Түркістанда ҚР чемпионаты жалғасуда

Бұл күндері Түркістан қаласының атшабарында ұлттық спорт түрлерінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде. Атап айтсақ, көкпар мен аударыспақтан осымен ХІV, ал теңге ілу мен қыз қуудан VІІІ рет жарыстар өткізіліп келеді. Чемпионаттың бағдарламасы бойынша, жарыс сәуірдің 28-нен басталып, мамыр айының 4-де тәмамдалады.

Көкпарға барлығы еліміздің әр облысы мен республикалық маңызы бар Астана мен Алматы қалаларынан 16 құрама команда қатысуда. Жеребе бойынша командалар өзара 4 топқа бөлініп, қазір топтық кезеңдерде бәсекеге түсіп отыр. Алғашқы үш күннің нәтижесі шешулі рөл атқарады. Себебі, 2-мамыр күні бұл командалар үздік төрттікке таласады.

Ал, аударыспақ бұл чемпионатта 5 салмақ дәрежесі бойынша ойнатылып жатыр. Осыған дейін хабарлағанымыздай, 60 келі салмақта 1-ші орында Бекбасаров Ерғали (ОҚО), 2-орынды А.Жұмаділов (Жамбыл обл) алса, Жакишев Бердіғали үздік үштіктен көрінді. Ал 70 келі салмақ дәрежесінде үздік болып Шығыс-Қазақстан облысынан Жапишев Ермек шықса, 2-орын — Байғонов Ерназар (ОҚО), 3-орын Мурсалинов Қанатқа (Павлодар обл) бұйырды. Сонымен қатар, 80 келіде 1 орын Жұмалиев Түймебек (ОҚО), 2 орын Ендоянов Тимур (ШҚО) және 3 орын Алиев Мейрамбекте (Ақтөбе обл).

Чемпионат 4 мамыр күні көкпардан жартылай кездесу мен ақтық кездесуі және аударыспақтан 90+ келі  абсолютті салмақтағы балуандар күресуімен аяқталады.

Естеріңізге сала кетейік, чемпионат аясында ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы «Жамбы ату спортын дамыту мәселелері» тақырыбында тәжірибелік семинар өткізеді. Тәжірибелік семинардың жалғасы ретінде жамбы ату ұлттық спорт түрінен Түркістан қаласы мен Меркі ауданында (Жамбыл обл) 27.04 — 11.05 күндері республикалық оқу жаттығу жиындары өтеді. Еліміздің әр өңірінен 26 спорт нұсқаушылары таңдап алынып, жамбы ату бапкерлері Баткеріл Мичир мен Нұрғазиев Алдияр жетекшілігімен 10 күн бойы оқыту курсы жүргізіледі. Осылайша, болашақта әр облыстан жамбы ату командалары дайындалып жасақталады.

  А.Темірбекұлы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*