Қамшыгерлік спорт өнері

Қамшыгер де найзагер, мерген секілді жауынгерлік машық (мамандық) қатарына кірген. Олар елде ерекше әлеуетті жіктің сапынан табылып, дәстүрлі ортада айрықша әлеуметтік мәртебеге ие болған. Сонымен, қамшыгерлік деген не, қамшыгер деген кім?

қ5

“Қамшы арқылы жауынан қорғана алатын не жайратып салатын адамдар қамшыгер атанады. Қамшы әркiмнiң қолында жүретiн жабдық және елеусiз суық қару. Бiрақ қолында қамшы жүргенiмен, оны қару ретінде пайдалану көрiнгеннiң қолынан келе бермейдi. Қамшылы адам — сырттай қарағанда қарулы адам. Ал қамшыгерлер өздерiн «елеусiз қаруға иемiн» деп санайды”. (Ж.Бабалықұлы)

Бұлай есептегеніне күмәнмен қарамаңыз. Себебі, «қамшыны бiр-ақ рет ұрған, бiр ұрғанда дәл тигiзген және қарсыласын қай жерiнен қалай ұрғанда естен танатынын, аттан құлайтынын, жараланатынын өте жақсы біліп, осы шарттарды бұлжытпай орындаған адам қамшыгер бола алады.  Қамшыгер аяқ асты ұмтылған айғыр, бура, бұқа, ит, қасқырлардың осал тұстарына қамшымен ұрып бетін қайтарған немесе жаралап өлтіріп кеткендері де кездеседі».zyffz

Қамшыгерлік спорт түрі елге таныту, дамыту мақсатында ерте кезде сайысқа, бәс-бәсекеге, егес-намысқа түсетін мамандықтың бірі болған. Ел-жұрт жиналған той-домалақтарда сәйгүлікті бәйгеге қосса, балуандар күрескен, мергенді қараға, қамшыгерді бәсекеге шақырған жарыстар өткізіліп тұрған. Кейбiр бәсекеде сиырдың терiсiн төрт пұшпағынан төрт қазыққа керiп тастап, шауып келiп ұрып өткенде, терi тесiліп, не болмаса жыртылады, не тiлiнiп түседi деседi.  

Этнограф Ж.Бабалықұлы ел арасынан шыққан әйгілі қамшыгерлердің өмірде болған оқиғаларын баяндайды. Танымал найзагер әрі қамшыгер Лақ, оның баласы Бәлел, Хамза Шәмшiбайұлы, Төлебай, Әрiп, Сартқожақ деген қамшыгерлер туралы түрлі деректер келтіреді.

қ4

Бірде Төлебай қамшыгер бәстесіп атан өгіздің бел ортасына бір ұрғанда осылған жерi тесiлiп, бел омыртқаның басы кеткен жануар жата кетеді десе, екіншіде  Бәлелге ауыз сала берген бураны қасқа маңдайдан қамшыны сол қолына ұстаған күйi тартып жiберіп, етпетiнен түсірген. Бураның иесі дау көтерiп: «Сен басқа қарумен ұрдың, түйемнiң құнын төле», — дегенде Бәлел сонадайға барып, қайта оралады да, шауып өте берiп, оң қолымен өлген түйенiң басын қамшымен ұрып, сүйегiн айырып жiбередi.

89C50CDD-114C-47FB-B24E-DB81F23FAFE0_w640_sТөл өнер жайлы ғалым Ж.Бабалықұлы тағы да былай дейді: «ХIХ-ХХ ғасыр өн бойында қазақтың қамшыгерлiк мамандығы өнер ретiнде дамыған кезi деуге болады». Бұл сөзге сенсек, мал айдайтын шыбыртқы рөлінен өнер деңгейіне дейін өткен ғасырларда-ақ нағыз шарықтаған шағына жетіп, өше бастаған. Әр түрлі материалдарды оқи отырып, соңғы қамшыгерлер өткен ғасырдың 50-ші жылдарына дейін өмір сүрген. Бұны Ж.Бабалықұлының мақаласындағы берілген жылдар да растайды. Әлбетте, олар әдетте Қытайдағы не Моңғолиядағы қазақтарда сақталып қалып отырды. Қазақ жеріндегі болған үлкен әсерлер кесірінен қамшыгерлік еліміздің жадынан өше бастады. Кейбір болжамдар бойынша, қамшыгердің соңғысы деп Иманжүсіп Құтпановты айтады.

«Ер қаруы – бес қару»

Бұрында жауынгер қолданған қарулардың жалпылама атауы «бесқару» делінген. Бесқару құрамына қылыш, сойыл, шоқпар, найза, босмойын, қайтыпкел, жақ (садақ), сүңгі кірген. Солардың қатарында әрі жабдық, әрі қару ретінде қамшы да бар.

Қамшы соғыс-ұрыс қаруы санатына жататындықтан оның ұрыс-шайқасқа бейімделген түрлері де кездеседі. Ол жайлы белгілі этнограф Өзбекәлі Жәнібек: «Қамшының дойыр, дода, дырау секілді әскери түрлері бірінен бірі өрім өлшемімен ғана емес, қалқанының ауқымымен, тарамысының аумағымен, соққының мығым болуы үшін бұрғылап тесіп, қорғасын құятындықтан сабының салмағымен де ажыратылған», – деп қол қарудың бұл түрлерін атап өтеді. Одан бөлек біртартар, бесқасқа тәрізді, сондай-ақ, қазұялы қамшы және бұзаутіс қамшы түрлері де белгілі. Соңғы аталған қамшының өзегiне иілгіш темiр қосып, қолараның тiстерi сияқты алты таспадан жұмырлап өрген екен. Өрімі жуан дойыр қамшының түйініне тас, қорғасын бекіткен қамшы көкқару орнында да қолданылатын.

Қамшы – көбіне ат үсті айқастың қаруы. Адамның, жан-жануардың осал, талмау жерлері болады. Қамшыны қай жерден қалай ұруына байланысты — айырады, тiледi, сызады, осады, көгертедi, езедi, жаралайды, сындырады, өлтiреді. Қамшыгер осының барлығын айқын білуі керек. Бұл өнер адамның тұла бойындағы ептілік, тездік әрі дәлдікті, мергендікті, сонымен қатар, сезімталдық, өткірлік, қатты қолдылық, сескенбейтін серттілікті қажет етеді.

Дойыр

Осы орайда, Жағда Бабалықұлының қамшыгерлікті «сыры, сипаты, ғажабы әлі танылмаған ғылым деп қарап,  талдап, зерттеу жүргізу қажет. Сонан соң оның спорттық мән-мағынасына, ерекшеліктеріне орай, бағыт-бағдар, тәртіп-қағида жасауға болады» – деп түйіндеген болатын. Біз де сондай оймен тәмамдайық.

А.ТЕМІРБЕКҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*