Моңғолияда Тоғызқұмалақтан халықаралық бәсеке өтеді

togyzqumalaqmongolianМоңғолияның Өлгий қаласында 2014 жылдың 23-26 маусымында Тоғызқұмалақтан халықаралық біріншілік өтеді. Бәсекеге Қазақстан, Қырғызстан, ҚХР мен Моңғолияның Ұланбатыр қаласы, Увс пен Баян-Өлгий аймағынан, Ресейден барлығы 9 команда 54 спортшы  қатысады. Бәсеке —  швейцар жүйесі бойынша  ерлер, әйелдер, ұлдар мен қыздар арасында жекелей командалық есепте өткізілетін болды. Сайысқа 10 төреші қазылық жасайды.

c918defde485a98a92147414fa8421d7

Ақыл-ой спортының  әлемдік озық үлгілерінің  бірінен  саналатын  қазақ халқының  ұлттық рухани ойыны «Тоғызқұмалақ» — Моңғолиядағы қазақтар арасында да  кең тарағанымен өткен ғасырдың соңғы жартысында біраз уақыт  ұмыт қалып,  1990 жылдардан бастап қайта жаңғырды. Бұл ойынды халыққа насихаттау ісінің  алғашқылары  ұстаз Мамырхан Қожахметұлы мен Біләл Сәбиұлы сынды азаматтар болды.

Моңғолиядағы бұл ұлттық ойынымыздың даму хронологиясы:

  • 1991 жылы Баян Өлгий аймағында талантты, өнерлі балаларды сұрыптап оқытатын «Өнер тапқыштар» мектебі орнап, осы мектептің директоры Асылхан Сәкейұлының  қолдауымен  мектеп жанында  тұңғыш рет  «Зерде» атты тоғызқұмалақ клубы  құрылып, Біләл Сәбиұлы  жетекшілік етті.
  • 1991 жылы  «Тоғызқұмалақ» бөлімшесі орнап, басшысына Асылхан Сәкейұлы, басқарма мүшелеріне  С.Біләл,  Т.Мерей, Д.Жамсран қатарлы адамдар сайланып жұмыстар атқарылды.
  • «Зерде» клубын Асылхан Сәкейұлы  мектептің шебер ұстаздарының күшімен жетілдірілген тоғызқұмалақ тақталарымен қамдады.
  • 1991 жылы Моңғолия мен Қазақстан тоғызқұмалақшылары арасында  алғашқы байланыс орнады.
  • 1992 жылы Қазақстанда өткен Халықаралық  сайысқа  ұстаз  Біләл Сәбиұлы  қатысып, күміс медальға ие болды.
  • 1992 жылы  мектеп директоры, тоғызқұмалақ  бөлімшесінің басшысы Асылхан Сәкейұлы  Алматы  шаһарындағы  білім саласының басшылық  шеберлігін жетілдіру курсында оқыған мерзімінде Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Дене тәрбиесі және спорт басқармасы методика бөлімінің  бастығы Базарбек және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, республикалық төреші,  шахмат клубының директоры Жүсіп мырзалармен  жүздесіп, тоғызқұмалақ өнерін  дамыту туралы  ақыл-кеңес алып қайтты.
  • Осы  жолы тоғызқұмалақтан Халықаралық сайысты 1993 жылы Баян-Өлгий аймағында  ұйымдастыру туралы пікір алмасты және Қазақстан тоғызқұмалақшылары атынан  20 дана тоғызқұмалақ тақтасы   біздің «Зерде»  клубына  сыйға тартылды.
  • 1993 жылы наурызда Баян-Өлгий аймағында Тоғызқұмалақтан Халықаралық  сайыс  өткізіліп, біздің спортшыларымыз, «Зерде» клубының мүшелері  күміс, қола  медальдарды еншіледі.
  • 1993 жылы Халықаралық сайыстың күміс, қола медаль жүлдегері Біләл Сәбиұлы «Қазақстанның республикалық дәрежедегі төрешісі»  атағына ие болды.
  • 1993 жылы аймағымызда алғаш рет Тоғызқұмалақ қауымдастығы құрылып, Ш.Қанат басшысы боп, ал басқарма мүшелеріне С.Біләл, С.Асылхан, Д.Жамсран, Ұ.Қуанған, А.Батай, Т.Бақытхандар сайланды.
  • Осы жылдарда тоғызқұмалақ спортының ұйымдастыру жұмысына Өнертапқыштар мектебінің ұстаздары Т.Мерей, Қ.Алмасбек,  аймақтық Оқу бөлімінің бастығы Е.Дөрбетхан, Кәсіптік техникалық учлище директоры Қ.Тау, ал соңғы  10 жылда Тоғызқұмалақ қауымдастығының іс-қызметіне Мұғалімдер коллежінің директоры,  доктор Имаммағзам Қызырұлы және Қазақстандық ағайындар Қайрат, Болат, Жүсіп, Намазбек, Айнұр, Гауһар қатарлы  спорт  шеберлері   жанашырлық ақыл-кеңестерін беріп,  қамқорлық жасап, жан-жақты қолдау  көрсетті.
  • 1995 жылы Қырғызстанда өткен Халықаралық сайысқа «Өнертапқыштар» мектебінің шәкірттері, балғын тоғызқұмалақшы Табиғат, Ғалиялар қатысып, арнайы жүлделі орындарға ие болды.
  • Біләл Сәбиұлының Алтай республикасының Қош-Ағаш ауданының  әкімі Әуелхан Жәзитұлы Жатқамбаевтың арнайы шақыруымен Қош-Ағашта бірнеше  апта болып,  жергілікті қазақтарға тоғызқұмалақ  ойынының ережелерін  үйретіп, жүріс санаудың оңай да  ұтымды жолдарын ұғындырып, нақтылық пен дәлдікке шыңдап қайтты. Бұл —  Алтай республикасында Тоғызқұмалақ Қауымдастығының құрылуына, тоғызқұмалақтың халық ойындары бағдарламасына енгізілуіне  үлкен ықпал етті.
  • 1995 жылдан  аймағымызда тоғызқұмалақ ойыны  барлық орта мектептераралық спорт спартакиадасы  бағдарламасына  енгізіліп, Наурыз мейрамына орай  оқушылар арасында Аймақтық   бәсеке  жүріле бастады.
  • 2001 жылы  Біләл Сәбиұы моңғол тілінде «Тоғызқұмалақты жаңадан үйренушілерге көмек» атты кітабын жарыққа шығарды.
  • 2005 жылы Баян-Өлгий аймағының Тоғызқұмалақ қауымдастығы жаңаланып қайта құрылып,  төрағасына  Моңғолия Білім универсиетіне қарасты Баян-Өлгий аймақтық  Мұғалімдер коллежінің оқу ісі бөлімнің  бастығы Алмасбек Қожағайынұлы, басқарма мүшелеріне  аймақтық Спорт комитетінің бастығы,  Моңғолия және Қазақстан республикасының  еңбек сіңірген спорт қайраткері  Бақыт Одынайұлы,  Моңғолияға еңбегі сіңген ұстаз,  «Білге Тегін»  аға мектебінің директоры  Дөрбетхан Еркетайұлы,  Мұғалімдер коллежі  директорының орынбасары  Асылхан Сәкейұлы, 11 жылдық  аға мектеп ұстаздары Тәбілтай,  Бақытхан Тарбекұлы сайланып жұмыс істеп бастады.
  • 2005 жылдан бастап тоғызқұмалақ спортының мәртебесін аймақ деңгейінде көтеру ісі тұрақтанып, орта мектеп оқушылары арасында жыл сайын желтоқсанда жүргізілетін спорттық спартакиада бағдарламасынан тұрақты орын алды және Моңғолия мұғалімдер күні – ақпан айында  ұстаздар арасында аймақтық сайыс, Наурыз мейрамында аймақтық чемпионат,  әр түрлі даталы мерекелер атындағы жарыстар  үнемі  ұйымдастырылып,  чемпионат кезінде үздік спортшыларға тоғызқұмалақтан   1-ші,  2-ші  разърядтық  дәрежелер  беру шаралары үнемі ұйымдастырылып келді.
  • 2013 жылғы желтоқсанда  шақырылған  Аймақтық Азаматтар  Өкілдері Құрылтайының кезекті  мәжілісінен  талқыланған  Аймақ әкімінің  4 жылдық іс-қызметтік бағдарламасына  Тоғызқұмалақ ойынын  ұлттық  рухани  спорт ретінде  дамыту, үкіметтік, аймақтық  деңгейдегі  той-мерекелер  бағдарламасына  тоғызқұмалақ сайысын  тұрақты енгізу туралы  арнайы  бап  енгізілді.
  • 2014 жылы 11-қаңтарда  ұлттық  Тоғызқұмалақ ойынының жанашырлары мен  спортшылардың  кезекті мәжілісінен  Моңғолия  Тоғызқұмалақ  Федерациясы  құрылды. Мәжіліске қатысушылардың  ой-пікірі  негізінде Федерацияның  Кеңес мүшелерін  81 адамның құрамында бекіту  туралы  шешім қабылданды және  ұйымдастыру мәселесі сөйлесілді. Моңғолия Тоғызқұмалақ  Федерациясының  президентіне  МҰҚ мүшесі  Бәкей Ағыпарұлы,   вице-президентіне Аймақ әкімі Дәрмен Құзыкейұлы, атқарушы  директорына  Асылхан Сәкейұлы,  хатшыларына  Қ.Ерманат пен  Ш.Ардабұландар сайланды. Мәжілістен Наурыз  мейрамына орай  Тоғызқұмалақтан  Халықаралық біріншілігін Баян-Өлгий аймағында ұйымдастырып өткізу федерация басшылығына  тапсырды. (Алайда,  бұл шара  кейіннен қатысушы тараптардың   өтініші бойынша 2014 жылғы  23-маусымға шегерілген болатын).
  • 2014 жылы наурыз айында  Аймақтық  АӨҚ-ы Басқармаларының қаулысымен  аймағымызда Тоғызқұмалақтан Халықаралық біріншілігін өткізуге  арналған  қомақты  қаржы бөлу туралы  шешім қабылданды.
  • 2014 жылы  7-8-наурыз аралығында  Тоғызқұмалақтан Аймақтық жарысы өтті.

KAZNEWS

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.