Алты атқа алған адырна, Он атқа алған бұхар жай!

Назарларыңызға ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Мұрат Мәмбетовтың «Жамбы ату спортың дамыту мәселелері» тәжірибелік семинарында сөйлеген сөзін ұсынып отырмыз.

(Жамбы ату спортының қазіргі жағдайы мен дамыту мәселелері)

Ұлы даланы мекен еткен көшпенділер орта ғасырдың шеніне дейінгі кезеңде тарихта адамзат өркениетіне қосқан жарқын үлесімен сол замандарға жаһандану үрдісіне өшпес із қалдырды. Ең әуелі, жылқының қазақ жерінде қолға үйретілгені, ең алғашқы үзеңгі де қазақ жерінен табылғаны археологиялық дәлелдермен нақтыланған. Салт атты мәдениет өкілдеріне тән көптеген жаңалықтар қазақ даласынан Еуразия аумағына жаппай таралады. Көшпенділер осындай прогрессивті үлестерімен қоса, қару-жарақ түрлері, сайыс өнері, аңшылық өнерін жоғары деңгейге көтерді. Отты қару, яғни, мылтық пайда болғанша көшпелілер батырлары ұстаған  ататын қару – садақ.

Садақтың түрі де, атауы да өте көп. Бір кезде оны – жақ, жай, садақ, тіпті адырна деп те атаған. Әсересе, ауыз әдебиетінде, жырларда садаққа қатысты атаулар есепсіз мол. Мысалы,

«Бұлғары садақ, бұхар жай,

Тарта алмасам маған серт»;

«Алты атқа алған адырна,

Он атқа алған бұхар жай»;

«Қарағайдан садақ будырып,

Қылшанымда сары жүн оңқа толтырып,

Жанға сақтау болған жұрт»;

«Садағының кірісін,

Сары алтынға малдырған»,

Сары садақ іліп беліме,

Айғайлап жауға тисем деп»;

«Сары садақта сапа жоқ,

Масақтан тұл болған соң», — дейтін жыр жолдарынан-ақ біздің бабаларымыз заманында садақтың қандай рөл атқарғанын айқын аңғаруға болады. Ал, садақтың жебесіне қатысты да қаншама дерек бар.
Мысалы,4

«Көп садақтың ішінде көбе бұзар жебе бар»;

«Жарқылдайды жебесі,

Садақтың бауы сартылдап»;

«Сұр жебелі оғына тауықтың жүнін қойдырған»;

«Қозы жауырын – көктеме оқ»;

«Алты қырлы ақ жебе,

Шыңқап жерің қу төбе.

Кесіп алған жеріңде,

Қырық ай жаттың қуарып,

Қырық қара нар майына

Алып едім суарып», — дейтін жыр жолдарынан садақ оғының, оқ түрлерінің қаншама атауы, тіпті, оқтың күрделі жасалу әдісі айтылып тұр ғой. Мәселен, «Кесіп алған жеріңде қырық ай жаттың қуарып» дегенде оқ сабына лайық ағашты қалай таңдап, қанша уақыт кептіргенін айтса, «Қырық қара нар майына алып едім суарып» дегенде, оқты қалай бабына келтіретінін айтып тұр емес пе?

Осы атап өткеніміздің бәрі – садақ атудың, оның ішінде жамбы атудың бізге атадан мұра болған асыл өнер, жауһар қазына екендігін айшықтайды. Өкінішке қарай, біздің елдің садақтан қол үзіп қалғанына, садақтың қолданыстан шығып қалғанына бір ғасырдан астам уақыт өтті. Біз әйтеуір, садақтың не екенін ғана білеміз. Байырғы бабалармыздан қалған өнер қанымыздға сіңгендіктен шығар, ауылда өскен қазақ балаларынның қолдан садақ иіп, жебе жасап ойнамағаны некен-саяқ. Садақ бізге бала кезде әуестеніп ойнайтын ойын құралы деңгейінде ғана қалған.

P1290818

Меркі ауданындағы жамбы ату бойынша оқыту-жаттығу курсы көріністері

Жамбы ату бойынша оқу курсынан өтіп сертификат алған мамандар

Жамбы ату бойынша оқу курсынан өтіп сертификат алған мамандар

М.Мәмбетов сертификат табыстауда

М.Мәмбетов сертификат табыстауда

Ал, басқа елдерде ұлттың садақ атуды дамыту көп жылдар бұрын қолға алынған. Мына, Баткеріл Мичир мырзаның елі Моңғолияда садақ ату сайысы мүлде үзілмеген, садақ, жебені қолдан жасау да жақсы деңгейге көтерілген. Сондай-ақ, Корей, Қытай, Түркия, Үндістан сияқты дүниежүзінде 40-қа жуық ірі мемлекеттер өздерінің ұлттық садақ ойындарын дамытып, әлем жұртшылығын тамсандырып отыр. Солардың ішінде, әсіресе Венгрия сонау Атилла заманында шығыстан Еуропаға кеткен ғұндар, кейінгі мажар-қыпшақтардың мұрагері саналатын мадиярлар тек садақты ғана, шығыстан атбегілікті, сайыс өнерін жұртышыққа туристік, спорттық қызмет ретінде ұсынып келеді. Мажарстанда түрлі көшпелі мәдениет элементтерін жаңғырту 1990 жылдардан басталған. Айталық, тек садақтың скиф, ғұн, қыпшақ, мадияр, түркі, моңғол, парсы елдеріндегі түрлерін жаңғыртып жасаған. Тіпті, XII ғасырлардағы бүкір садақ, XIIІ ғасырға тән ұзынша садақтар түрін де жаңғыртқан осы мадиярлар. Бұл елде археологиялық, тарихи деректер бойынша, садақ түрлерін табиғи және жасанды материалдармен өндіретін кәсіпорындар бар. Мысалы, садақтың негізгі бөлігін органикалық әйнек пастадан құйып, екі басын ағаштан жасап, синтектика жіппен бекітеді де, ту сыртын терімен қаптайды. Сонда садақтың сыртқы пішіні тарихи садаққа ұқсаса, өзі қазіргі кәсіби садақшыларға лайық болып шығады. Яғни, нарық талабына сай ұлттық садақ ретінде жұртқа ұсынады. Осы Венгрия елі ат  үстінен садақ атудан Гиннес рекордтар кітабына бірнеше рет енген Кашшай Лайош есімді әрі мерген, әрі атбегі, шабандоз азаматымен әлемге мақтанады. Кашшай Лайоштың садақ жасайтын зауыты және шабандоз  садақшылар оқытатын жеке мектебі бар.

Осы ұлттық садақтан жыл сайын әлем чемпионатының ұйымдастырылып келе жатқанына біз енді ғана көңіл аударып жатырмыз. Бірақ, ештен кеш жақсы деген. Осы қазіргі кезден бастап ата дәстүріміз «Жамбы ату» ойынын жаңғыртып, тезірек, дамытып әкетуге жұмыла кіріссек, ештеңеден ұтыла қоймаймыз. Әлемдік талап бойынша, ұлттық ойынның 7 түрлі өзіндік ерекшеліктері болуға тиіс екен. Ақылдаса, жетілдіре отырып, оны да қалпына келтіруге болады. Бізге атадан мұра асыл өнерімізді қайта жаңғыруға деген шынайы ықылас, жанашырлық және рух пен жігер керек. Қашан да жұмыла көтерген жүк жеңіл. Кейінгі жастарымыздың ұлттық намысын ояту жолында да «Жамбы ату» ойынының қосар үлесі зор. Бұл спорт ойынын жаңғырту жастарды мергендікке, шапшаңдыққа баулып қана қоймай, оларға патриоттық тәрбие беріп, этникалық мәдениетке құрметпен қарауды үйретеді. Оның үстіне осы ұлттық ойын арқылы Қазақ елін әлем жұртшылығына әйгілеу мақсаты тұр.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*