Бестас

бес тас

Бестас – қазақ халқының ұлттық ойынына жатады һәм адамға өмірде жиі кездесетін қажетті қозғалыс дағдыларын жетілдіреді. Мұның адам бойында ептілік, жылдамдық, байқампаздық, санау, реттеу, топтау, жылдам ойлап, шешім шығару қасиеттерін жақсы дамытумен қатар, көз жанарын жетілдіруге, сауықтыруға да көп пайдасы бар, сонымен қатар қол, дене бұлшық еттерінің жақсы дамуына әсер етеді. Оны жылдың барлық мезгілінде, барлық жастағы адамдардың ойнауына болады. Ойын адамның шаршағанын басып, сабырлыққа шақырады, көңіл-күйін жақс артады. Ойынды сабақ үзілістері, жұмыс арасында ойнаған да тиімді. Ойынға домалақтау  келген кішірек бес тас таңдалып алынады. Ойынды жеке адам немесе бірнеше адамдар топ құрып ойнауларына болады. Ойнау үшін тегіс жер немесе жазық тақтай үсті алынады.

Түсіндірме сөздер: Қаршу – жоғары лақтырылған тастарды   алақанмен жоғарыдан төмен қуып ұстау. Қақпақыл тас – жоғары лақтырылатын тас. Жалату – саусақтың басымен жерді жалату, тасты жылжыту. Қора – сол (оң)  қолдың бас бармағымен сұқ саусағын жерге тірей қақпа жасап ұстау. Құдық – алақан саусақтарын қуыстап ұстау арқылы тастарды «құдыққа» жинау. Нәби – жерге шашылған төрт тастың бірін нәби (ата) деп белгілеу.

Ойын ережесі.  Ойнаушылар алдымен кімнен кейін кім ойнайтындықтарын анықтайды. Ол үшін  ойыншылар кезекпен  бес тасты тобымен жоғары лақтырып, бір алақан сыртымен  тосып алады да, алақан сыртында қалған тастарды қайта жоғары лақтырып, қаршып ұстайды. Қаршып ұстау дегеніміз – тасты қолды  еңкейте  жоғарыдан төмен қуып  барып ұстау. Лақтырылған бес тасты  қолдың сыртымен тосып алу және қаршып ұстау кезінде  бірнеше тас   жерге  түсіп кетуі  де  мүмкін. Кім  көп тас қаршып ұстап алса, сол бірінші  ойнау  кезегіне ие  болады.

Бірінші кезек алған ойыншы бестас ойынының шартын бұзып алғанға дейін  ойнайды. Ойыншы ережені бұзып алысымен өз уақытын тоқтатады. Одан  кейін екінші кезектегі,  ол тоқтаған соң үшінші кезектегі ойыншы  бастайды. Ойын осы ретпен жалғаса береді.

Тастарды жерден теріп алу кезінде басқа тастарды  қозғалтуға болмайды және  қақпақыл тасты жерге түсіріп  алмау керек. Ойнаушылардың қай-қайсы болмасын, ойынды өзінің бұрынғы тоқтаған жерінен  ары қарай жалғастырады. Ойын басталар алдында ойыншылар алысқа түскен немесе реттеп алуға қажетті тастарды саусақпен бірнеше рет жылжытуға болатындығын немесе болмайтындығын келісіп алады.

бестас 1

Ойын барысы: Бірлік. Бес тасты  жерге  иіріп тастаған соң, біреуін қақпақыл  тас етіп алып, қалған төрт тасты қақпақыл тасты жоғары лақтыра отырып,  бір-бірден бір қолмен  теріп алу. Екілік.Тастарды жерге иіріп тастап, жердегі төрт тасты екі-екіден бір қолмен жинап алу (иірген қолмен). Үштік. Үш тасты бірге, бір тасты жеке жинап алу. (Иірген қолмен). Төрттік. Мұнда алақандағы бес тастың ішінен қақпақыл тасты жоғары лақтырып, ол қайта түскенше төрт тасты жерге қойып үлгереді де, қақпақыл тасты тағы жоғары лақтырып  жердегі тастың төртеуін бірге жинап алады. Жалату. Ойында үш немесе бес жалақ болады. Қақпақыл тасты жоғары биіктете лақтырып  жіберіп, сұқ саусақпен  жерді  үш немесе бес рет жалатып үлгеру керек.Үш рет жалату немесе  бес рет жалату ойыншылардың өзара келісулері бойынша белгіленеді. Жинау. Қақпақыл тасты лақтыра отырып, қалған төрт тасты  бір-бірлеп екінші  қолдың үстіне жинайды.Тастар жиналғаннан соң барлығын жоғары лақтырып алақанға  ұстайды. Ұсталған тастарға ұпай беріледі. Төрт бұрыш. Жерге шашылған тастарды саусақпен  төрт бұрыш жасап  жинақтап, содан соң қақпақыл тасты биіктете лақтырып, тастардың төртеуін де жинап алу керек.Төрт бұрыш жасаған әр тастың аралығы 5 см. кем болмауы қажет. Үндемес. Бестас ойының бұл түрінің  шарты бойынша қақпақыл тасты қағып алғанда, ол алақандағы басқа тасқа соғылмауы керек. «Үндеместі» ойнаған кезде ойыншының өзі де үндемей отыруы керек. Ал басқа ойыншылар  үндеместі ойнап отырған ойыншыны күлдіруге, сөйлетуге тырысады. Ойыншы күліп немесе сөйлеп қойса, онда ойын тоқтатылып, кезек басқа ойыншыға өтеді. Сарт-сұрт. Ойынның бұл түрінде әрбір тас бір-бірлеп қағып алынады. Бірақ  қақпақыл  тас пен жерден алынған тастың бір-біріне соғылғаны құлаққа естілуі қажет. Қаршу. Ойыншы бес тасты жерге иіріп тастап, қақпақыл тасын қолына алады да, оны әрбір жоғары лақтырған сайын жерден бір тас алып, қақпақыл тасты қаршып қағып алып отырады.  Нәби. Ойынның бұл түрінде сол қолдың бас бармағымен сұқ саусағын жерге тірей қақпа жасап ұстайды. Содан соң оң қолмен сол қолдың сыртынан бес тасты алдыға қарай иіріп тастап, қақпақыл тасты таңдап алады. Ойынға қатысып отырған басқа ойыншы жердегі төрт тастың бірін нәби (ата) деп белгілейді. Ойыншы белгіленген «нәби» тасты басқа тастардың бәрін қақпадан өткізіп болғаннан соң ғана қақпадан өткізеді. Ойынның шарты бойынша басқа тастарды «нәби» тасқа тигізіп алмай өткізу шарт. Балта шабу. Қолдың қырымен бөліп орындау. Жерге қырымен қойылған алақанды әр тасты өткізу кезінде жылдам көтеріп отыру қажет. Тас қолға тіреліп қалса ойын тоқтатылады. Өткізілген тастардың барлығын қайта бірге жинап алады.  Тоқылдақ. Тастарды жерге ұрып орындау. Жерге шашылған тастарды ойыншы  екі-екіден бөліп алып жоғары лақтырылған тасты ұстағанша жерге ұрып үлгеруі қажет. Тарақтау. Тастарды әр саусақ арасынан өткізу. Соңынан барлығын бірге жинап алу керек. Құдыққа салу. Алақанды қуыстап ұстау арқылы жерге шашылған  тастарды бір бірлеп саусақпен алып «құдыққа» жинайды. Соңынан барлық тастарды жерден жинап көтеріп  алады. Қақпаны ашып-жабу. Қақпақыл тасты жоғары лақтыру кезінде тас жинаушы қол алақанымен жерді жауып отырады. Тасты қораға айдаған кезде ғана қақпа ашылып алақанмен тосып алады. Үй үстіне қою. Жерге шашылған төрт тастың бірін есігі ашық «үйдің» үстіне қойып, қалған тастарды үй есігінен өткізеді. Ең соңында үстіге қойылған тасты  есіктен  енгізеді. Тастарды үй есігінен енгізу кезінде қол үстіндегі тас жерге түсіп кетсе, ойын тоқтатылады. Қуалау. Есігі ашық үйге тастарды алдынан енгізгеннен соң, барлық өткен тастарды қайтадан үйдің  алдыңғы  есігінен айналдырып енгізу қажет. Кедергі. Қырынан қойылған алақан үстінен барлық тастарды бір-бірлеп асырып өткізеді. Соңынан барлық тастарды біріктіріп жинап алады. Бұрау. Жоғары лақтырылған тасты екінші қолды бұрап алақанымен ұстау. Барлық тастар бір-бірлеп ұсталады. Екі алақанмен ұстау. Бес тасты түгел жоғары лақтырып екі алақанмен ұстау. Алақан сырты арқылы ұстау. Бес тасты жоғары лақтырып екі алақанның  сыртын қатар қою  арқылы ұстау. Алақан сыртындағы тастарды қайта жоғары лақтыру арқылы алақанмен ұстап алу қажет. Бір қолдың сырты арқылы қаршу.  Жоғары лақтырылған барлық тастарды бір алақанның сыртымен ұстау керек. Алақан сыртында ұсталған тастарды қайта жоғары лақтыру арқылы қолдың алақанымен қаршып ұстау қажет. Қаршып ұсталған тастар санына байланысты ұпай беріледі. Орақ. Жерге шашылған тастарды орақ ору қозғалысы түрінде бір-бірлеп жинап алады. Кетпен. Жерге шашылған тастарды кетпен шабу қозғалысына ұқсатып бір-бірлеп жинап алады. Сапқа тұрғызу. Жерге шашылған тастарды қақпақыл тасты жоғары лақтыра отырып бір сызық бойына тізіп шығады да, соңынан барлық тастарды бірден жинап алады. Екі қол сыртында «Нәби» атау. Жоғары лақтырылған  тастарды екі қол сыртымен ұстап алғаннан соң ішінен бір тасты басқа ойыншы «Нәби» деп көрсетеді. Ойыншы «Нәби» аталған тасты барлық тастардан соң жерге түсіруі қажет. Қол сыртында ұсталған тастар санына қарай ұпай беріледі және уақыт есептеледі. Бір қол сыртында «Нәби» атау. Жоғары лақтырылған барлық тастарды бір қол сыртымен ұстап алғаннан соң, басқа ойыншы ішінен бір тасты «Нәби» деп көрсетеді. Ойыншы «Нәби» аталған тасты барлық тастардан соң жерге түсіруі қажет. Қол сыртында ұсталған тастар санына қарай ұпай беріледі және уақыт есептеледі.

Ескерту. Барлық қаршып ұстау түрлерінде әр қаршып алынған тастан 10 ұпай жинайды. Бес тасты түгел ұстаса 50 ұпай жинайды.

Жеңімпазды анықтау. Бестас ойыны жеңімпазын анықтау әр ойыншының барлық ойынға жіберген уақытын және қаршып алу кезінде жинақтаған ұпайларын қосу арқылы анықталады. Бестас ойынының ел арасында ойнау түрлері көп. Сіздерден толықтыру және ұсыныстар  күтеміз.

Елемес Әлімханов,

педогогика ғылымдарының докторы, профессор.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.