Энциклопедиялық сөздік: Құсбегілердің құрал-жабдықтары (2)

Белқанжыға

Белқанжыға

БЕЛҚАНЖЫҒА – аңшылар жаяу жүргенде қолға түскен қоян, үйрек, қырғауыд т.б. олжаларын беліне қыстырып алуына қолайлы құрал. Ол қайыстан өріліп, өрім бір тұтам болған кезде таспалардың ұшына жез шығыршық тағылады. Өрімнің бас жағына да шығыршық тағылып, оған ілгек бекітіледі. Ол ілгек кісе белдіктің шығыршығына тағылады. Таспаның ұшындағы шығыршықтардан таспаның өзін өткізіп, тұзақтап алып, оған түз тағысын сирағынан қыстырылып алып, жаяу жүру қолайлы болады.

сақпан

Сақпан

САҚПАН – аң-құсты үркіту үшін қолданылатын құралдың бірі. Сақпанның алғашқы түрі тұтқасынан ұстап айналдырғанда бірқалыпты дырылдаған дыбыс шығарады. Ал екінші нұсқасы тұтқасынан ұстап сілку арқылы немесе екінші қолдың алақанынан соғу арқылы сақылдаған дыбыс береді.

 

 

 

 

 

 

 

 

сақпан (зақпы)

Сақпан (зақпы)

САҚПАН (ЗАҚПЫ) – тас, т.с.с заттардың алысқа лақтыруға қолданылатын қол қаруы. Ежелгі Мысыр, Грекия, Ұрым, Орта Азияда соғыс қаруы ретінде қолданылған. Сақпанды көбінесе қайыстан өріп жасайды. Кейде жылқының қылынан да есіп жасалынады. Сақпанның қос бауы, ортасында көлесі адамның алақанындай алақаны, бір бауының ұшында өрме тұтқасы мен бүлдіргесі болады. Оның – «тұйық бау» дейді. Екінші бауын – «азат бау» деп атайды. Азат баудың алақанға қарсы ұшы сүйірлене бітеді. Бауларының ұзындығы 100-120 см болады. Сақпанның алақанына көлесі – жұдырықтай тас, қорғасын т.б. салып, бүлдіргесін оң қолдың білегіне іліп, азат баудың ұшын тұтқаға бас бармақ пен сұқ саусақ арқылы қыса ұстап, үйіре жылдам айналдырып азат бауды босатын жібереді. Сонда сақпанның алақанындағы тас өте алысөа (шамамен 200 метр астам) ұшады. Сақпанмен бөрі соғып, жауын аттан түсіретін мергендер болған.

шәңгек

Шәңгек

ШӘҢГЕК – тармақтала өскен бұтақтары бар қатты ағаштан, еліктің мүйізінен немесе темірден жасалады. Құсбегілер қыран құстың балапанын алу үшін, биік-биік шың-құздарға өрмелеп шығарда, бір ұшына темір шәңгек байланған, шыжым жіпті жоғары лақтырып, кері тартып көреді, егер шәңгектің ілмек тұяғы бір затқа (ағаш, бұта түбірі, тастың бедері т.б.) берік ілінгеніне көзі жетсе, сол жіптің көмегімен тырмысып жоғары өрмелейді. Аңшылар қасқыр, қабан, құлжа, барыс тәрізді ірі аңдарға қақпан құрғанда салдауыр орнына кейде шынжырдың бір басына шәңгек байлап қоятын. Қақпанға түскен аң қақпанды сүйреп кетсе, шәңгек жерді сызып із қалдырып отырады. Ал шәңгектің тармақты ілмек тұяқтары бірінші кездескен бұтаның, ағаштың түбіріне (тамырлана) ілініп қалып, аң ұзап кете алмайды.

пышақ

Пышақ

Пышақ сөзінің түбірі – піш. Ол пішетін, кесетін құрал. Қазақта пышақтың сапы, семкер, селебе, ақинақ, қанжар, құжанты, бұйда пышақ, кездік, от пышақ, бәкі (шаппа), ұстара, қандауыр деген түрлері бар. Пышақтың басы мен сабы тоғысқан тұсына саптың сағағын металл құрсаумен көмкереді. Оны сақинек дейді. Пышақтың сабы ағаштан әзірленсе, оның металл құсауын мойнақ деп атайды. Жетім шегені мойнақ жасырып тұрады. Басы мен сабы тоғысқан тұсын сағағы, ал сағақтың жүзіне қараған жағын алқымы, сыртына қараған тұсын кежегесі деп атайды. Қынына асыл тас орнатылса, оны – көзі дейді. Пышақтың дүміне кейде сақина тәрізді жұмыр металл дәнекерленеді. Қынға бекітілген қайысты соның көзінен өткізіп, пышақ түсіп қалмауы үшін байлап қояды. Оның шығыршық деп атайды.

шың

Шың

ШЫҢ – қазақтың көне музыка аспабы. Ол аты затына сай, ағаш қаққышпен соққанда шыңылдаған дыбыс шығаратын, беті сәл дөңес дөңгелек металл тәрізді ұрмалы –шулы аспап. Шыңды саятшылар түз тағыларын үркітуге қолданады.

дабыл

Дабыл

ДАБЫЛ – ұрмалы көне музыка аспаптарының бірі. Ертеден-ақ, дабылмен қалың тоғайдағы құстарды, тағы аңдарды үркітіп, оларға қыран құстар салатын болған. Дабылдың шанағы ағаштан шеңберлеп иіліп жасалынады. Ол үшін ағагты (тал, қайың) тақтай тәрізді жұқарта шауып алып, морға көміп балқытып иеді. Содан соң, көлеміне қарай, дабылдың шанағына түгінен тазартылған ешкінің немесе түйенің жас терісі керіледі. Дабылдың ердің қаысна іліп қоятын, немесе иыққа асып алға ыңғайлы тұтқабауы болады. Оны қайыстан өріп жасайды. Ба тағатын металл шығыршықтар тері керілмей тұрып, шанақтың бүйір қабырғасына бекітіледі. Оның шанағының сыртына берерлі өрнек оймыштап, мүйіз бен сүйекті қиюластыра бещендіріп қоюға да болады. Кейде сәндік үшін үкі, шашақ тағылады.

дауылпаз

Дауылпаз

ДАУЫЛПАЗ – қазақ халқының ұрып ойналатын көне саз аспабы. Ертеректе бұл аспапсоғыс құралы ретінде айбар беріп, қыр көрсету үшін қолданылған. Оның жорықтарда әскер басылар мен жеке батырлар ұстайтын болған. Бертін келе дауылпазды аңшылық пен құсбегілікте қолданғаны туралы мәлітеттер бар. Оның жасалу әдісі күрделі.

дудыға

Дудыға

ДУДЫҒА – қазақтың саз аспабының көнеден келіп жеткен бір түрі. Кезінде халық тұтынған бұл аспап мүлде ұмыт болып жойылып кеткен еді. Өткен ғасырымыздың жетпісінші жылдарының аяғында этнографиялық жазбаларға және қартұстаз Омар Хаймулдиннің берген мәліметтеріне сүйене отырып, дудығаның алғашқы жаңғыртпасын жасадық. Дудыға негізінде ұрмалы аспаптар тобына жатады. Оны аң-құс т.б. түз тағыларын үркіту үшін қолдануға болады.

көзілдірік

Көзілдірік

КӨЗІЛДІРІК. Малшылар, аңшылар және альпинистер қыс күндерінде түзде көп жүрсе, күн сәулесі қарға шағылысып, көзі жасаурап, қызарып ауырады. Осы кеселді қазақ «көздің қарығуы» деп атаған. Байқаған боласыздар, «қарығу» сөзі «қар» деген түбірден туындайды. Орысша оны «снежная слепота» леп атайды. Бір қызығы, ата-бабаларымыз да көз қарығуға қарсы киетін көзілдірікті өте ерте замандарда-ақ пайдаланған екен. Ертеректе қыстыкүні тыста көп жүретін адамдар жылқының қам терісін (иленбеген, шикі) жібіп, түгін жидітіп тазартып алған соң, суретте көрсетілгендей көдің тұсынан көлденең тілік тіліп, тері қоңыр – құрғақ көзінде тіліктердің арасындағы жолақты көлбеу бағытқа бұрып, тері көңге айналғанша көлеңкеде кептіріп, көзілдірік әзірлеген. Онған жұмсақ шүберектен (матадан) қиылған немесе биязы жарғақтан тілінген бау тағып, көзге киген.

арқамшы

Арқамшы

АРҚАМШЫ – ұзындығы 9-12 құлаш, жуандығы саусақтай, қос таспадан есілген қайыс арқан. Ертеректе жаугершілік кезде, арқамшыны қарсыласына лаұтырып, аттан аударып алуға қолданған. Халық арасында арқамшыны «бұғалық», «шалма» деп те атайды. Құрықтан арқамшының ерекшелігі 19-20 м. Жерден арқамшы тастап, асау жылқыны ұстауға болады. Ал ең ұзын құрық алты-жеті метрден аспайды. Арқамшыны малшылар мен аңшылар, жауынгерлер тұтынған.

Дереккөз: Мүптекеқызы Бағдат. Қазақ құсбегілері. Алматы: Таймас Принтхаус, 2006 — 102 бет

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*