Жұлдыздар да асық ойнай алады

Жұлдыздар да асық ойнай алады

Автордың суреті: sk-sport.kz

Қазақ халқының біртуар перзенті Бауыржан Момышұлының «Ел дегенде – езіліп, жұрт дегенде – жұмылып істе» деген қанатты сөзі кімді болса да желпіндіріп, өз ұлты үшін аянбай еңбек етуге итермелейтіндігі сөзсіз. Дәл осындай ұранмен еліміз үшін бар күш-жігерін сарп етіп,  тынбай қызмет еткен сайыпқырандарымыз бар, қазір де жетерлік. Бұған жуырда Астанада асық атудан өткен республикалық турнирде тағы бір мәрте көзіміз жетті.

Асық ату секілді ата-бабамыздан қалған дәстүрді жаңғыртып, мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған бұл сайысқа еліміздің барлық облыстарынан келген қатысушылармен қатар, белгілі спорт және өнер қайраткерлері, атап айтсақ, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ыбырайымов, белгілі продюсер Қыдырәлі Болман, танымал әнші Қайрат Нұртас та ат басын бұрды.

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан: «Бұл ұлттық спортты жандандырып, ел-жұртқа кеңінен таныта түсуіміз керек. Қазіргі таңда спорт басшыларымен қатар, ел ішінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар, абыройы бар, елге адал қызмет етіп, өз өнерлерімен қуантып жүрген азаматар осындай игі іске араласып жатқан жайы бар. Біз бұған өте қуаныштымыз!»,-деп жиналған қонақтарға өз алғысын білдірді.

Турнир қонақтары қатысушылардың өнерін тамашалап қана қоймай, өздері де шеберлік байқасып, бір-бірімен асық атып жарысты. Нәтижесінде Бекболат Тілеухан Қыдырәлі Болманнан жеңіліп қалып, ал Қайрат Нұртас Ермахан Ыбырайымовқа жол беріп қойды.

Турнир соңында қонақтар асық ату ойынынан ерекше әсер алғандығын және бұл болашақта да бұл дәстүрді дамыту ісін жалғастыратындықтарын айтып жеткізді:

Қайрат Нұртас, әнші:

«Шынымды айтсам, асық ойнамағаныма біраз уақыт болды. Асық ойнауды өте қатты сағынып қалыппын.  Жалпы, бүгінгі сайыстан өте керемет әсер алдым. Осындай үлгі тұтарлық ағаларыммен бірге асық ойнағаныма қуаныштымын. Мұнда мені бір таң ғалдырғаны —  жасы елудегі адам жиырма  жасар жігітпен, жасы сексенді алқымдап қалған ата он жасар баламен асық ойнай береді екен. Осыны бағанадан бері бақылап, қатты риза болдым. Олардың ойнауын көріп, ойын ережелерін тағы бір есіме түсірдім. Жалпы, өзім қалалы жерде өссем де, ұлттық ойындардың біразын білемін, бала кезімде тіпті 4-5 мыңға жуық асық жинағанмын. Қазір солардан 100-ге жуық асық қалды. Үйімде сақтаулы тұр. Құдай, қаласа болашақта балаларыма асық атып үйреткіземін. Жалпы, әр елдің өзіндік ұлттық ойындары бар әрі олар сол ойындарын ерекше қастерлейді. Біз де өз ұлттық ойынымызды ұлықтап, еш ұмыт қылмауымыз керек. Өз басым балаларға асық ойнағанды дұрыс санаймын және мұны дамытуға болашақта өз үлесімді қосамын».

Ермахан Ыбырайымов, Олимпиада чемпионы:

«Бүгінгі мынау игі шара мені жиырма бес-отыз жыл артқа лақтырғандай болды. Балалық шағымды есіме алып, бір марқайып қалдым. Жалпы, асық ойнау деген жақсы екен. Мені осындай сезімге бөлеген ұйымдастырушыларға айтар алғысым зор. Мұнымен шектеліп қалмай, асық ату ойынын ары қарай жандандырып, дамыта түсу керек. Балаларымызды компьютердің алдынан алып, көшеге шығарып, бір-бірімен араластырту керек. Құдай қаласа, өз балаларымды  асық атуға үйретемін. Олардың алғырлығын біле отыра, алдағы уақытта олардан жақсы ойыншы шығады деп ойлаймын».

Қыдырәлі Болман, продюсер:

«Бүгінгі шарадан алған әсерім керемет! Балалық шаққа бір серуендеп қайттым. Негізі, бала кезімізде асық ойнамайтын күніміз болмайтын. Қазіргі балалар қалай футболды қалай күніне ойнаса, біз де солай асығымызды уысымызға толтырып алып, жалаң аяқ жүгіретінбіз.Жалпы, өз басым ұлттық рухқа қатысты жасалынып жатқан шараларды көрсем жүрегім жыли түсіп, бойымды мақтаныш оты керней түседі. Мұндайда бүгінгі күннің тегін өтпей, ұлтыңа пайдалы бір жасалынғанын білесің. Балаларды осындай турнирлерге тартып, қызықтырып, тіпті асық атуды мектеп бағдарламасына пән ретінде енгізу қажет. Дене шынықтыру пәнінің алдында жарты сағат асық атудан сайыс өткізсе, мұның өзі балаларға гимнастика. Себебі, асық ойнаған кезде аяқ-қолың қимылдайды, денең шыныға түседі. Балаларымызды өз дәстүріміз бен құндылықтармызды біліп, бағалатуға үйретсек, ертеңіміз берекелі болады деп сенемін».

Авторы: Әлия Тілеужан

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.