Тақымы бос еркек емес…

Кеше әлемнің 11 елінен палуандар қатысқан аударыспақтан І Азия чемпионаты өтті. Қазақ жігіттерінің мықтылығын кешелі бері бәрі айтып жатыр. Енді мен аударыспақтың басқаша бір қырларын айтпақпын. Бұған кез-келген адам шығып күш сынаса алмайды. Мықтының мықтысы ғана қатысады.

тақым2

БІЛЕК һәмТАҚЫМ

Ат үстінде күш сынасу жердегідей емес. Аударыспақта балуандар білекпен шабуыл жасай отырып, тақыммен қорғанады. Яғни, қарсыластар бір-бірінің белінен ұстап тартқанда, кімнің білек күші көп болса, сол көтеріп алады. Сондай сәтте қарсыласқа алдырмау үшін тақымы мықтылар орнынан қозғалмай, тастай қатып қалу керек. Кезінде айтыста Оразәлінің: «тарамыс тастай қатқан тақым болар» деп айтуы бекер емес. Тақымың бос болса қарсыласыңның қолында кете барасың, атың шылбырын сүйретіп алаңнан бос қайтады. Сайыста аттың жалына жабысып, мойынынан құшақтап не ердің басынан ұстап қармануға болмайды. Тағы да айтым, тақыммен қорғанасың. Сондықтан болар аударыспақты еліміздің кей өңірлерінде тақымтартыс деп те атайды. Қырғыз елінен 70 келі салмақта сайысқан Қалыбек Бузурманқулуулы деген жігіт: «бізде аттың жалынан қармануға болады» дейді. Таң қалдым. Сонда тақымның мықтылығы қайда? Тақым әлсіз болса, білектің күші пайда бермеуі мүмкін.
Спорттық ойын өз алдына енді тақымнан келіп шығатын мәселеге қарасақ. Өмірі атқа мініп көрмеген баланың тақымы бос болады. Ол аударыспаққа шықпақ түгілі атқа мінсе, құлап қалады. Ұят та болса шындығы, мұндай жігіттер «еркек» болып та қарық қылмайды.

тақымтартыс

МӘРТТІК һәм ТЕКТІЛІК

Аударыспақ әлемде болып жатқан кейбір жекпе-жектер секілді емес. Мұнда шаршы алаңға қарсыласыңнан күшті екеніңді дәлелдеу үшін шығасың. Қарсыласыңа «сен, өліксің» деп психологиялық шабуыл жасап, алдын-ала табыт дайындамайсың. Егер жеңсең, мықтымын деп, кеудеңді кермейсің. Қарсыласың құлап жатқанда қолтығынан демеп, атын ұстап бересің. Жеңіліп қалсаң да, иттік жасап, кектенбейсің. Өйткені, жеңіс те, жеңіліс те Алладан. Қысқасы, аударыспақ жігіттің бойына мәрттік пен тектілікті сіңіреді. Кезінде бабаларымыз қылыштасып жатқанда жауының қылышы ұшып кетсе, әрі қарай білектің күшін сынасуға шақырған, қуалап жүріп сабамаған. Дұшпанына да адалдық танытқан. Жігітше, еркекше шайқасқан.
Бұдан алатын сабақ: бұл қағиданы бойына сіңірмеген адамда мәрттік, тектілік былай тұрсын жігіттік сипат, еркектің намыс болмайды. Ұят та болса айтайын, ондайларға кейде «қатын екенсің» дейсің күйініп кеткенде.
Қазақтың сан ғасырлардан бері қалыптасқан ұрпақ тәрбиесі керемет қой, шіркін. Бүгінде аңыз қылып айтып отырмыз.


Бекарыс НҰРИМАН, jaisan.kz

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.