Аударыспақтан ашық Азия чемпионатының Бас төрешісі Р.Сәттібаймен сұхбат

Иә, Арқаның төсінде және бір дүбірлі доданың тұсауы кесілмек. Маусымның 15-жұлдызында Астананың «Қазанат» атшабарында Ашық Азия чемпионаты жалау көтереді. Бұл айтулы бәсекеге Азия мен Еуропаның 10 мемлекеті өз балуандарын әкеліп бақ сынамақшы. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Азия біріншілігін тамашалаудан қапы қалмаңыз, ағайын!

ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының тізгінін қазақтың шын жанашыр азаматтары ұстағалы жанкүйер қауымның желпінісі жиіледі. Атадан мұра асыл өнердің бәсі артып, бағы аспандай бастады. Соның бір дәлелі – көкпардан өткен тұңғыш Азия чемпионаты. Былтырғы жылы Елорданы бір апта думанға бөлеген бұл айтулы додаға дүйім жұрттың көз тіккені анық. Азия чемпионатының бас бәйгесін 9 мемлекет саңлақтары сарапқа салып, түптеп келгенде Қазақ Елі көкпаршыларының мерейі үстем болған еді.

Қара күзде «Халықаралық бүркітшілер фестивалі» ұйымдастырылып, қыран көтерген бүркітшілер Арқа төсіне және бір жөңкіліп келді. «Алтайдың мұзбалағы» мен «Оралдың ақиығын» жақыннан көріп, шалғысына қол тигізіп астаналық жұрт сонда бір жасап қалған-ды. Сұңқар мен қаршығаның қызығын тамашалап, бүркіттердің аңға шүйіліп түскенін көзіңмен көрудің өзі бір ғанибет. Әсіресе, «аяғынан аң кетпей, қан оралғыш» алғыр қырандардың қоян мен түлкіні бірде теуіп түсіп, енді бірде іліп түсіп, сорғалап келіп жарқ еткізіп, жұрт айызын қандырғаны сірә бір ұмытылар дейсіз бе?

Шартарапқа мәшһүр осындай ауқымды шараларға мұрындық болған ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы енді міне, аударыспақтан Азияның ашық чемпионатын ұйымдастырып, алаш жұртының ат үстіндегі бекзат өнерін әлем назарына ұсынбаққа бел буды. Осы айтулы дода қарсаңында біз ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші, Ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Сәттібай ағамызбен жүздесіп, аударыспақтың жай-жапсары жайлы әңгімелескен едік. «Болғанынан боладысы» қызық бәсекеден бұрын назарларыңызға сол сұхбатты ұсынғанды жөн көрдік.

РАамзан Сәттібай

СӘТТІБАЙ Рамазан Ғайноллаұлы.

Аударыспақтан І ашық Азия чемпионатының бас төрешісі. ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы қызметін атқарады. Ұлттық спортта 30 жылдан астам қызмет атқарып келе жатқан тәжірибелі маман. ҚР Ұлттық спорт түрлеріне еңбегі сіңген және жоғары категориялы жаттықтырушы.

– Рамазан аға, осы күндері аударыспақ өнерінің аты алысқа кетіп тұрғанымен жанкүйер қауымның бұл сайыстан білері аз. Сондықтан әңгімеңізді аударыспақтың өткенінен бастасаңыз деген өтінішіміз бар.

– Аударыспақтың өткені туралы айтсақ, оның тарихы тым тереңге кетеді ғой. Ежелден «ат үстінен ұйқы алған» алаш жұртының жылқымен жаны бір десем, асыра айтқандық болмас. Атқа қатысты қаншама аталы сөз бар? Жылқыны жырға қоспаған көне эпосты таба аламыз ба? «Арыстандай екі бұтын алшайтып, Арғымақ мінген өкінбес» деп, ата дұшпанын ықтырып, өмірден өкінбестей өткен батыр бабаларымыз бізге сансыз асыл мұраны мирас етіпті. Исі түркі жұртында ат үстіндегі өнерде алаштан озары жоқ. Соның бірі – аударыспақ. Ұлттық спорт түрлерінің ішінен көп жылдар бойы сыннан өтіп, жарғысы жазылып, өз алдына бір спорт түрі ретінде танылғаны да осы аударыспақ. Аударыспақ сайысынан бұған дейін аз бәсеке өткен жоқ. Онға тарта республикалық чемпионат ұйымдастырылды. Екі рет Шымкент қаласында мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров атындағы халықаралық турнир өткізілді. Бұл турнирге көрші мемлекеттердің балуандары да қатысып, шеберліктерін шыңдап қайтты. Яғни, осы уақытқа дейін аударыспақ өзінің дербес спорт түрі болуға лайық екендігін дәлелдеді. Жоғарыда айтылған жарыстардың барлығында аударыспақтың кем-кетігі жөнделіп, кемшін тұсы жетілдірілді. Тек біздің ғана емес, іргелес елдердің ұсыныстары да ескеріліп, ережесі толықтырылып, бекітілді. Жұрт танитын спорт түріне айналды.

Енді міне, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеуханның бастамасымен, еліміздің Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің қолдауымен жыл басында спорттың күнтізбелік жоспарына енгізіліп, маусының 15-жұлдызында тұңғыш рет аударыспақтан ашық Азия біріншілігін өткізгелі отырмыз. Жарыстың өтетін жері – «Қазанат» атшабары. Жарысқа қатысуға ынта білдірген елдер аз болған жоқ. Бірақ, нақты бәсекеге түсетін мемлекеттер енді анықталды. Атап айтқанда, Ауғанстан, Әзірбайжан, Венгрия, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Түркия, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресей федерациясының Алтай Республикасынан спортшылар қатысады.

Аударыспақ – көшпелі елдің ежелден келе жатқан төл өнері ғой. «Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен» заманда пайдаға асатын өнер. Оны бейбіт заманда сайыс ретінде шыңдап отырған. Ат үстіндегі өнердің бәрі бозбаланың буынын бекітіп, бұғанасын қатайтады, жүректілікке баулиды. Тақымы тастай, құрыш білек болып өседі. Бабаларымыздың осынау ұлан-байтақ жерді иеленуінің астарында ат үстінен түспеген қажырлылық жатыр. Біздің бойымыздағы атқұмарлық – қанымызда бар нәрсе. Ат үстіндегі спорттың біздің елде дамуы – заңдылық. Бұл өзі көрген адамды сүйсіндіретін, қызықтыратын өнер. Адамның сергектігі, парасаттылығы, денсаулығының жақсаруы, ақылының толысып, деңгейінің өсуіне тікелей себепкер. Қазақтың биіктікті, бекзаттықты, ұлылықты, дархандықты таңдайтыны, аспандағы құсты қолына қондырып, тілін тауып аңға салатын кереметтігі, осының бәрі ат үстінен тапқан қуаты, Тәңірдің берген өлшеусіз сыйы. Өз басым, өкшем көтеріліп, атқа мініп, қос табаным үзеңгіге тигеннен бастап – әлем билеушісінен кем емес бір керемет рахатқа кенелемін. Ат үстіндегі қазақты – басқа көліктің үстіндегімен еш теңестіруге келмейді. Үзеңгіге табаны тіреліп, ерге нық отырған қазақты ешнәрсемен жасқай да, қорқыта да алмайсың. Бір ғажабы, ат үстіндегі адамның ойына тек жақсы істер, имани шаруалар келеді. Аппақ армандарға бөленеді. Ондай сәтте адам ойына жаманшылық келуі мүмкін емес деп ойлаймын.

– Өткен жылғы «Халықаралық бүркітшілер фестиваліне» көрші мемлекеттің құсбегілері бүркітсіз келді. Себеп – шекарадан бүркіт өткізуге рұқсат жоқ. Азия чемпионатында мұндай кедергілер болмай ма? Жалпы даярлық барысы қалай?

– Жан-жақты даярлық жасалды. Бірақ, осы ұлттық спорт түрлерін өткізудің өзіндік қиындықтары алдымыздан шығып жатыр. Өткен жылы Көкпар чемпионатында да осындай кедергілер болды. Себебі, көкпар, аударыспақ жарыстары – спортшылары конькиін, доптаяғын құшақтап келе салатын хоккей, добын арқалап келетін футбол, сақасын қалтасына салып келетін асық ойыны емес. Бұл жерде – жансыз зат емес, тірі жануар шекарадан өтуі тиіс. Бар мәселе осыдан басталады. Көрші мемлекеттер арасындағы шекаралық, кедендік келісімдер әлі күнге бір жүйеге түспеген. Соның зардабын әсіресе, ұлттық спорт түрлері жарыстарын өткізгенде тартамыз. Спортшылар мініс аттарын шекарадан өткізе алмай пұшайман болып жатқаны. Себебі, көп мемлекеттер арасында осы мәселе тиісті шешімін әлі таппаған. Кеденнен жылқы өткізу өте үлкен қиындық туғызуда. Алыс елдерді былай қойғанда, мына іргелес отырған Қырғызстан көкпаршылары мен аударыспақшыларының бізге ат өткізуі оңай-оспақ шаруа емес. Бірақ, уақыт өткен сайын соның бәрі бір жүйеге түсіп келеді.

Ашық Азия чемпионатын ұйымдастыру, оны тиісті деңгейде өткізу – біздің ел үшін үлкен сын. Бұл ат үстіндегі спорт атаулы, оның ішінде көкпар, аударыспақ қатерлі ойын түрлері ғой. Алла абырой бергенде, өткен жылғы көкпар чемпионаты көздеген межеде өтті. Біздің бұдан бұрын әлем чемпионаты сияқты үлкен жарыстар өткізіп ысылған тәсіліміз, жинақтаған тәжірибеміз жоқ. Тынымсыз ізденіске, табанды еңбекке арқа сүйеп,  тәуекелге бел буып отырмыз.

– Енді аударыспақтың өткізілу тәртібі туралы айтып берсеңіз. Сіз осы чемпионаттың бас төрешісі болып сайландыңыз ғой?

Иә, мен осы жарыстың бас төрешісімін. Аударыспақтың өткізілу тәртібінде республикалық бәсекемен салыстырғанда біршама ерекшеліктер бары рас. Мысалы, ел чемпионатында сайыс бес салмақта өтсе, бұл бәсекеде қатысушылар тек үш салмақ дәрежесінде сынға түседі. Дәлірегі, 70 келі, 90 келі және 90 келіден жоғары салмақтағы балуандар арасында өтеді. Сайыс уақыты – 5 минут. Алаң шеңберінің аумағы – 20 метр. Жекпе-жекке алаң төрешісі және көк, қызыл қапталдағы қос төреші төрелік етеді. Төрешілердің бәрі аттың үстінде, арнайы киімде болады. Балуандар көк және қызыл белбеумен ортаға шығады. Олардың кеудесі жалаңаш. Белінде белбеу. Әрине, ол самбоның, дзюдоның белбеуіне ұқсас емес. Балуанның денесіне батып, ысып кетпейтіндей, бүйрекке, белге, қабырғаға зақым келтірмейтіндей есеппен жасалған және жалпақ, арнайы мықты материалдан тігілген белбеу.

Әлбетте, спортшының мәдениеті – басты талап. Шақырған уақытта өз орнына келіп тұруы, амандасуы, аты-жөні айтылғанда қолын көтеріп, белгі беруі спортшының міндеті. Сондай-ақ, балуанның бойында артық заттар, ер-тоқымында әшекей темір заттар болмауы тиіс. Белбеуінің бос салбырамауы, я, тым қапсырып қатты байланбауы керек. Төрешілерге наразылық білдіруге, артық-ауыс сөйлеуге тыйым салынады.

Рұқсат етілетін ережелер – қарсыласының өміріне қауіп төндірмейтін жағдайда атын омыраулатып, я, қабырғалатып шабуылдау. Белбеуден, қолдан ұстап тарту. Оңтайлы сәтте, қарсыласын итеріп құлату. Бір қолдан ұстап, айналдыра жығу. Ту сыртынан шап беріп, жұлқа тартып ерден түсіру сияқты ең көп қолданылатын әдістер бар.

Аударыспақтың жекпе-жегі шын мәнінде өліспей беріспейтін айқас қой. Балуандар өте әбжіл қимылдайды. Мұндайда төрешінің қырағылығы керек. Қарсыласын қасқана атының басымен соғуға, қолын қайыруға, саусақтарын сығымдауға, күрес тәсілімен мойнынан қысып алуға – тыйым салынады. Қарсыластың атының тізгінінен ұстауға, атын бұруға болмайды. Өз атының мойнынан құшақтап қалу, ердің басынан ұстап қалу – таза жеңіліс. Жекпе-жекте бұл – қас-қағым сәт. Жұлқа тартып қалғанда – ол секунттық қимыл. Сондықтан көп салмақ төрешілерге түседі.

Балуандар ортаға тең салмақта шығады. Бес минуттық сайыста екеуі бір-бірінен үстем болмаса, қосымша уақыт беріледі. Сол қосымша уақытта да еш нәтиже көрсетпесе, онда екеуін белбеуден ұстаттырып белдестіреді. Оған болмаса екеуін астындағы аты, қолындағы қамшысы, аяғындағы етігімен  таразыға қайта тартып, кімнің салмағы он грамм болса да жеңіл тартса, сол жеңімпаз танылады. Ереженің осындай ерекшеліктері бар. Бұл ереже үш тілге аударылып, барлық мемлекеттерге жіберілген.

– Біздің балуандарымыздың дайындығы, бабы қандай? Тұңғыш чемпионатта Қазақ Елінің намысын қорғайтын азаматтардың аты-жөндерін жанкүйерлеріміздің біле бергені жөн шығар? Құрама команда сапында кімдер бар?

– Осы жолы біз ережеге сәйкес екі команда шығаратын мүмкіндігіміз болса да, тұңғыш жарыстың бәйгесіне қызыққандай болмайық, басқа мемлекеттер де жүлделі болсын деген ниетпен жалғыз команданы даярлап отырмыз. Чемпионатта ұлт намысын қорғайтын үш балуан. 70 келіде – Ермек Жапишев (ШҚО), 90 келіде – Сырым Ізбасаров (ОҚО), аса ауыр салмақта – Біржан Қосалиев. Биылғы республикалық чемпионатта топ жарған осы саңлақтар. Негізінде, республика чемпионаты жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында тұрақты өтіп келеді. Осы жарыстарда аударыспақтың келешек белді балуаны кім, қандай мықты аттар бар, бәрі сарапқа салынады.

Балуандарымыз екі оқу-жаттығу дайындығынан өтті. Жамбыл облысы, Мерке шипажайында және Тараз қаласында болды. Аударыспақшыларымызды ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ұлттық құраманың бас бапкері Қуанышбек Құрамаев пен шәкірттері бірнеше дүркін чемпион атанып жүрген тәжірибелі бапкер Жанбатыр Бекмұсаев дайындауда. Қазір балуандарымыз бабында. Денсаулықтары мен көңіл-күйлері де жақсы, сергек.

– Рамазан аға, білетіндер көкпарда ойынның нәтижелі болуы сексен пайыз атқа байланысты дейді. Ал, осы аударыспақ жекпе-жегінде де сондай талап бар ма?

– Әрине, ат үсті сайыстың бәрінде мінген атыңның мықты, белді болуы басты талап. Бірақ, көкпар мен аударыспақтың атын мүлде салыстыруға келмейді. Екеуі екі бөлек. Аударыспақта аттың рөлі өте үлкен. Негізгі сипаты – ат биік, кеуделі, келсең кел, палуан ат болуы тиіс. Есті аттың міндеті – қарсыласының атын кеудесімен соғып, итеріп, үстіндегі иесінің ыңғайына әкелу. Иесіне қапыда қалдыратын сәттерді дайындап беру. Әбжіл балуан міндеті – сол сәтті пайдаланып қалу. Егер ат қимылы баяу болса, онда қарсылас алды-артыңнан шығып жүріп, жер соқтырып кетуі әбден мүмкін.

Ат қандай жылдамдықта бұрылуы, қандай жылдамдықта шегінуі, қалай қағуы керек, соның бәрін иесінің тақымымен сезуі тиіс. Қазақта «жылқышының әккі атындай» деген бар. Артқа шегіне алмаған ат – нашар ат. Тартатын уақытта тартып, қиыстайтын уақытта қиыстауы тиіс. Бұл оңай-оспақ шаруа емес. Атты ерінбей жалықпай жаттықтыру қажет. Ең бастысы, өз бетімен шеңберден шықпауға үйрету. Шеңбердің дәл шетіне тоқтап, бір сүйем алға баспай, иесінің бұйрығын тыңдайтын есті аттар бар.    Біз көбінесе сайыста айғыр уытты, қажырлы келеді дейміз. Бірақ, жақсы аттар да жоқ емес. Сартап боп мініліп, раң майы мен жілік майы үзілмеген, арбаға жегілген, жасқаншақ емес, белі мықты аттар да аударыспақтың жекпе-жегіне жарап тұрады. Ал, балуан мен атты баптау өз алдына бөлек әңгіме.

– Біздің елде қай өңірдің аударыспақшылары басым болып тұр?

– Аударыспақ пен көкпардың кенжелеп қалғаны еліміздің солтүстігі мен батыс өңірлері ғой. Сонда да биылғы ел чемпионатына тұңғыш рет он төрт облыс пен Астана, Алматы қалаларынан барлығы 16 команда түгел қатысты. Ал, Жылқыбаев Елемес сынды әйгілі бапкері бар Шығыс Қазақстан облысын, Жанбатыр Бекмұсаев бастаған Оңтүстік Қазақстан облысын, Ахметов Берік дайындаған Ақмола облысын, Нұрдәулет Момынов баптаған Жамбыл облысын, Мақатаев Ғанидың жетекшілігіндегі Қызылорда облысын аударыспақ өнері ең жақсы дамыған өлкелер деп айтар едім.

– Азия чемпионатында қазақ аударыспақшыларымен қай ел үзеңгі қағысуы мүмкін деп ойлайсыз?

– Азия чемпионатына барлық елдің сайланып келетініне күмән жоқ. Кім мұндай бәсекеге осал балуанын әкелер дейсің? Бәрінің де бас бәйгеден дәмесі бар. Бірақ, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, кімнің бағы жанарын чемпионат барысында көреміз. Өз басым, ең мықты деп қырғыз балуандарын айтар едім. Сондай-ақ, бұл дүбірлі додаға сонау Еуропа  төрінен мажар туыстарымыз құлшынып келе жатыр. Осы тұста аударыспақтың мына бір тарихи оқиғасы еске түседі. 1994 жылы Венгрияның Кешкемет қаласында «Дүниежүзілік шабандоздар фестивалі» өткен. Біздің  көкпаршылар мен аударыспақшылар соған атсыз-ақ барып қатысып, Гран-при жүлдесін жеңіп әкелген. Венгрияның ол кезде көкпарды тұңғыш көруі. Бірақ, мажар аударыспақшылары сол уақытқа дейін Еуропадағы ат үстіндегі сайыста еш жеңіліп көрмеген екен. Әсіресе, аса ауыр салмақтағы бірнеше дүркін чемпион атанған балуандары атқа мініп ортаға шыққанда нағыз алыптардай көрінеді. Бірақ, біздің жігіттер сол алыптарды бірнеше минуттың ішінде аттарынан жұлып-жұлып алғанда, мыңдаған жанкүйерлер таң-тамаша қалысыпты. Сол кезде жекпе-жекке Қаһар Қиянтаев, Шадияр Шоқанов, Жаныс Саев сынды балуандар шыққан. Сонда мынадай бір жағдай болған. Жерлестерінің қапыда қалғанын ер-тоқымнан көрген бір мадияр балуаны біздің бауырымызды сайысқа жайдақ атпен шығуға шақырады. Өздері «жайдақ сайыста бізді жұлатын ешкім жоқ» дейді екен. Біздің жігіт әлгіні бірнеше секундта жұлып алып, алдына өңгеріп кеткен көрінеді.

Міне, қазақ аударыспағының атағы алысқа кеткен осындай тарихы бар. Венгрия балуандары сол жиырма жыл бұрынғы қарымтаны қайтаруға тас-түйін дайындалып келе жатқаны сөзсіз. Оны үстіне, Мажарстан аударыспақ өнері жақсы дамыған елдердің бірі.

Әңгімеңізге рахмет. Балуандарымызға сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан: Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.