Жүйрік аттың сыны

Қазақ халқы жылқы түлігін ежелден қадір тұтқан. Дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров атақты «Құлагер» поэмасында:

_5

Жанына халқымыздың жылқы жаққан,

Жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан,

Мінсең ат, ішсең қымыз, жесең қазы,

Қашаннан қазақ халық жылқы баққан

Атты артық көрген елміз мінген тақтан,

Қызық-ай біздің бәйге қырда шапқан,

Шыдар ма қазақ жаны ұшып кетпей,

Аттарға шаң шығарып келе жатқан.

Жасымнан жылқы десе менің жаным,

Атырдым жылқы ішінде өмір таңын,

Жапанда жел жылқының үстінде өстім,

Мекендеп өмірімде аттың жалын.

Мал сырлас, аттың сыры маған мәлім,

Жырым – жылқы, жүйрік ат – салған әнім,

Аспан асты, жер жүзі – кең сахара,

Күн көріп атам қазақ келген мәлім.

Қазақтың жылқы аңсатқан жарлы-байын,

Жарлыны жалғыз атсыз алды уайым,

Сүйген жар, сенген достан жылқы жақын,

Білген жан бекер демес аттың жайын, — деп жырлайды.

****

Расында дүлдүл ақын Ілияс ағамыз айтқандай, «жылқы – қазақтың қанаты». Қазіргі Ақмола, бұрынғы Көкшетау облысының жері Ботай стансасы маңында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде көне қоныс ашылып, ол жерден өте көп қолға үйретілген жылқының сүйегі табылды. Қазылған қоныстың пайда болу дәуірін зерттеушілер біздің заманымыздан бұрынғы 6 мың жылдыққа жатқызды. Бұл жұмысқа ресми түрде «Ботай мәдениеті» дейтін атау берілді. Ботай мәдениетінің ерекшелігі —  жылқы малының қолға үйретілуін дәлелдейтін бірден-бір дереккөзі ретінде мойындалды және оның қазақ даласынан табылуы ежелгі бабаларымыздың жылқы түлігін пайдаланғандығы жөнінде нақты мәлімет болып табылды.

Қазба жұмыстары барысында табылған материалдық айғақтарды зерттей отырып ғылыми түсініктеме жасаған  американдық «Science» атты ғылыми журнал жоғарыдағы жәдігерлер  Энеолит дәуіріне (б.з.б. 6-8 мың жылдар) тән заттық мұралар  екенін жеткізді. Сондай-ақ әлем археологтары жылқыны қолға үйрету Қазақстан территориясында іске асқанын бір ауыздан мақұлдады.

Демек, ата-бабаларымыз сайын дала, сахарасын тұлпардың күшімен қорғады. Сол үшін аттың жақсысын, жылқының жүйрігін таңдап мінді. Ел қорғаған қазақ батырлары туралы сөз бола қалса, олардың мінген тұлпарлары қоса айтылатыны сондықтан шығар бәлкім. Мысалы, Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Қамбардың Қарақасқасы, Қабанбайдың Қубасы… т.б.

Осы орайда, бағзы заман бастап, жылқы түлігін сынап мініп, оны пайдасына жарату жөнінен қазақ атбегілерінің ұрпақ жалғасқан сыншылық мектебі қалыптасқан. Бір өкініштісі қазір аталмыш тақырып жайында жазылған ғылыми еңбек мардымсыз және атбегілік мектептің  ұлттық танымға негізделген жүйесі ұмытыла бастауда. Қазақ жылқысының сыны жайлы 1994 жылы жарық көрген филолог ғалым Жанғара Дәдебаевтың «Тұлпардың сыны мен бабы» атты 15 беттік кітапшасынан басқа дүние жоқтың қасы.

Мысалы, біз 19 ғасырда өмір сүрген Күреңбай сыншы жайлы  І.Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасы арқылы білеміз. Онда Күреңбай сыншы Ақанның Құлагерін сынайды. Одан кейін Абай атамызда жақсы аттың сыны ретінде өлең жазып қалдырған. Тағы да бір әйгілі атбегі, Бөкей ордасы жерінде өмір сүрген  Шоқай Шөңкеевтің сыншылығы жайлы орыс зерттеушісі А.Каллер көледі еңбек жазып қалдырған. Сол сияқты үлкен жазушы Сәбит Мұқановтың шығармаларында Солтүстік Арқа өңірінде өмір сүрген атақты Киікбай сыншы жайлы да айтылады. Тіпті Ақанның Құлагерін құлын күнінде танып, атақты жүйрік болады деп, алғаш айтқан осы Киікбай сыншы екен.

Ендеше біз жоғарыдағы сыншылар еңбегін негізге ала отырып, халқымыздың байырғы өнері сыншылық үлгісін ұсындық.

ат сыны Күреңбай сыншының үлгісі

Жүйрік болатын жылқының басы сүйек бітімі қатардағы қарапайым жылқылардан ерекшеленіп тұрады. Көбінде тәует бас болып келеді. Құлағы тік, яғни, қамыс құлақ. Жұтқыншағы қойдың жұтқыншағына ұқсауы керек. Сағасы кең, үңірейіп тұрады. Мұндай сағақты жылқыны атбегілер «үңгір сағақты» деп айтады. Ерні салбырап тұрады. Ондай ерінді атты жылқышылар «салпыерін жылқы» дейді. Басының үлкендігі кем жарым болса да, одан қырым ет шықпайды. Танауы талыстай, кеңірдегі кең болады.

Жүйрік жылқының мойын бітімінде көп мән бар. Егер жылқы тым қаз мойын болып келсе, бітімі сұлу болғанымен аламан шабысқа жарамайды. Мойны тез талатын болады. Нағыз жүйріктің мойын бітімі онша ұзын емес, бұланның мойнындай жұмырланып бітеді. Жалы қалың да емес, сұйық та емес, құланның жалындай майда болады. Оны ел арасында «құланжал жылқы» деп те айтады.

Жауырыны жазық, тақтайдай жалпақ, кең болады. Жаясы жалпайып жатады. Жоны жұмырланып тұрады. Бұндай жылқыны ел арасында «қоянжон» деп айтады. Ал, төсі түлкі төстес келеді. Шынтағы қалың және алшақ бітіп, қолтығы ашылып тұрады. Мұндай жылқыны «қуыс қолтық» дейді.

Аяғы сіңірлі һәм жер соғарлығы тік біткен, жіліншігі сом, бақай тұяғы быртық, тізесі тазы тектес, құс топшылы, серке сан… бұл нағыз жүйрікке тән белгілер. Тілерсегі желмаяның тілерсегіндей мықты болса, мұндай жылқының шапқанда адамы толық ашылады. Басқа аттар үш аттайтын жерді, бір-ақ аттайды.  Құйрығы қою да, сұйық та емес, қоқанның жібегіндей жеңіл желпініп тұрады. Ұршығы аласа, жамбастың басы делдек, шоқтығы өргек, қалбағайлы, қақпан бел болады.

 Абайдың үлгісі

Жүйрік жылқының мұрны ақбөкен текесінің танауы секілді кең келеді. Мұны «теке мұрын» дейді. Ерні салпы, тістері ұзын болады. Жағы қоянның жағындай, сағағы кең үңірейіп бітеді. Ауызомыртқасы шығыңқы, желкесі ой болып келеді. Мойны жұмыр, яғни «қой мойын», жалы майда, омырауы кең, төсі тояттаған бүркіттің төсіндей шығыңқы, салпы болып тұрады.

Шынтағы қабырғадан алшақ, аяғы тік, жерсоғарлы, сіңірлі, бақайы жуан, тақыр, тұяғы жұмыр болады. Жоны жоталы һәм қабырғалы, жауырыны етсіз әрі тақтайдай жалпақ, сауыры кең, мықыны тар бітеді. Алды-арты бірдей, үсті жайлы, артқы жағы талтақ санды, тірсегі ботаның тірсегіндей майысып бітеді. Құйрық жағы күлтелі, қылының түбі әлді, көтендігі шығыңқы, ашамайлы, ұмасы үлпершекті келеді. Жоны қысқа, бауыры жазық. Бұл шын жүйріктің бір сипаты.

Шоқай сыншының үлгісі

Шын жүйріктің басы шағын, етсіз қубас, танауы кең маңдайлы болады. Кекіл тұсы дөң, көзі шарадай үлкен, ағы мен қарасы ашық, томпақ немесе шығынқы емес, қарағанда жалт-жұлт етіп тұрады. Құлағы тік, еркін қайшылайды. Желке тұсы шүйделі, етсіз, жақ сүйегінің төменгі қырлары тік және иек астына түйіскен жері үшкіл, саусақ сиятындай бітеді. Қызыл иегі төмен, қабағының асты-үсті бірдей, танауының су ағарлығы үш немес екі арналы һәм екі орамды келеді.

Мойын ұзындығы орташа, алқымдығы жұмыр, шақпақ етті, жалы қырлы, өткір, өңеші кең, еркін тыныс алатындай, омырауы да кең әрі терең салпы бітеді. Жүйріктің омырау кеңдігін анықтау үшін: алдыңғы екі аяқ тұяқтарын біріктіріп қарағанда, екі тізесінің арасы кем дегенде үш-төрт елідей алшақ болады.

 Жылқының алдыңғы тұяғынан шынтағына дейін бір өлшеп алып, одан соң шынтақ пен шоқтықтың арасын өлшеп, өлшемдерді салыстырады. Екеуі бірдей болса, онда бұл жылқының омырау бітімі жүйрікке тән болғаны. Сондай-ақ жүйрік аттың қабырғасы иілген, қарынды келеді. Шоқтық жотасы жазық, мықыны орташа, шақпақ етті, құймышағы аздап шығыңқы, сіңірлі, құйрығы көтеріңкі, жалы жұқа майда болады.

Егер жүйрік ат құйрығын мейілінше жоғары көтеретін болса, оның қайраты мол екенін білдіреді. Құйрығын бір жағына қарай аударып тартқанда, ұшы жамбас сүйекке жетіп тұрса, бұл ұзақ шабысқа төзімді жылқының белгісі.

Иықтың басы жұмырлау бітіп, шынтақ өкпеден алыс тұрады. Тізесі әлді, буындары қол батпайтын қатты, тұяғы жалпақ, төңкерілген кеседей, құймышақ шоқтықтан биік тұрады. Жүйрікті түзу қойып артынан қарағанда, артқы аяқтары алдыңғы аяқтарынан көлегейлеп көрсетпей тұрады.

 Киікбайдың сыншының үлгісі

Нағыз жүйріктің төсінің кеңдігі адам өтетіндей омыраулы болады. Кеудесі кең жылқы аламан бәйге сияқты ұзақ шабысқа жақсы. Екі жағының арасы жұдырық сиятындай алшақ болады. Егер де жылқының кеудесі кең болғанымен сағағы (екі жағының арасы) тар болса, ол ат кең тыныстай алмайды. Қолтығы ашық, шынтағы сыртына қарай айнала біткен болуы шарт. Егер де шынтақ қысылып бітсе, онда ол аттың қолтығын соғып, өкпесін қысып шаптырмайды.

Танауы қол сиятындай кең, делдиіп тұрады. Оны атбегілер «бөкен танау» дейді. Қысқасы, кең танау, кең қолтық, кең сағақ, кең кеуде нағыз жүйріктің белгісі. Шын жүйріктің басы үйректің басындай үшкіл, ұзынша, сүйрік, қырым етсіз болып келеді. Ондай жүйрік басын алға созып шабады. Мойны жолбарыстың мойнындай жұмыр, алды мен арты тең, алдынан қарағанда арты жіңішке, артынан қарағанда алды жіңішке көрінеді.

Кейбір жүйріктің алды биік, арты аласа болады немесе арты биік, алды аласа болады. Ондай ат ылдиға жақсы шабады. Жүйрік ат жоталы һәм жаялы келеді, жотасы адам жататындай жалпақ, жаясы құшақ жетпейтіндей зор, жоны қысқа, күдіс болады. Тірсегі майысқақ болса, жүйріктің артқы аяғының серпіні керемет қатты келеді. Бұл нағыз жүйрікке тән. Тұяғы төңкерілген кеседей, жайылып кетпей, шеңберлене бітеді әрі қалың, биік болады. Мұндай тұяқ ұзақ шабыс үстінде қызбайды һәм аяқтың қарымын қорғайды.

Жүйрік аттың құлағының түбі бос болады. Ат шапқан кезде құлағы желкеге қайырылып жатып қалады, құлағына жел кірмейді. Жал-құйрығы сұйық келеді. Себебі, шын жүйрік майын жал-жая, қазы-қартасына емес, қара етіне жинайды, сондықтан жалы сұйық болады. Жүйріктің  қуат-қайратын азу тісінен байқауға болады. Тісі айқасып, кері кекжие бітсе, бұл қуаттылықтың белгісі. Сол сияқты жылқының мінезі қабағынан байқалады. Қабағы түйіліп тұратын жылқы намысшыл болып келеді, өршеленіп шабады және алдына қара салмауға тырысады.

Бекен Қайратұлы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*