«Қазақстан барысының» іріктеу кезеңі басталды

IMG_2902

Солдан оңға қарай: А.Шораев, Т.Есентаев, Қ.Ақсақалов

      Бүгін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің 4-маусымы ашылуына орай баспасөз мәслихаты өтті. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен өткізілетін жарысқа кәмілеттік жасқа толған салмағы 80 келіден жоғары азаматтар арасында, яғни абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша өткізіледі.

      Осымен төртінші рет ұйымдастырылып жатқан турнир ерекшеліктері жайлы ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев былай деп сөз саптады:

«Биылғы турнирдің ерекшелігі, былтыр 12 төреші болса, солардың қатарын 6-ға дейін қысқартып отырмыз. Төрешілеріміз емтихан тапсыратын болады, сол емтихан арқылы ең әділ, ең сауатты 6 төреші анықталып, финалдық кезеңде жұмыс атқарады. Биылғы төрешілер жарыс барысында 1000 АҚШ долларынан ортаға өз қалтасынан ақша салатын болады. Егер қателеспей, жарысты жоғары деңгейде алып шыққан төрешінің әлгі ақшасы қайтарылып, үстіне 5 мың АҚШ доллары қосылып беріледі. Біз әділдікті дәл осылай сынап көрмекпіз. Қазылар алқасы болмайды, тек арнайы төрешілер шешетін болады. Екінші өзгеріс, жеңімпаз балуанның жаттықтырушыларына бұрын 50 мың АҚШ долларын беретін болсақ, биыл 20 мың АҚШ долларына қысқарып отыр«.

     Ақтық сынына жолдама алатын балуандар есімдері осы айдан басталатын 3 іріктеу кезеңінен соң анықталады. Іріктеу жарыстары әр аймақта 2014 жылдың 1-наурыздан 20-мамырға дейінгі аралықта өткізіледі. Турнирдің І, ІІ, ІІІ кезеңдері бойынша жарыстарды жергілікті құзырлы мекемелер бекіткен төрешілер алқасы өткізеді.

  • «Қазақстан барысы» турнирі 4 кезеңде өтеді:
1 кезең — ауылдар мен елді мекендерде 2014 1-31-ші наурыз аралығында;

2 кезең — аудандық, қалалық 2014 жылдың 1-30 сәуір аралығында;

3 кезең — облыстық іріктеу жарыстары 2014 жылдың 1-20-шы мамыр аралығында;

4 кезең — турнирдің ақтық сыны.

     Аталмыш аламан сайыстың регламентінде іріктеу сындарынан өткен облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының балуандары ақтық сайыстың алдында Ұйымдастыру комитеті ұйымдастыратын барлық іс-шараларға қатысуға міндетті екені жазылған. Мұндай іс-шараларға балуандар өздерімен бірге қазақтың ұлттық шапанын, қасқыр терісін және қазақ күресінің күртешесін ала келуі тиіс. Аталған шарттарды бұзған балуандар Ұйымдастыру комитетінің шешімімен республикалық турнирдің ақтық сайысынан шеттетілуі мүмкін. Шеттетілген балуандардың орнына басқа балуандар күресе алмайды.

   Ұйымдастыру комитетінің іріктеу сындары барлық кезеңді кеңінен және толық қамтылмаған, сондай-ақ, іріктеу жарыстарының есебі (+фото, видеоесеп) тапсырылмаған жағдайда облыстың, қаланың балуандарын республикалық турнирдің ақтық сынынан шеттетуге құқы бар.

IMG_2886   Айта кетейік, жарысқа қатысатын балуандар арасында 25 мен 30-мамыр аралығында Алматы қаласында 5 күндік оқу-жаттығу жиыны өткізіледі. Жиын барысында ақтық турнирге іріктелген балуандар үшін тереңдетілген медициналық тексеру, допинг-сынама, фото-бейне түсірілім және баспасөз мәслихаты ұйымтастырылады.

Төл өнеріміз қазақ күресінің дамуы жайлы қойылған сұраққа агеттік басшысы Тастанбек Есентаевтың жауабы мынадай болды:

ҚР Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен өтетін жеңімпазы «Қазақстан барысы» атағын алып, «Алтын белбеу» мен алтын «Тайтұяқ» иегері атанады. Сондай-ақ, екінші орын алған балуан «Күміс белбеу», үшінші орынға «Қола белбеу» иегері атанады.

Жеңімпаздарға берілетін сыйақы қоры жайлы жоба идеясының авторы Арман Шораев толығырақ былай деді:

Былтырғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров бірден ақтық бәсекеде бақ сынайды. Ал қалған 14 облыс және Алматы, Астана қалаларынан екі-екіден балуан күреспек. Осылайша, турнирдің ақтық жарысы 2014 жылдың 29-маусымында Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде өтеді.

А.ТЕМІРБЕКҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*