Меркі ауданында жамбы атуды оқыту курсы аяқталды

Кеше Жамбыл облысының Меркі ауданында жамбы ату бойынша онкүндік оқыту курсы тәмамдалды. Аталмыш курсқа жамбы ату жаттықтырушысы Алдияр Нұрғазиев пен Моңғолиядан арнайы шақырылған мерген Батгерел Мичирдің жетекшілік етті. Курстарға еліміздің әр облысынан және Астана, Алматы қалаларынан барлығы 32  спортшы қатысты. Осы курстың басы-қасында болған ҚР ҰСТҚ вице-президенті Мұрат Мәмбетовке арнайы барып, әңгімелескен едік.

P1290848

Ұлттық спорт: — Мұрат Жұматұлы, жамбы атуды үйрету сабақтары қалай өтті?

М.Мәмбетов: — Бәрі ойдағыдай тамаша өтті. Меркі ауданындағы жергілікті жұрт бұл курстардың болатынын біліп, өте жылы қабылдады. Ақсақалдар тарихты ақтарып, анау жерде осындай да уақытта жамбы ату болған десті. Негізі, бұл оқу-жаттығу жиындары Түркістан қаласындағы «Жамбы ату спортын дамыту мәселелері» атты тәжірибелік семинардың жалғасы. Курсанттар кәдімгі күн тәртібі бойынша, таңертең тамақтанып, теориядан сусындап, тау жақта садақ ату техникасын игерді. Түстен кейін атқа отырып жаттықты. Тек соңғы 3 күнде аттың үстінде садақпен жамбы атып шеберліктерін шыңдады.

            Жамбы ату – қазақ даласында сонау ертеден бар болған өнер. Ал біздің қазіргі мақсатымыз –  бұл ұлттық спорт түрін жаңғырта отырып, дамыту әрі үгіттеу. Яғни, салт-дәстүрден инновацияға. Біз заманға сай спорт түрі ретінде қалыптастырып, бұқаралық спорт ретінде дамытамыз. Дегенмен, ұлттық спортымыз жамбы атудың барлық элементтері сақталады. Мәселен, жамбы ату жарыстарына қатысатын спортшылар садақтары мен оқ-жебелерін өз қолынан (ағаш пен сүйектен) жасайтын болып, ешқандай кәсіби спорттық садақтар қолданбайды. Содан кейін, спорт әлеміндегі «спорт шебері», «спорт шеберіне үміткер» деген сияқты «мерген» деп аталатын атаққа ерекше ден қоймақпыз. Аталарымыздан «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген сөз қалған. Тарихтағы атақты мергендердің деңгейіне жету үшін де біздің спортшылар біраз тер төгіп, көп кешікпей «мерген» өте сыйлы атаққа айналады.

P1290639

 

Ұлттық спорт: — Ал, жалпы еліміздегі жамбы ату жағдайы туралы айтып өтсеңіз…

М.Мәмбетов: — Тәуелсіз Қазақстанда жамбы атудан жарыстар ешқашан өткізілмеген. Біз әдебиеттерден болмаса, жамбы атуды көрмей есейдік. Десе де, жамбы ату мен мергендік қазақтың қанында бар. Ауылда бәріміз де қамыстан оқ, жас талдан адырна, жіптен кіріс жасап садақ атып ойнап өстік қой. (Күліп)

Садақ ату жер шарындағы барлық халықтарда болған. Меніңше, садақ атуды белгілі бір елдің меншіктеуі дұрыс емес. Мәселен, өткенде Түркия еліндегі ұлттық спорт түрлерінен болған жарыстарда «жамбы атуды» да көрдік. Жапонияда да сонау көнеден келе жатқан «ябусаме»-сі бар. Венгрияда да бұл спорт қатты дамып жатыр. Қысқасынан айтқанда, жамбы ату әлемнің 24 елінде бар екен. Әркімнің «жамбы атуында» өз ерекшелігі бар.

Жамбы ату – бейбітшіліктің ойыны, онда еш агрессия жоқ. Ертең халықаралық чемпионаттар өткізгенде, басқасын айтпағанда, моңғолиялық маманымыз Батгерел Мичир де өз командасымен келеді. Сол уақыттарға дейін біздің жігіттер сақалай сай болатынына сенімім мол. Себебі, жамбы ату дегенде мен көрген кез келген жігіт қызығушылығын танытып отыр.  

 P1290893

Ұлттық спорт:Жамбы атудың дамуына арналған қандай жоспар бар?

М.Мәмбетов: — Бұл курсты оқып шыққан нұсқаушыларымыз бастауыш маман ретінде даярланды. Бұл мамандар әр өңірде жамбы атудан өз мектептерін қалыптастыру керек.  Олар өз кезегінде аймақ деңгейінде жарыстар өткізіп тұрады.

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы әр облыстағы спорт басқармасына қарасты Ұлттық спорт мектептерінен Жамбы ату бөлімшелерін ашуға ықпал ететін болады.  Сонымен қатар, әр жыл сайын жамбы атудан тәжірибе алмасу семинарларын өткізу жоспарымызда жоқ емес, бар.

20JccsO0OTc

Оң жақта — Мұрат Мәмбетов, сол жақта — Алдияр Нұрғазиев

Жақында жамбы атуға байланысты кітап жариялайын деп отырмыз. Оған жамбы атудың бекітілген ережесі, жаттықтырушыларға арнап жамбы атуды үйретудің әдістемесі, танымдық мазмұндағы материалдар енгізілетін болады.

Ұлттық спорт:  — Әңгімеңізге рахмет!

P1290888 P1290889 P1290832 P1290818

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*