Құсбегілер хикаясы

Қазақ  аңшылары мен саятшылары жайлы халық арасында аңызға бергісіз әңгімелер көп. Бұндай оқиғалардың астарында ұлтымыздың байырғы таным-түйсігі, салт-дәстүрінің көріністері жататынын көбіміз аңғара бермейміз. Әрі саятшылықтың біз білмейтін, біз көрмеген қызық-шыжығы қаншама. Осы орайда, өзі спортшы және қазақтың этномұрасын жинап-теріп жүрген Жанарбек Ақыбидің қаламынан туған бір шоғыр дүниені ұсынып отырмыз.

_R8A7063

Серкеш жегіш бүркіт

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында шағын қалашықты қаусыра құшақтап, төбесінен төніп тұрған Бөкен таудың иен жатқан бір сайына мал қыстауын тұрғыздық. Біздің қыстаулық теңіз деңгейінен шамамен үш мың метр биікке жайғасқан.

Атқан таңмен бірге шығыстан төгілген шуақ алдымен Бөкен таудың ұшар төбесін сүйіп, тұлпардың арқасынан сырғып түскен терліктей төмен қарай төгіледі. Әдетте етектегі қиқудан қашқан қоңыр аңдар біз отырған жотаның жықпыл-жырасын мекендеп, қар түспеген айларда күнара сонау төменде ағып жатқан Қобда өзенінен суат алады. Қоңыр аң жүрген жерді түз тағысы бүркіт көп айналсоқтайды екен.

Бір күні мал жайып кеткен әкей кешке қара серкештің басын қанжығалап келді. Қасқыр жеп кеткен шығар деп топшыладық. Өйткені, таңертең қыстаудың маңын шиырлаған ит-құстың (біздің жақта қасқырды осылай атайды) ізін күнде көретін едік. Бір күні қой бағуға інім Бақытбек кеткен еді, ол да бір серкештің басын қанжығалап келді.

«Не болды?» деген сұрағымызға Бақытбек інім: «Қойды күнгейге қарай беттетіп жаймашуақ отыр едім, көктен суылдаған үн естілді, қарасам, бір бүркіт шүйіп келе жатыр екен, барды да серкешке түсті» деді. Серкеш байқұстың «мә» деуге шамасы келмей бақ етіп өліп кетіпті.

Ертеңінде серкештің жемтігін биіктеу жерге үйіп, қақпан құрып кеттік. Інім Бақытбек ерте тұрып қақпанға барса оған бүркіт түсіп қалған екен. Дәл кешегі серкеш жегіштің өзі. Бүркітті інім шапанына орап үйге алып келді. Түз сермендесін босатып алып, ұзақ қараған әкем: «Бұл бұрын адамдардың қолында болған құс екен және ішінде жұмыртқасы бар көрінеді, босатып қоя беріңдер!» деп бұйырды. Біз «оны қайдан білдіңіз?» деп сұрадық. Әкей: «Құстың балағына анықтап қарасаңдаршы, балақбаудың табы әлі өшпеген және жембасарына бәкімен шекітіп, ойық белгі салынған. Бұл құс иесінің қолға түссе босатып жіберіңдер деген белгісі» деді. Онымен қоймай әкей «нағыз қыран» екен деп ұзақ тамсанды.

Әкейдің бұл қылығын түсінсем бұйырмасын. Нағыз қыран болса бұл бүркітті неге ұстап түлкіге салмайды. Құсты қоя берген соң «неге қолбала қылып ұстамадыңыз?» деп әкеме сұрақ қойдым.

Әкей ұзақ ойланып тұрды да, соны да білмейсің бе дегендей мырс етіп күлді де, «ей, балам иесі бұл құсты текке босатқан жоқ, ұрғашы қыран екен, одан тұқым үзілмесін деп босатқандықтан жембасарына белгі салыпты. Аманатқа қиянат жасауға болмайды, сондықтан ұстамадым» деді. «Ал, олай болса қыранның ішінде жұмыртқасы барын қалай білдіңіз?». «Е, балам құста адам сияқты, ақылды қыран жұмыртқасы үлкейген тұста дала аңымен алыспайды, іштегі шаранаға зақым келуі мүмкін, аз уақыт тоқты-серкеш жеп күнелтеді. Ертеңнен бастап қойларыңды қорықпай жая беріңдер, енді қайтып ол біздің малға тиіспейді, жұмыртқа басу үшін биік тауағ кетеді» деді.

Расында екінші қайта ол бүркіт біздің маңнан көрінбеді.

Қолдан соққан қауырсын

Мал іші болған соң өлім-жітім болып тұрады. Бақытбек інім  өлген тоқты-торымның жемтігіне үнемі қақпан құрады. Ол қақпанға алпыс екі айлалы түлкі немесе даланың тырнақты аңы қарсақ түспейді, әлсін-әлсін түз бүркіті түсе беретін болды. Бірде құйрығы, яғни шалғысынан үш қауырсын сынған, қанаттары да алба-жұлба бүркіт келіп қақпанға түсті.

Әкей: «Шалғысы сынған бүркіт жемтігіне тура барып түсе алмайды, аң ала алмаған соң малдың жемтігіне түсіп жүр екен» деді. Енді қайтеміз деп едік, әкей, «өлген бүркіттің қанатын тауып әкеліңдер, соның қауырсындарын кесіп, мынаған дәл келтіріп жалғап, желімдеп қоя берейік» деді.

Содан Бақытбек тау-тастьыкезіп өлген бүркіт іздеп кетті. Ақыры оны таппай аңдып жүріп үлкен қарақұс (тазқара) атып әкелді. Соның қанатын кесіп алып, сынған қауырсынның тұқылына бүтін қауырсын кигізіп желімдеп тастадық. Әбден қауырсыны қатаайған соң түз құсын босатып қоя бердік. Ол қалықтап ұышып кетті. Төменде көз салып қарап тұрмыз, қанат қағысында ешқандйа мін жоқ. Бөкен тауды үш айналды да, бұлтқа сіңіп жоқ болды.

Осы күннен бастап Бақытбек елдің бүркіттері жараланса немесе қанат-қауырсыны сынған түз бүркітін көрсе ұстап алып, емдейтін болды. Бүркіт немесе қарақұстың қауырсыны табылмаған жағдай да кезқұйрықты атып әкеп, соның қауырсынын жалғап жүрді. Кейін осы ісін жетік меңгергені соншалық құсының қауырсыны сынған құсбегілер келіп жөндетіп алатын болды. Бір қызығы, сол жалғанған қанат-қауырсын жымдасып кететіні сонша, адамдар айыра алмай қалады екен.

4T6A7221

Саршаның өлімі

Тағы бірде Бақаң құрған қақпанға сарша түсіпті. Сарша деп біздің жақта бүркіттің еркегін айтады. Оның денесі кішілеу, әлсіз болады. Бүркітшілер көбінде оны ұстап әуіреленбейді. Біз саршаны үйге әкеліп қолға үйретіп алдық. Бақытбекті көрсе, қанатын керіп, тыпыршып, үйге сыймай кетеді.

Содан бірде Бақаң саршасын көтеріп тауға шығып кетті. Таудың үстіндегі тұйыққа жеткенде қарсы беттегі шағылда отырған үкіні көреді.

Саршамның томағасын сыпырған екен, ол да үкіні көре қойыпты. Ұмсынып болмаған соң Бақытбек саршасын қоя береді. Тіке барып апыр-топыр арпалыса кетіпті. Лезде  жетіп барса үкі жараланған екен, оны таспен ұрып алып қараса, бүркіті біртүрлі  мықшиып таста отыр. Өлген үкіге жалтақтап қарай береді.

Сөйтсе, төбеден сорғалап келіп бүркіт түскенде, әккі үкі шалқасынан жата қалып саршамның жемсауын жарып жіберіпті. Бүркітті дереу үйге әкеліп емдеп, баптап еді болмады, көп ұзамай өліп қалды. 

Қараған қапқан құс

Біздің қазақ мал қайырып дала да жүріп-ақ не бір қызықты көреді емес пе?! Басқасы-басқа түз бүркіттің аңға түсуін қарап тұудың өзі бір ғанибет. Бірі көктен сорғалап келіп теуіп түссе, бірі қалықтап келіп іліп әкетеді. Ал келесі бірі желкеден бүріп ұстайды. Кейде байғұс түлкінің артынан індете қуып, зәре-құтын ұшырып, ретіне келгенде теуіп ұстайтынын қайтерсіз.

Бірде биік төбенің басында тамашалап отырып, түлкінің артынан шеңгелін созып жіберіп, бұралаңдата қуып келе жатқан бүркітті байқап қалдым. Жер алыстау еді қолма-қол дүрбімен бақылауды жалғастырдым.  Түлкі тегі кәрі болса керек айласы көп екен, бұлтақтап ұстатпайды.

Түлкі қорым тасқа қарай зытып келеді, кенет жылдамдығын тұқырта тежеп қарсы бағытқа оқыс бұрылды. Бүркіт те тез айналып оның соңына қайта түсті. Болмаған соң түлкі оң жақтағы бұталы қарағанға қарай тартты. Түлкі зырлап келеді, қыран да қалысар емес…

Түлкі қарағанға жетіп-ақ қалды, оны сезген бүркіт те желкелеп басатындай жер бауырлап ұшып келе жатыр…  Демде қарағанға жеткен бүркіт қанатын жайған қалпы жабысты да қалды. Түлкі олса қарағанның арасынан атып шығып арықарай қаша жөнелді. Мен алыстан қарап отырмын бүркіт қанатын жайған қалпы әлі тұр. Содан атыма міне салып шапқылап жетіп барсам, қарағаның бұтағы бүркіттің кеудеден кіріп арқасына бір-ақ шығыпты. Өлген-тірілгеніне қарамай аң қуатын не деген өлермен бейбақ еді деп таңқалып ұзақ отырып қалдым. Жан беріп, жан алысқан осы бір қыранды сол жерге көмдім де жүріп кеттім.

_R8A7157

Қырағы қыран

Жалпақ жұрт «зәнгі» атап кеткен Шөкібайдің Топайы деген атамыз жастайынан дала кезіп саятшылық құрған,  аңкөс, құсбегі адам болған екен. «Бүркітті ұядан алмайды, көбінде түзден ұстап баптайтын еді…» дейді білетіндер. Құсбегілік өнерді жастай жетік меңгерген Топекең  Қобда бетінің көк тіреген асқақ тауларын аралап, қолында бүркіті қыс бойы саятшылық құрады екен. Сондай бір саятшылық кезінде ауа-райы күрт бұзылып, құсбегі алғашқы қардан соң күзектен қыстауға қарай көшкелі отырған ауылға құдайы қонақ болып түседі.

Үй иесі жөн білетін адам екен, «ауылға құсбегі келді, қане жігіттер мына кісінің атын арқандап, ер-тоқымын оң босағаға қойыңдар!» деп жөн-жосық айтыпты. Ал, бүркітке  сыртта тұрған ескі тұғырды әкелуді бұйырады. Топекең болса, «бүркітім қара жерге құйрық басып үйреніп кеткен ұлықсат  болса бос қойсам» деген екен. Бұндай жуас бүркітке кім қызықпасын әрине, бірақ үйде құйрығымен жорғалап жүрген немереміз бар еді, соған  зияны тимей ме деген ақсақалға Топекең, «меніңде үйде еңбектеп жүрген балам бар, бүркітім оған тиіспеиді, көзі үйренген» дейді. Сөйтіп, бүркітті үйдің ішіне керегеден ұзын етіп аяқбауын байлап тастап қояды.

Малды ауылдың қарбалас тірлігі кешке басталмай ма?! Қой-ешкі жайылымнан, жылқы-сиыр өрістен келіп әйел атаулы сауынға шыққан кез. Сол екі ортада үйдің үлкендерін және оған құсбегіні қосып көрші үй шай ішуге шақыра қалыпты. Қосақ басынан сүтке толы шелегін қайқалақтата көтеріп, бүркіт отырған үйге кірген әйел баж етіп далаға атып шығады. Жас келінің ашы дауысынан үрейленген көрші үйдегі үлкендер де лап қойып жетеді.

Елдің бәрі бүркіт баланы өлтірген шығар деп ойлайды. Жұрт топырлап үйге кірсе, мәссаған жас бала сақ-сақ күліп, сасықкүзенің құйрығымен ойнап отыр. Бүркіт болса, сасықкүзенді бүріп ұстаған күйі иесіне жалтақ-жалтақ қарайды. Сасықкүзеннің жаны әлі шықпаған екен, көзін ашып-жұмып әлсіз қозғалып қояды.

Топай құсын сасықкүзеннен айырып, далаға алып шығады. Ауыл ақсақалдары мән-жайды білсе, үйде адам жоғын пайдаланып сасықкүзен үйге кіріп кеткен екен, оны бүркіт ұстап алған. Егер бүркіт ұстамағанда жас баланың жазым болуы әбден мүмкін еді. Сөйтіп, қырағы қыранның арқасында, бір әулет ұрпағын аман-есен сақтап қалған жайы бар.

Бүркіт шалмалау

Бірде Топай атамыздың үйіне Алтай бетінен адамдар іздеп келіпті. Олардың бәрі танымал құсбегілер еккен. Олар айтады: «Топеке, сіз Алтай-Қобда бетіне аты шыққан бүркітшісіз, біздің мақсатымыз, сізден құсбегілік өнер үйреніп, Алла қаласа «Қобданың қаракерін» қолға түсірсек деп келдік» дейді.

Топай ақсақал қонақтарын апталап жатқызып қояды. Күнде бір дүркін қысқа шолу саятқа шығып, қонақтарына білгенін үйретеді. Онымен қоймай, Қобданың қарагері оңай қолға түспейді, оны тояттатып барып шалмалап ұстамаса, басқа амал жоқ дейді.

Содан күнде аңдып жүріп құсбегілер қоңыр аңды ұстап жеп отырған Қобданың қоңыр бүркітін көреді. Қонақтар іздегеніміз осы деп қуанысады. Топай ақсақал түз бүркіті әбден тойсын деп алыстан барлап отырады. Бүркіт тойды-ау дегенде, қағушылары мен қонақтарды еңіс жақтан жіберіп, түз құсын үркітіп, өрге қарай ұшырыңдар деп бұйырады.

Өзі  тіке қайқайыстың жарлауыт жеріне бекініп, жіңішке қайыс арқанын дайындап аңдып отырады. Қағушылар дабыр-дүбір барып тояттаған бүркітті өрге қарай ұшырады. Кенет шошынған, әрі тояттаған құс жерден көтеріле алмай, қанатын далпылдатып, өрге қарай қашады. Сол мезетте кәнігі Топекең бүркіттің басына лып еткізіп арқан лақтырып, шалмалап ұстайды.

Бұндай әдіс-тәсілді бұрын көрмеген қонақтар таң-тамаша болып, қолға түскен құстарын алып, еліне аттанған екен.

_R8A7067

Қисықауыз қыран немесе молда бүркіт

Алтай сұмынында өмір сүріп жатқан Түгелбай деген құсбегі ағамыз бар. Сол кісінің Қисықуаыз деген атақты қыраны болды. Осы қыран жылында 20-30 түлкі алады екен. Бүркіттің «Қисықауыз» атануы, ол тамақ жегенде аузын қисайтып асайды екен. Сонысына қарап осылай атап кетіпті.

Бір қызығы осы бүркіт арақ ішкен немесе шылым шеккен адамды көрсе, тұғырында отыра алмай тыпыршып, түтігіп кетеді екен. Тіпті Түкең саятқа шыққанда арақ ішкен адамдар одан бір шақырым алыс жүреді. Өйткені, арақ иісін сезсе Қисықауыз қыңырланып, ұшпай қояды екен. Не алқашты жаралап тастайды.

Құстың осы қылығына қарап Түкеңнің кейбір замандастары қалжыңдап Қисықауызды «Молда бүркіт» атап кетіпті.

Екі бүркіт, бір түлкі

Біздің өлкеге танымал атақты бүркітші Мүшелбай  және Солтан дейтін ағаларымыз,  ұзақ жыл бірге жүріп саятшылық жасап, бүркіт баптаған жандар еді. Бірде екеуі саятқа бірге шықса керек. Ешқандай түлкі жолықпапты. Екеуі қырдан қыр асып, бірнеше тауда түнесе де түлкі кезікпейді.

Содан бір күні кешқұрым қайтып келе жатса бір қорымнан түлкі қаша жөнеледі. Әккі құсбегі Мүшелбай түлкіні көре қойып бүркітінің томағасын сыпырып жатқанда, оның оқыс қимылынан секем алған Солтан да бүркітінің томағасын сыпыра аспанға лақтырып жібереді.

Иелерінің оқыс қимылына үйреніп, қанық болған қос бүркіт көкке көтеріліп, екеуі де түлкіні көреді. Әп-сәтте екі бүркіт түлкіні қуалып бел асып кетеді. Екі құсбегі де арттарынан шаба жөнеледі. Қос қыран түлкіні қойсын ба, қанша бұлтақтағанмен екі құс қос қапталдан келіп жанын шығара бас салды.

Бүркітшілер де іле жетіп түлкіден қырандарын ажыратып алады. Енді түлкіні қайсысы аларын білемейді. Күн кешкірген, оның үстінде бәлен күннен кейін әзер жолыққан аңды бір-біріне қимайды. Ақыры екеуі жалғыз түлкіні қақ ортасынан бөліп алыпты.

Жанарбек АҚЫБИ, 

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, саяттанушы, 

“Қазақ спорт” газеті

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*