаймыз қай жерде көкпар болса, сол жерден табылып, аттан түспейтiн сияқтысыз. Әйтсе де шау тартып қалғаныңыз көкпарға қойып кетуге кедергi келтiрмей ме?
– Рас, қанға сiңген қасиет қой. Ең алғаш көкпарға он жасымда түскенiм есiмде. Мiне, содан берi көкпар тартып жүргенiме 64 жылдан асыпты. Өткенде кемпiрiм: “Қартайғанда қойсаңшы ендi, ажалыңа асығып жүрсiң бе?” – дедi шай үстiнде назын айтып. Сол кезде теледидарда концерт болып, Ес­кендiр Хасанғалиев, Нұрғали Нүсiп­жановтар ән айтты. Мен иегiммен соларды нұсқап: “Ескендiр, Нұрғалилар да әлi ән айтып жүр ғой”, – деп жауап бердiм. Көкпарға бармасам ас батпай, ауырып қаламын. Сондықтан Қазақстан аумағында ұйымдастырылған iрi додалардан мейлiнше шет қалмауға тырысамын. 2009 жылы жасымның жетпiстен асқанына қарамастан “Ұлы дала ойынында” үлгi ретiнде серкенi тақымыма басып, атшабарды үш айналып шауып өттiм. Ат спорты федерациясының басшыларына “ардагерлер арасында көкпар өткiзсеңiздер” деген ұсыныс айтқан едiм. Өкiнiшке қарай, әлi күнге қолдау таппай келедi.
– Ережесi өзгерiп, командалық жүйемен өтетiн қазiргi көкпарға көңiлiңiз тола ма?
– Мұның құжатын қырғыздар жасап, бекiтiп (патенттеп) алды ғой. Ендi өзгерiс енгiзу-енгiзбеу мәселесi солардың қолында. Жасырып қайтем, ұнамайтын тұстары жетерлiк. Мәселен, қазандық биiк орналасқандықтан аттарға обал. Қазандықтың қасында бiрiнiң атын бiрi соғып, жарақаттайды, ақыры бiр көкпардан кейiн тасырқап, ақсаған бiрнеше ат екi-үш айға дейiн қатарға қосыла алмайды. Екiншiден, жетекке алуды алып тастаса деген ұсынысым бар. Қазiргi көкпарда бiреуi тақымына басса, екiншiсi атын жетектеп, қалған екi командаласы жанынан қоршап, тартыссыз-талассыз қазандыққа салып қайтады. Ол ұпай алу үшiн дұрыс тактика болғанымен, жалпы халыққа қызық емес. Сосын көкпар­ға тартылатын серке 27-30 келi болуы шарт. Кейде 35 келiлiк серкелердi тартқызып жатады. Мұны да назарға алған абзал.
“Айтпаса сөздiң атасы өледi” деген, қазiр чемпионатта төрелiк етiп жүргендердiң көбi жас күнiнде көкпар шаппаған азаматтар. Атын атап, түсiн түстемей-ақ қояйын, iштерi бiледi ғой. Көкпарды танытамыз десек, “баласы басшылықта, iнiсi үкiметте қызметте екен” деп, кiм болса соны төрешi етудiң арты жақсылыққа апармайтыны аян.
– “Әулие ата” командасының намысын қорғайтын елiмiздiң маңдайалды көкпаршысы, ұлыңыз Жұлдызхан Тайырбеков бiр көкпарда құлап қалыпты, сонда астындағы тұлпары төбе басында отырған сiзге шауып келген деседi…
– Ол бұрынырақта болған оқиға. Жұлдызхан серкенi тақымына басқан бойда жүйткiп келе жатып, кiлт бұрған сәтте ертоқымынан ауып түсiп қалды да, тұлпары маған қарай шапты. Мен қарғып мiндiм де, жерде жатқан серкенi iлiп алып қазандыққа салып қайттым. Бұл расында таңданыс тудыратын жағдай едi. Сол сәтте аттың ақылдылығы мен жасым жетпiске жақындап қал­ған маған көрсеткен жиналғандардың қошеметi ерекше болды.
Бұдан бөлек, көкпар аттарының iшiнде Төлен замандасымның сары қасқа атына ризамын. Жануардың ақылдылығы соншалық, кез келген мықты көкпаршының тақымындағы серкенi тiстеп тұрып тартқанда жұлып алатын да, иесiне беретiн.
– “Әке көрген оқ жонар” демекшi, жолыңызды қуған ұлыңыз Жұлдызханның Шымкенттiң емес, Жамбыл облысының намысын қорғау себебiн бiлсек деп едiк…
– Алдымен екi өңiр көкпаршыларының ерекшелiгiн айтайын. Шымкент көкпаршылары ептi, қызу қанды. Бiрақ жаппай көкпарда серкенi жiпке байлап үйренiп қалғандықтан, тақымдары бос келедi. Ал жамбылдық жiгiттер серкенiң аяғын ердiң басына байламайды, таза тақымға салып тартады. Басында Жұлдызханды Шымкенттiк көкпаршылар шеттетiп, аяғынан шалып, қатарларына қосқысы келмедi. Кейiннен “Әулие атаға” ауысып, өздерiне қарсы ойнап, сыпыра ұтқанда ғана мойындап, бармақтарын шайнады.
Жұлдызханның нағашы атасы Сәтбай Орта Азияға әйгiлi мықты көкпаршы болған кiсi. Өз заманында оның тақымынан көкпарды ешкiм тартып ала алмайды екен. Ол кiсi 1959 жылы Өзбекстаннан көшiп келгенiн естiгенде әкем қызын маған айттырып әпердi. Сондықтан Жұлдызханның мықты көкпаршы болмауға хақысы жоқ. Басқа бес ұлым да көкпар тартады. Ауданаралық көкпарда бәрi атқа қонады. Жиырма немере, екi шөберем бар. Болашақта ұрпақ сабақтастығы үзiлмейдi деген үмiттемiн.
– Қарап отырсақ, “Әулие ата” командасындағы “Лазер”, “Помидор”, ОҚО командасының “Алатау” атты атағы жер жарып тұрған көкпар аттарының барлығы Қырғызстаннан әкелiнген екен. Сонда өзiмiзде мықты ат жоқ па, әлде атбегiлерiмiз осал болғаны ма?
– Мойындауымыз керек, қырғыз ағайындардың аттары, атбегiлiк мектебi бұрыннан мықты. Бiрақ бұл көкпар тартуда қырғыздар қазақтардан мықты деген сөз емес. Көкпарда ат пен шабандоз бiр-бiрiне сай болуы керек. Бiрi мықты, бiрi осал болып тұрса, бекерге бағы байланады. Өзiм осы күнге дейiн алпысқа жуық атпен додаға кiрiппiн. Жақсы ат болмаса көкпар шаппаймын. Шапқан күнiмде қазандыққа салмаған кезiм болған емес. Көкпарға қосатын аттың басы жеңiл, шоқтығы биiк, шапшаң болуы керек. Мұндай аттарды көкпардан өзге мақсатқа мiнбейдi.
– Ұлтымыздың ұлы перзентi Бауыржан Момышұлы: “Батылдыққа, ептiлiкке, бұлшық еттi шынықтыратын, құмарлықты оятар, есеппен тәуекелге бел байлауға, тiптi, өзiнiң ары мен атағы үшiн өлiмге бас тiгуге дейiн баратын дәстүрлi ұлттық, спорттық ойын” деп баға берген көкпармен айналысуға кез келген жiгiттiң жүрегi дауалай бермейдi. Жарты ғасырдан аса уақыт көкпар тартқан сiз жүректi екенсiз.
– Оның рас. Көкпарда шауып жүрiп аяқты да сындырдық, қолды да сындырдық. Екi рет естен танып қалып ауруханада ес жидым. Бiрақ астымдағы атым сүрiнiп кетiп құлағаным болмаса, өздiгiмнен ер үстiнен ауып қалған кезiм жоқ. Жас күнiмде қазақ, қырғыз, өзбектiң мықты көкпаршылары тақымымнан серкенi жұлып алған емес. Қолыма серкенiң сирағы iлiнсе, менiң тақымыма басылатын. Жұрттың “Түлкiбастың бiр тартары”, “Тақымы құлып” атап кеткенi сондықтан.
– Өзбек, қырғыз демекшi, суреттерiңiздi ақтарып отырып Ресейдiң Краснодар қаласында көкпар тартқаныңызды көрдiк.
–1981 жылы болатын. Шымкенттiң “Күйiк” совхозы қойдан және Алматының “Дегерес” совхозы жылқыдан “ең үздiк совхоз” атанды. Соның құрметiне Алматыда көкпар ұйымдастырылды. Сол жерде көзге түскен болуым керек, менi Краснодардағы Одақ республикаларының ұлттық ойындарына алып барды. Оған дейiн өткiзiлген екi жарыста қазақтар қырғыздарға есе жiберген екен. Сол жолы оларды күйрете жеңiп, мерейiмiз үстем болды.
Сонымен қатар, әзiрбайжандардың “Папах алу” деп аталатын ұлттық ойын түрiнен де сынға түстiк. Ережесi қарапайым: қос команда сапында жетi жiгiттен, бiр-бiр қыздан атқа қонады. Қарсыластар бiр-бiрiнiң басындағы қалпағын жұлып алып, өз қыздарына берiп отырады. Уақыт аяқталғанда қайсы команда мүшелерi жалаңбас қалса, солар ұтылады. Не керек, ережесiмен сол жерде таныссақ та, жарыста әзiрбайжандардың өзiн ұтып кеттiк.
– Сiздiңше көкпарды дамыту үшiн не iстеу керек?
– Қазiр елiмiздiң футболшыларының жалақылары миллион теңге деп естимiз. Көкпар – командалық спорт түрi. Қиындығы мен қауiптiлiгi өзге спорт түрiнен екi есе артық десем, ешкiм дауласа қоймас. Сондықтан футболға жасалып отырған жағдай секiлдi, көкпарға да үлкен қамқорлық танытуымыз керек. Сонда ғана ұлттық спортымыздың тасы өрге домалайтынына, әр ауылдың қара домалақтары   күнде көкпарға түсетiнiне сенiмiм мол.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.