«Жастар үні» акциясы аясында асық атудан сайыс өтті

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен кеше елордада өткен «Жастар үні» акциясы кезінде жастар асық атудан сайысқа түсті,-деп хабарлайды Baq.kz тлшісі.  

Астана күніне орай өткізілген шараның мақсаты – еліміздің бас қаласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, сондай-ақ, жастарды отансүйгіштікке баулу болды. Ұлттық рухты ұлттық ойындармен дәріптеуді көздеген ұйымдастырушылар Студенттер саябағында асық ойынынан сайыс өткізді. Саябаққа жиналған қауым арасынан 30-ға жуық жас асық ойнауға ниеттенгенімен, олардың ішінен мергендік танытқан 17-сі ғана сайысқа іріктелді. Ұлттық ойында үздік шыққандарға Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы тарапынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

«Акция Астана тұрғындары мен қонақтарына елордадағы мемлекеттік тілдің деңгейін ұғындыру, сондай-ақ, жастар қауымын мемлекеттік тілге бет бұруға үндеу мақсатында өтіп жатыр. Осы арқылы қазақ тілі қоғамның барлық саласында қолданысқа енсе деген ниеттеміз. Біз ұйымдастыратын алғашқы мерекелік шараға жастар арасында қолдау тапқан белгілі әншілерді де шақырдық. Басқарманың 3 шілдеге жоспарлаған «Астанаға тарту» атты музыкалық-сазды кеші өтеді»,-деді Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Қаламқас Әлкенқызы.

Мерекелік басқосуға келген Астана қаласындағы мектеп оқушылары және ЖОО студенттері мен қала қонақтары жалғасты эстрада жұлдыздарының концертін тамашалады.

Майгүл СҰЛТАН,
Іңкәр ТҮЙМЕТАЙ,
Ғабит МАДЕЛИЕВ (ФОТО)

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*