«Қыз қуу» спорт түрінің ережесі байырғы этнографиялық ұғым сай жасалғаны дұрыс

ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі және Республикалық Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының назарына!

Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев «Жаңа онжылдық –  жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында, 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуды міндеттеген болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы 2010 жылдың 12 наурызында об­лыс­тардың, Астана мен Алма­ты қалаларының әкімдерімен өткізген Қазақстанды индустриялық-инновациялық тұрғыдан қарыш­тай дамыту бағдар­ла­ма­сын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі мәжілісте бұқара­лық спортты дамыту бойынша жұмыстарды ширатуды тапсырғаны белгілі.

Осы орайда, бұқаралық спорттың бір тетігі саналып келген ұлттық спорт түрлерін дамыту жайы соңғы жылдары жақсы қарқын алып, қанат жайып келеді. Ауылдық жерлердің өзінде бұқаралық спортты дамытуға үлкен назар аударып отырғандықтан, жер-жерде көкпар, бәйге, сайыс, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ сынды ұлттық спорт түрлері даму үстінде.

Бұл шараға Республикалық Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен ҚР Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің қосқан үлесін айта кету абзал. Тек өткен жылдың өзінде Астана  қаласында «Балқарағай» сауықтыру кешені аймағында талайлар армандап қол жеткізе алмай жүрген халықаралық «Бүркітшілер» фестивалі мен көкпардан Азия чемпионатын өткізіп, ұлттық спорт ойындарының негіздемесін айқындау үшін халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар өткізіліп, ел мерейін өсіріп, тарихымызға елеулі із қалдырды.

BWXDoTT6MY5KU8AxyhKmVGzanV8aO3

Жалпы «Қыз қуу» ойынына тоқталсақ: қазақ халқының өте көне ойындарының бірі. Қазақ арасында кеңінен тараған ұлттық ат ойыны тобына жатады. Сонау ертеден келе жатқан бұл ойын біздің заманымызға оншама өзгеріссіз жеткенін атап өтуіміз керек. Бұл жарыс өзінің түрі жағынан біздің заманымыздан бұрын қандай болса, қазір де сол күйінде қалды. Ертедегі аңыз-ертегілерге қарағанда, қазақтарда тағы бір мынадай әдет-ғұрып болған. Осы әдет бойынша жарысқа екі рудың қыз бен жігіті түскен. Жігіттің жеңілуі оған салынатын айыппен қоса, өз руында еті тірі жігіт пен жүйрік атының жоқтығы үлкен кемістік болып табылған. Егер қыз жеңілген деп табылса, оның жағының келісімі бойынша, ешқандай қалыңсыз-ақ ол жеңген жігітке тұрмысқа шығады.

Бірақ бұл сияқты ескі әдет әлдеқашан ұмыт болды. Қазіргі қыз қуу өзінің идеялық мазмұны жағынан ұлттық спорт ойындарының қай-қайсысынан болса да кем түспейді. Мәселен, қазақтың қай ұлттық ойын-спорт түрін  этнографиялық тұрғыдан зерделеп көрсек, біздің қазақта атадан балаға жалғасқан, халықтық, ұлттық ережесі болған. Оны өзгерту ұлттық құндылығымызға қиянат жасау болып табылады. Үлкен дау осындай  жағдайдың кесірінен туындап жүргенін көріп те жүрміз.

Сондықтан қазақ халқының байырғы құндылығына қатысты әрбір ұлттық іс-шара байқаулар өтерде қазақ халқының ұлттық спорт ойын түрлерін зерттеушілермен көбірек кеңесіп отырғандары жөн. Сонда ғана осы салада тер төгіп жүрген, әрбір азамат «ұлт құндылығына өзіндік үн қостым» деп ұялмай айта алар еді.

Бір мысал айтайын: өткен жылы Жамбыл облысының Меркі ауданында жастардың ойын түрлерінен Спартакиада болды. Сонда қыз қууға әр команда өздері бір-бір қыз-жігітін жұптап алып келіпті. Қызық болғанда жігітті қуатын бір қыздың қолында, қасқыр соғу болатын дойыр қамшы жүр. Астанадан келген ұлттық дәрежедегі төреші Рамазан Сәттібай екеуміз, ескерту айтып, зорға ауыстырттық. Осы сияқты білместіктен кетіп жатқан кемшіліктер қаншама.

03flwdb7

Жалпы, біздің ата-бабаларымыз қыз баланы атқа шаптырғанда, аналық тұрғыдан зиян келмесін деп, міндетті түрде қыз мінетін ердің басын жұмыр емес жайдақтатып жасаған. Ал, «Қыз қуу» ойынын өткізерде тіпті бірін-бірі танымайтын екі топ қыздар-жігіттер екі қатарға атқа мініп тұрғызылатын болған. Олардың қолында жұмсақ ешкі терісінен жасалған «дыз» етпе жеңіл, аса зиян жасай алмас қамшылары болған.

Қыз қуудың байырғы қазақы ережесінде: жігіт қатар тұрған қыздардың ішінен өзіне ұнаған қыздың атының алдына әдемі орамал тастап, бәсекелес жұбын өзі таңдаған. Ал, ортаға бірінші қыз шықса, өзі таңдаған жігіттің бүйіріне екі бүктелген қамшының сабымен қытықтағандай түртіп қалып, қаша жөнелген. Егер жігіт қызды қуып жетсе, қыз жігітке бетінен қарсылықсыз сүйдіруге міндетті.

Межелі жерге жеткенде, төрешілер екеуін де аттан түсіріп, ер-тоқымдарын дұрыстап, айыл тартпаларын тексеріп қатты тартып, бәсекеге қайта қосатын. Қайыра шапқанда қыз жігітті қуса, жігіт, «атың шабан жетпейді, қыз ұрғаны өтпейді» деп әзілдей қашуымен жон арқасына «дүре» жасап шабады. Жігіт қыздың қамшысымен сабағанына қарсылық білдіруіне болмайды. Қыздың қақпанына көнуі керек, тәртіп солай.

Байырғы кезде қазақтың әр түкпірінен «қыз қуамын» немесе «жігіт сабаймын» деп келген қыз-жігіттер ойын барысында бір-бірімен танысып, отау құрғандары көп болған. Бұл да бір қан тазалығын сақтаудың жолы.

Қыз қууға тек бойдақ үйленбеген қыз-жігіттер ғана қатыса алады. Қыз қуудың мәресі – ұшқыр аттардың ентігі басылардай қашықтықта болады. «Қызға жете алмадым» деп, атын сауырға қамшымен көп сабаған жігітті қыз жақтырмаған. Кейде қыздың аты жете алмай қалатын да кездер де болған. Ондайда жігіт көргенділік танытып, қыз көңілін аулап, қайырылып келіп, қыздың атын оздырмай, жетекке алып, арудың намысын жықпай әспеттеген. Мұндай кезде қыз өзін жігітке қарыздар санаған.

Біздің айтпағымыз: жоғарыда өтетін һәм бұдан былай да ұйымдастырылатын «Қыз қуу» ойыны кезінде мына айтқан дүниелер ескеріліп, ережеге енгізілсе екен деген үміт бар.

 

Жапар САТЫЛҒАНОВ,

этнограф-натуралист, ұлттық спорт зерттеушісі, құсбегі,
Республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты.
Мойынқұм ауданының құрметі азаматты.
«Қазақ спорты» газеті

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.