«Балқарағайдағы» бір күн

Таңертеңнен жолға шыққан автобус оңтүстікті бетке алып, сәскеде қала сыртындағы «Балқарағай» демалыс орнына барып, бір-ақ тоқтады. Жусанды сайын дала төсіне қона қалған бірнеше үйдің іргесі қарағайдан қаланыпты. Жағалай қайыңмен, терекпен қоршалған. Арагідік енді еңсе түзеген шыршалар байқалады. Анадайда оттап жүрген жылқылардың қай-қайсының да тұрқы көз тартады. Бұрын тақымы ат жауырынына тиген қазақтың делебесін қоздырмай қоймайды…

Бізді «Балқарағайға» әкелген ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы-тын. Наурыз мейрамын желеулетіп, ұлттық ойындарымызды, өнерімізді, дәстүрімізді көрсетпек. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолпаштауымен қолға алынған мәнді мереке әуелгі мұратының үдесінен шығып-ақ бақты.

Бүркіт баптаған Валодия

«Балқарағайға» енгенде кәдімгі бүркіттің шаңқылын құлағымыз шалған. Көп ұзамай көргеніміз таңдай қақтырды. Алтын түсті жіппен кестеленген шапан киген, мұртты, сары өңді жігіт ағасы білегіне қондырған бүркіттің томағасын сыпырып тұр. Биікті аңсаған текті құс өткір жанарын көкке қадап, ұшуға қомданады… Жақындап барғанда байқадық, құсбегіміз орыс екен. Есімі Арқаның біразына таныс – Владимир Земблевский. «Баптағаныма он жылдың жүзі болған. Тарбағатайдың қыраны. Қансонардан қанжығам майсыз қайтқан емес» дейді қазақтың саятшылығын серік еткен сарыңыз.

Көптің назарын тұғырына қонақтаған екінші бүркіт те аударды. Иесі – шығыстың тумасы Серік Күнтуған. «Құс баптауды әкемнен үйрендім» дейді. Төрт бүркіті бар екен. Серік текті құс жайлы біршама сыр ақтарған: «Мынау қыран он екі жаста. Еркіне босататын уақыты болды, қартайды.

Әсілі, аңға қыс мезгілінде шығамыз ғой. Астыңдағы атың жарау, итің жүйрік, қыраның қырағы болса, алдыңдағы аңды адым бастырмауға болады.

Бұл маңда қасқыр аз. Түлкі жетерлік. Бір қыста жеті-сегіз түлкінің терісін сыпырамыз. Қалай десек те, қымбат дүние ғой. Пұлдап, жырғап, өзімізді жарылқаған емеспіз. Қазақы пейілмен, ниетпен, туған-туыстың, сұрағанның қанжығасына байлай саламыз. Ары кеткенде, төрімізге ілеміз» дейді құсбегі.

Іргедегі талдың түбіне төселген шағын сырмақта салпаң құлақ, аш құрсақ сұр тазы жатыр. Қыңсылай бауырына жармасқан сегіз күшігіне көз қырын салып қойып, қожайыны тастаған қой жілігін мүжиді. Әріректе үлкендігі бұзаудай төбет, қазақы төбет секілді, жан-жағына маңғаздана қарайды. «Мынаны қос бөрінің талапайына салсаң да, мыңқ етпес. Шатынан екі тістеп алып ұрады-ау» деседі сол маңдағы үлкендер.

Асық атып, садақ тартты

Көпшілік асық ойнау үшін арнайы жасалған алаңқайға жиналды. Бір тобымыз қой асығын, екінші тобымыз жылқы, сиыр асықтарын атуға кірістік. Бала кезде күн-түн демей құнығып соңына түскен сақамызды құрғыр қол жатсынып-ақ қалыпты. Алғашында атқанымыз айдалаға лаққанымен, көп ұзамай қалыпқа түскендейміз.

Ортаға тігілген көп асықты әркім өз сақасымен атып, сызылған шеңберден шығару керек. Тартысты басталған ойынның жеңімпаздарына естелік сыйлықтар үлестірілді.

Садақ атуға да қызығушылар қатары көп болды. Он метр шамасындағы қашықтықтан тартқан жебеңіз нысанаға дөп тиюі тиіс. Мұндағы көріністен «Адырнадан атқан оқ, ала өгіздей мөңіреп…» деген жыраулар сөзі ойға оралады.

Тері камзолды, егде жастағы қыздың садақ тартысы, қимылы көптің көзін тіктірген. Ол өзін Айнұр Әбдірайымова деп таныстырды. Қауымдастықтың мүшесі, садақшы. «Үш шәкіртім бар садақ атуға үйретіп жүрген. Еңбегіміз құралақан емес. Әлем, Азия біріншіліктерінен топ жарып жүр олар» дейді қазақтың мерген қызы.

…Бұл өлке — біздің ауыл жайлаған жер-ай,

Желіге асыл құлын байлаған жер-ай…

Құлақтан кіріп бойды алған әсем ән естіледі. Алтыбақанда тербеліп, еркін шырқатқан өзіміздің қос етек, бұраң бел қаракөздер.

Байрақты көкпарда біздің ережеге бағынады

Көкпар – «Балқарағайдың» базарына айналды. Қазақ даласында қарқынды дамып келе жатқан көкпардың халықаралық штаб-пәтері Бішкектен Астанаға ауысатындығын ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті  Б. Тілеухан айта кетті. Қауымдастықтың ұйымдастырған «Наурыз» мерекесінде көкпар ойыны кеңінен көрсетіліп, келген жұртты көкпаршыларымыз қызықты ойынымен таңқалдырды. Бәсекеде отыз келі тартатын серке ту-талақайға түсті. «Астана-самұрық» пен «Астана жастары» командалары ат үстінде айқасты. Бір-бірінің қазандығын аңдыған шабандоздар қазақ көкпарының бірегей үлгісін көрсетті.

«Ұрыста тұрыс жоқ». Білекті жігіттердің тартысты додасында самұрықтық, тақымындағы дүлдүл жануарын «Сарышаян» атаған Қазыбек Амангелдинов командасының есебін екі салыммен еселеп, жеңіске жетті. Мақтана айтарлығы, қауымдастық басшылығымен қатар, Самат Ахметов сынды ұлттық ойынға жанашыр қалталы азаматтар қомақты қаржы тігіп, көкпардың көрігін, шабандоздардың тақымын қыздырды. Ат үстіндегі айқас теңге ілумен, аударыспақпен жалғасты. Соңғысында Мұхтар Жиенәлиев пен Амангелді Әбілсейітов қарсыластарын бірнеше мәрте жер қаптырды.

Айтқандай, ұлттық ойынның басы-қасында жүрген азаматтар осы күзде Азия чемпионатын өткізуді қолға алмақ. Ол жерде спортымыздың бірнеше түрі ойналады. Жалпы жүлде қоры бір миллион долларға жетпек. Ең бастысы, байрақты көкпар бәсекесі біздің ережеге бағынады. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президентіБекболат Тілеухан айтты. «Алдымызға қойып отырған үлкен мақсатымыз – Азия чемпионатын өткізу. Оған бірнеше мемлекеттің құрама командалары қатысады. Біз де жасағымызды дайындаудамыз. Штаб-пәтер Астанада. Сондықтан, барлық ойын біздің ережемізбен өтеді» деді ол.

Ұлттық ойын дегенде бір өкінетін тұсымыз бар. Көкпардан көпке ырық бермей, жігіттеріміздің білек күші басым түсіп жатқанымен, бүркітшілер сайысынан жағдайымыз мәз емес, есеміз кетуде. Дегенмен, бұқаралық насихат пен қаржылай тапшылық болмаса, әлі талай шаруаның басын қайыруға кеш емес. Бұл – ұлттық спорттың жанашырларының сөзі.

Айтыс басталды, айтыс…

Ұлттың кәусарына сусаған жұрт шөлін қиқулы көкпармен басып, күн төбеден ауа айтыс алаңына жиналды. Белгілі ақындар Балғынбек Имашев пен Жандарбек Бұлғақов аға мен інінің айтысын көрсетті. Әзіл-қалжыңдарымен көрерменнің зор қошеметтерін иеленді. Жастықтың желігімен ә дегеннен ағасының жағасына жармасса да Жандарбектің сөздері түйеден түскендей, салмақты еді. Қазылар алқасынсыз сөз додасында Балғынбек ақын інісіне жол бергендей сыңай танытты.

Қыз бен жігіт айтысының үлгісін танытқан келесі жұп – Мейірбек Сұлтанхан мен Айсәуле Бейсенхан да ұзаққа дейін сөз жарыстырып, көпшіліктің ырзалығына кенелді.

Қазақтың бірегей өнерінен кейін, Наурыз мейрамына арналған дастарқан жайылды, көпшілік наурыз көжеден дәм татып, қымыз ішті.

Мерекелік концерт соңында Қауымдастықтың бірінші вице-президенті, әнші Бекболат Тілеухан Елбасының «қазағым» деп соққан жүрегін жарып шыққан «Елім менің» әнін шырқады…

«Балқарағайдағы» бір күніміз баяғы, иә, баяғы бабалар ауылына бір самғатып қайтты, ұлттық танымымызды бір айшықтатты, мәдениетіміз бен дәстүрімізді, салтымызды, бір сөзбен айтқанда, қазақтың бейнесін көрсетті.

Асхат РАЙҚҰЛ

«Астана ақшамы»

27.04.2013 ж.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.