Ұлттық спорт ұлықталды

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұлық мерекені бір ай тойлайтын ежелгі дәстүрмен Наурыз мейрамын атап өтті. «Самұрық Қазына» көз қырын салып отырған қауымдастық алдағы уақытта асық ату, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, көкпар сияқты ойын түрлерінен республикалық деңгейдегі жарыстар өткізуге дайындық үстінде екен. «2017 жылы өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесінде әлем жұртшылығы еліміздің басқа да жетістіктерімен бірге ұлттық спортын да  тамашалайтын болады», — деді қауымдастық төрағасы Қайрат Сатыбалды.

Мереке барысында көкпар, теңге ілу, аударыспақ ойындарынан жарыстар өткізілді. Бауыржан Байбек, Дархан Қалетаевтар бастаған мәртебелі қонақтар асық ойнаса, көкпардан «Астана-Самұрық» және «Астана-Жастар» командалары кездесті. «Самұрық» капитаны Қазыбек Амангелдинов 20 минутта екі салым салса, қарсылас командадан Абылайхан Амангелдинов қарымта салып үлгергенімен, 2:1 есебімен ұтылып қалды. Іле- шала «Жаппай көкпар» көрерменнің делебесін қоздырып, шабандоздардың алпарасын асырды. Теңге ілу сайысында Рүстем Мақұлов, Дәулет Әжібековтер ептілік көрсетті.

Ал аударыспақтан Абылайхан Амангелдинов мен Мұхтар Жиеналин жеңіске жетіп, техникасымен таңдай қақтырған еді. Мереке көркін «Наурыз айтысы» жандандырып, белгілі ақындар Б.Имашев пен Ж.Бұлғақов, М.Сұлтанзан мен А.Бейсенхан қонақтардың ықыласына бөленді. Қорыта айтқанда, бұл мереке қазақ спортының ғана емес, салт-дәстүрі мен мәдениетінің сиқырлы аралы секілді әсер бергендей еді. Ең бастысы, «Самұрықтай» жебеушісі бар ұлттық спорт бұдан былай жетімсіремейді деген үміт ұялады.

Д.Мәкежан

«Халық сөзі» газеті

26.04.2013

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.