Қазақстан чемпионатына 14 облыс қатысады деп күтілуде

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында 28-сәуір мен 4-мамыр аралығында Қазақстан Республикасының ересектер арасындағы көкпардан XIV, аударыспақтан XIV, қыз қуудан VII, теңге ілуден VII чемпионаты өтеді.

Осымен қатарынан 14-рет өткізіліп келе жатқан дәстүрлі чемпионатқа Астана мен Алматы қаласы және еліміздің барлық 14 облысы қатысады деп жоспарлануда.

Жарыс аясында «Жамбы ату спортын дамыту мәселелері» тақырыбында тәжірибелік семинар өткізіледі. «Жамбы ату ойынының ережесі» туралы ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Мұрат Мәмбетов, «Ұлттық ат спорты ойыны жамбы атуды үйрету тәсілдері» туралы жамбы атудың жаттықтырушысы Нұрғазиев Алдияр мен Моңғолия Республикасының садақ атудан 6 дүркін чемпионы, мерген Баткеріл Мичир «Ұлттық ат спорты жамбы атудың құрал-жабдықтары және спортшыға қойылар талап» туралы баяндама жасайды.

Семинарға ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Құмар Ақсақалов,  Түркістан қаласының әкімі Бақытжан Әшірбеков, «Нұр Отан» партиясы Саяси  жұмыс департаментінің директоры Сатыбалды Дәулеталин, ОҚО Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев қатысады.

Тәжірибелік семинардың жалғасы ретінде жамбы ату ұлттық спорт түрінен Түркістан қаласы мен Меркі ауданында (Жамбыл обл) 27.04 — 11.05 күндері республикалық оқу жаттығу жиындары өткізіледі. Еліміздің әр өңірінен 26 спорт нұсқаушылары таңдап алынып, жамбы ату бапкерлері Баткеріл Мичир мен Нұрғазиев Алдияр жетекшілігімен 10 күн бойы оқыту курсы жүргізіледі. Осылайша, жақын болашақта әр облыстан жамбы ату командалары дайындалып жасақталады.

А.ТЕМІРБЕКҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*