1 тонна 70 келі таудың тасын көтерген Балуан Шолақ

     Балуан Шолақ — қазақтың маңдайына біткен өр рух. Алып күш иесі ретінде оны мойындамаған бірде-бір пенде жоқ шығар. Тек қара күшпен адам құлашы жетпейтін бәйтеректерді құлатып, көзі аларған нән бұқаларды бір қойып қап сұлататынын, жауырынын жерге тигізбейтін күрескер екенін халық аңыз етіп айтудан жалықпайды. Осы өрліктің өзі бір басына жетіп артылар еді, Жаратқан пендесіне сыйын үйіп-төгіп, сегіз қырлы, бір сырлы етіпті.

62Таңғажайып композитор, керемет орындаушы, ат құлағында ойнайтын шебер. Балуанның 35 жасында жазған «Кешегі сентябрьдің базарында, көтердім 51 пұт (816 кг) кірдің тасын» дейтін өлеңін оқыған сайын: «Паһ!!! Не деген күш бұл қайнап жатқан!» — деп тамсанушы едік. Балуан бұл адамзаттық рекордын араға 14 жыл салып өзі өзгертіпті. 49 жасында 1 тонна 70 келі (67 пұт) тартатын тасты көтеріп, әудем жерге апарып қойған екен. Ғасырдан астам аса уақыт бойы жел мен судың өтінде, күннің ыстығында мүжіле бастаған қара тас қазір Жамбыл облысы, Шу ауданында тұр.

Бабаң осындай қаһарман батыр болған десе, әруақтанып, арқаланып қалатынымыз бар. 1070 келі көтерген адам қазақ түгіл, әлемнің ешбір халқында жоқ екеніне бәс тігем. Біздің ұсыныс – Балуан Шолақ бабамыздың көзіндей болған тарихи тас Алматы қаласына Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайының алдына әкеліп қойылса және жанына әлемнің ең танымал кемінде он тілінде «Қазақтың мақтанышы Балуан Шолақ (Нұрмағамбет Баймырзаұлы) көтерген тас. Салмағы – 1070 келі» деп жазылып тұрса. Әрине, тастың жанына Балуан Шолақтың бұқа көтеріп тұрған ескерткіші бой көтерсе, нұр үстіне нұр болар еді.

52Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ірі-ірі халықаралық жарыстар жиі өтеді, шетелдіктер көп маңайлайды. Маңынан әрлі-берлі халық өте көп жүреді. Туризм және спорт академиясы бар. Балуан Шолақтың бұқаны еңсерген ескерткіші мен алып қара тасты көрген шетелдіктің бойында таңданыс, ал әр қазақта бойды шымырлатқан намыс, рух оянатыны анық. Ескерткіш қолға алынса, осы жылдың ең бір үздік жаңалығы мен зор жеңісіміз болар еді.

Мирас Кесебаев, «ҚазақстанZaman» газетінен

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.