Kaztrk.kz: Аударыспақтан Азия чемпионаты өтті

Әлем тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған аударыспақтан ашық Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеге 10 мемлекеттің палуандары қатысты.

Чемпионатқа қатысушылар Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы әзірлеген ережеге сәйкес үш салмақта мықтыны анықтады.

70 келі салмақ дәрежесінде әр мемлекеттен келген жігіттер жеребе бойынша өзара сынға түсті. Үшінші орынды қырғыздың палуаны Бузурманкул ұлы Қалыбек еншіледі.

Ал, ақтық бәсекеде қазақстандық Ермек Жәпішев Қытай елінің намысын қорғап келген шабандоз Ақат Қуанышпен текетіресті. Нәтижесінде қазақ палуаны намысты қолдан бермеді. Қытай туын көтерген қандасымызды, атынан жұлып түсірді.

Ермек Жәпішев, Аударыспақтан Азия чемпионы: 15 жылдық еңбегім – бұл. Әр адамның арманы болады. Тұңғыш рет халықаралық дәрежеге шығып, көк Туымды желбіреттім, Әнұранды ойнатқаным — мен үшін мақтаныш.

90 келі салмақ дәрежесінде Сырым Ізбасаровқа қарсылас шақ келмеді. Көк туымызды көкке желбіреткен палуанымыз ақтық бәсекеде моңғолиялық Нұрболат Ережепті ат үстінен алып түсті. Ал, үшінші орын тағы Қырғыз Республикасының еншісінде.

Сырым Ізбасаров, аударыспақтан Азия чемпионы: О бастан дайындығымыз жақсы еді. Бірінші орын бұйырды. Өте қуаныштымын. Барлық қатысушылардың дайындығы жақсы. Қарсыластар мықты, осал емес.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары: Батырларымыз көп болған. Жалпы, қиын кезде батырларымыз елді қорғаған, жерді қорғаған. Ал, негізгісі – бізде бейбітшілік, келісім болып, соғыс болмасын. Ұлттық дәстүрді көтеріп, осы палуандарды, қарапайым ауылдардан шыққан жастарымызды елге танымал ету, рухты көтеру керек. Тек қана рухы биік халық осындай жетістіктерге жете алады, деп ойлаймын. Елбасының саясаты экономикалық даму, гүлдену, келісім, тұрақтылық болса, болашақта Қазақстан дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіреді, деп ойлаймын.

90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен палуандардың кездесулері де тартысқа толы болды. Қазақстанның намысын қорғап ортаға Біржан Қосалиев шықты.

Қарсыласын ат үстінен атып ұрған Біржан Азия чемпионы атағын иеленді. Ал, Нұрлан Молдақұлов Қырғыз Республикасына күміс жүлде арқалап қайтты.

Қола жүлдені Өзбекстан мемлекетінің палуаны Захид Бухабаев қанжығасына байлады.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.