Jaqsy.kz порталының АЧ туралы фоторепортажы

Қазақстандық палуан Біржан Қосалиев Аударыспақтан І ашық Азия чемпионатының абсолютті чемпионы атанды Астанада «Нұр Отан» партиясының қолдауымен тұңғыш рет Аударыспақтан І ашық Азия чемпионаты өтті.

Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ойын көрермендерін айтулы оқиғамен құттықтай отырып, мұндай бірегей ұлттық спорт түрін дамытудың маңыздылығын айрықша атады.

«Нұр Отан» партиясы өз саяси Доктринасында ұлттық құндылықтарға, дәстүрдің жаңғыруына басымдық берген. Біз өркениеттер үнқатысуында өзге жұрттардың жақсысын сіңіріп қана қоймай, өз мәдениетіміздің әлеуетін қарастырудамыз. Тиісінше, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру үшін осы бағыттағы жобаларға қолдау көрсетеміз. Айталық, Қазақстан Барысы, Бүркітшілер фестивалі, Көкпардан Азия чемпионаты, аламан бәйгелерді ұйымдастыруға атсалыстық. Көшпенділік дәуірден мирас болған аттың жалында күресу ойынын жаңғырту арқылы ұлттық рухымызды бір сілкіндіреріміз анық. Алдағы уақытта да «Нұр Отан» партиясы мұндай игі бастамаларға әрдайым қолдау көрсетуге дайын», — деді Б.Байбек.

Аударыспақ –  ат үстіндегі қос палуанның күштілігі, ептілігі, төзімділігі мен батылдылығы сыналатын өнер.

Елордамызда өткен байрақты бәсекеде 11 мемлекеттің 35 спортшысф — Қытай, Ресей, Түркия, Венгрия, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Моңғолия және Қазақстанның командалары өзара мықтыны анықтады.

Тартысқа толы жарыста Азия чемионатының бас жүлдесі мен абсолютті чемпионы атағын Қазақстан палуаны Біржан Қосалиев жеңіп алды. Оған чемпионаттың «Алтын белбеуі» тағылып, «Тойота» жеңіл көлігі сыйға тартылды.

«Аударыспақпен шұғылданып жүргеніме 5 жылдай болды. Осы уақыт аралығында Қазақстанның 2 мәрте чемпионы атағын жеңіп алдым. Азия чемпионатына екі айдың шамасында дайындық жүргіздім. Жеңіске жетуімнің бір сыры — палуандардың әдіс-айласын танып,  әлсіз тұстарын мұқият қадағалап отырдым», – деді жеңімпаз.

Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушы, Чемпионаттың бас төрешісі Рамазан Сәттібайдың айтуынша, биылғы жылы аударыспақтың палуандарымен 2  мәрте оқу-жаттығу жиындары өткізілген.

«Палуандарымыз жалпы  физикалық жаттығулармен қатар, жеке  арнайы, яғни аттармен жаттығулардан өтті. Бүгінгі көріп отырғандарыңыздай,  әр мемлекеттің аты әртүрлі болып жатыр.  Дегенмен де  Қазақстанның аударыспағының аты лайықталып, иесімен  ұғынысқандай жұмыс жасады. Ал жалпы осы бастаған іс аяқсыз қалмай,  үніміздің Азияға жетуі үлкен қолдаудың арқасында ғана мүмкін екені белгілі.  Осы тұрғыдан «Нұр Отан» партиясының жасап жатқан жұмысын айтпай кетпеуге болмайды», – деді Рамазан Сәттібай.

Бүгінгі күнде аударыспақ тек Қазақстанда емес, сондай-ақ Ауғанстан, Әзірбайжан, тіпті Венгрия мемлекеттерінде дамып, үлкен қызығушылық тудыруда. Чемпионатқа тың дайындықпен келген Моңғолия командасы өздерінің мықты  қарсылас  екендіктерін таныта білді.

Сөз арасында өзінің 16 жасынан моңғол күресімен шұғылданғанын тілге тиек еткен 90 келі дәрежесінде сынға түскен Нұрболат Ережеп өзінің грек-рим күресімен шұғылданатынын айтып кетті.

«Баян-Өлгей облыстық грек-рим чемпионымын. Кейін ат спорт түрлеріне қызығушылығым ауды. Аударыспақпен айналысқанымен 2-3 жылдың жүзі болды. Жаттықтырушымыз Ром Әуезханның жетекшілігімен бүгін Азия чемпионатына қатысып отырмыз. Чемпионатқа барынша тиянақты дайындалдық. Қарсыластарымыз да осал емес екені көрініп тұр», – дейді ол.

Айта кетейік, аударыспақтан ІІ Азия чемпионаты арада екі жылдан соң, яғни 2016 жылы Қытайда өтетін болды.

jaqsy.kz

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*