БІРЖАН АЗИЯ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ!

Біржан чемпионКеше Астанада аударыспақтан Ашық Азия чемпионаты мәреге жетті. Қазақ жанкүйерлері бөркін аспанға атып қуанып жатыр. Құрыш білек, арыстан жүрек алаш балуандары ат үстіндегі сайыста қарсылас шақ келтірмеді. Үш салмақта да бас бәйге біздің жігіттердің қанжығасына байланды. 70 келіде Ермек Жәпішев, 90 келіде Сырым Ізбасаров, аса ауыр салмақта Біржан Қосалиев чемпион атанды. Ал, абсолютті салмақта тағы да тақымы тастай Біржан Қосалиевтің мерейі үстем болып, чемпионаттан «темір тұлпар» мініп қайтты.

Фабрика ФорматовАб чем Байбек, БТ

Аударыспақтан өткен Ашық Азия чемпионатына 10 мемлекет  балуанын баптап қосты. Тұңғыш ұйымдастырылған дүбірлі дода «Қазанат» атшабарын сәскеден бесін ауғанша дүрмекке бөледі. Ақиқатын айтсақ, чемпионаттың тартысты бәсекесі апшыны қуырып жіберді. Кілең мықты бірінің жолын бірі кесті. Қырғыздың қарымды қабыландары, өзбектің өжет оғландары, әзірбайжанның әдіске жетік жігіттері сайыстың көрігін қыздырып,  жеңіс жолында жанын салып айқасты-ақ. Бірақ, алаштың арда ұландары намысты қолдан бермеді. Сонда да, 70 келі салмақтағы қырғыз сайыскері Қалыбек Бұзырманқұлұлы мен Қытай мемлекетінен келген бауырымыз  Ақат Қуаныш тегеуріні темірдей жігіттер екен. Ал, 90 келі салмақта өз тұрғыластарын аттарынан қайта-қайта аударған моңғолиялық бауырымыз Нұрболат Ережеп пен қырғызстандық Кумушбек Қыдырәлиев болды. Аса ауыр салмақта бақ сынағандар арасында тағы да қырғыз елінің балуаны Молдақұлов Нұрлан атойлап көзге түсті. Нұрланның әдісқойлығы мен шапшаңдығы, астындағы атын тақымымен шыркөбелек айналдырған ептілігі моңғолиялық алып балуан Ыдырыш Бағланды, тәжікстандық Машробов Хуршадтарды қапыда қалдырып кетті.

Дүбірлі дода соңында абсолютті салмақтың жүлдесі сарапқа салынды. Бәйге – «темір тұлпар!» Чемпионның алтын белбеуі төрге қойылды. Жалпы, бұл чемпионаттың жүлде қоры өте қомақты еді. Осы тұста бас демеуші – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының үшінші орынға – 400 мың, екінші орынға – 700 мың, бірінші орынға – 1 000 000 (бір миллион!) теңге ақшалай жүлде тіккенін айтып өткеніміз орынды болар.

Жалпы,  жекпе-жектің  қай-қайсы да осал өткен жоқ. Астындағы арғымағын ор қояндай орғытып ортаға шыққан сайыскерлер шеңберлі алаңның төсін тесіп жіберердей айқасты. Қос балуан сіресе тартысқанда белі жуан аттардың шашаларынан шаңға көміліп, тізелері дірілдеп тұрғанын көзіміз көрді. Алып жігіттер арыстандай айқаса келгенде азбан айғырлардың  омақасып жығылғаны көрген кісінің көкейінен кетпестей бір керемет. «Мертікті-ау» деп ойлап үлгергеніңізше, құлаған балуанның атына іле қарғып мініп, қарсыласымен қайта арпалысып  жатқанына сенер-сенбесіңізді білмей таңдана қарайсыз. Нағыз аударыспақ дегеніңіз осы екен. Мұндай сайыстан бойында сескену, жасқану, қорқу сияқты жасықтығы бар жігіттер  күншілік жерден жүрсе керек. Аударыспақ — қажыры қара тастай, жүрегінің түгі бар, «сен тұр, мен атайын» сойқан сабаздардың сайысы екендігіне қалың қауым тағы бір көз жеткізді.

Сонымен, бас бәйгеге сегіз елдің сайыпқырандары сайланып шықты. Ә, дегенде ауғанстандық әккі балуан Абдул Рауоуфиді  тәжікстандық Фархад Холов айналасы 2 минутта айналдырып түсіріп кетті. Екінші болып ортаға шыққан қырғыз сайыскері Нұрлан Молдақұлов біздің Біржанмен жолбарыстай жұлқысты. Алдыңғы кеткен есесін осы жолы қайтармаққа бекінген Нұрлан қанша атойлап көргенімен жекпе-жек Біржанның пайдасына шешілді. Өзбектің бас балуаны Зохид Букобоевқа қарсы сонау Венгриядан ат арытып жеткен Раджзингер Роберт Ласло шықты. Мадиярлық балуаннның тұлғасы таудай болғанымен әдіс-айлаға келгенде Зохидтан осал соғып, әп-сәтте ат сауырынан сыпырылып түсті.  Екінші айналымда тәжік Фархад Холов Біржан Қосалиевке есе жіберді. Келер сәтте моңғолиялық Ыдырыш Бағланды Зохид Букобоев айқын басымдылықпен ұтып, ақтық айқаста біздің Біржан балуанмен жекпе-жекке шықты. Біржан нағыз балуан екен. Жанкүйердің дегбірін қашырып, тайталаса тіресіп жатпады. Шаппа-шапқа келгенде Зохидтің белбеуінен бас салып жұлқа тартқанда, қарсыласын қол-аяғын сереңдеткен қалпы, ат үстінен жұлып түсірді. Таза жеңіс! Бас бәйге иесі  – Біржан Қосалиев! Азия чемпионатының алтын белдігі – Біржан балуанда!

Төлеш ЖАНБӨБЕК

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*