Ұлттық арна: «Асық ойнау — бала денсаулығының кепілі»

Кішкентайларымыз бел жазып ойнайын десе, ойын алаңдары қазір жоқтың қасы. Тар жерде де, бел жазуға мүмкіндік беретін бір ойын бар. Асық ату деп аталады. Бір кездері, «асық ойнаған азар» деп, тиым салынып еді. Қазір қажет болып тұр. Денсаулыққа орасан пайдасы бар екен.

Таң азаннан қара кешке дейін — компьютер. Қазіргі жастардың ермегі – осы. Далаға шығып, бала болып ойнауды да қойған. Сыртқа шыға қалғанның өзінде, көзі жылт еткен, жылп еткен телефонында.

Берік Сұлтан, журналист: Ұлттық спортқа көңіл бөліп, насихаттауымыз керек. Әрине, барлығы арғымаққа секіріп мініп, серке тартып кете алмайды. Аударыспаққа да шамамыз жетпеуі мүмкін. Қалалық жағдайға өте қолайлы ойын түрі бар. Ол — асық.

Бұл жігіт әр сенбі сайын, «Бәйтеректің» түбінде «Асық Party» ұйымдастырып жүр. Ондағы мақсаты – қазақтың өзі үшін экзотикаға айналып кеткен асықты күнделікті ойынның бірі ету. Оның бір амалы – танымал кісілерді ойынға шақыру. Солар бастап берсе, қалғаны өзі-ақ іліп алып кетеді. Бұл тәсілді Астанада асық атудан республикалық ашық конкурсты ұйымдастырғандар сәтті пайдаланды. Не керек, есімі елге белгілі кісілер келді жарысқа. Сақасын сайлап, шаршы алаңға бірінші Ермахан Ыбырайымов пен Қайрат Нұртас шықты. Иә, екеуінің салмағы да, жасы да сәйкеспейді. Бірақ, асықтың қызығы сол, адамдарды категорияға бөлмейді.

Қайрат Нұртас, әнші: Мен асықты жақсы ойнағанмын, асығым да көп болған. Бүгін ойнаған кезде аздап қобалжыдым. Сәл дайындалғанда мүмкін ұтар ма едім?!

Бекболат Тілеухан, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті: Тұңғыш рет республикалық ашық турнир өтіп жатыр. Қатысушылар 14 облыстан келді. Бұл — алғашқы қадамымыз. Енді ары қарай жалғаса беретін болса, қазақ баласы атқа қонып, асық атып, жамбы атып, ұлттық рухани құндылықтарға қарай бұрылады деп ойлаймыз.

Бекболат ағамыз, сұхбатында ұлттық спортты — мектеп бағдарламасына енгізсек, келешекте асық иіруді, көкпар тартудың ережесін әрбір бала білсе,-деп, ойларын айтты. Ал, біз әңгімеміздің басында, асық денсаулыққа аса пайдалы дедік емес пе?!

Рамазан Сәттібаев, Ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы: Асық ату — тек қана қойдың асық жілігі мен кәрі жілігінің арасындағы сүйекті алып, соны алақанға салып, ермекке айналдыру емес. Мұндағы маңыздысы — баланың шынығуына, денсаулығына әсері.

Бала асықты көздегенде сәл еңкейетіні бар. Осы көздеу процесі – тұнып тұрған йога. Аяқ-қол серпіледі, жүрекке дем массажы жасалады. Буындары қатайып, босайды. Айта берсе, көп-ақ. Денсаулықтан бөлек, асық ойыны – баланы санауға үйретеді.

Айналасындағы адамдармен тіл табысуға баулиды. Одан қалды, сақасына қорғасын құйып жүріп, металл өңдеуді меңгеріп алады. Айтайын дегенім, бұл ойынның пайдасы ұшан-теңіз. Тиісінше, «асық ойнаған азар», деген бос сөз.

Нұрбек БЕКБАУ, www.kaztrk.kz

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*