Жамбы ату

Жамбы ату – қазақ халқының көнеден келе жатқан дәстүрлі ойын түрі. Жамбы деп нені айтамыз? Ол – алтын немесе күміс, сол сияқты бағалы заттардан жасалған құнды бұйым. Оның пішіні ірі қара немесе ұсақ малдың тұяғы мүсіндес болғандықтан тайтұяқ, қойтұяқ, аттұяқ, асық  жамбы, бесік жамбы, түйекөз жамбы, қойбас жамбы т.б. деп аталатын болған. Бұл құнды бұйым ертеде ақшаның орнына да жүрген. Сондықтан да жамбы орта ғасырда бағалы эквивалент ретінде танымал болғаны жайлы дерек бар. Ал, жамбының жасалған материалына байланысты: таза ақ күмістен жасалған болса, ақ жамбы немесе алтыннан жасалса алтын жамбы деп атанған.

жамбы атуЖамбы ату

Жамбы ату ойын түрін көшпенді халқымыз жауынгерлердің мергендік қабілетін жетілдіру үшін ойлап тапқан. Бұның басты маңызы: біріншіден, әскери-жауынгерлік дайындықты жетілдіріп отыру болса, екінші тараптан ел арасындағы мергендерді (садақшыларды) анықтап оларды көтермелеу үшін қажет болған, үшіншіден, сыналған садақшылардан арнайы  топ жасап соғыс кезінде күштік құрлым ретінде пайдаланған. Осы негіздерге қарағанда, Жамбы атудың мәні: жауынгерлердің шеберлігін дамытамын ойын түрі екені даусыз.

айкабак атуАйқабақ ату

Жамбының «Айқабақ ату» деген де түрі бар. Егер бұл зат алтын бұйымнан жасалған болса «Алтын қабақ» деп аталады. Айқабақ жабыдан ауыр, көлемі ай пішіндес, сом күмістен  құйылған бұйым. Жалпы «Жамбыны» немесе «Айқабақты» ұзын сырықтың басына, мөлшерлі жерге іліп қояды. Оны аттың үстінде шауып келе жатып садақпен дәл атып түсіру керек. Бұл садақшылардың ең жоғары деңгейдегі жарысы. Өте үлкен мерекелерде ғана ойналады. Кейде жаяу жүгіріс барысында да атады. Атып түсірген мерген қымбат бұйымды өзі алады. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы кезде жауынгерлер оңай мал табу үшін мерген болуы қажет.

Жамбыны ату үшін ең әуелі садақ керек. Садақ – сонау ежелгі дәуірдегі сақтар мен ғұндардан, берісі Кенесары заманына дейін көшпелілердің иығынан түспеген, қазақтың дәстүр-салтымен біте қайнасқан қымбат мұра. Ата-бабамыз адырнасын аңыратып жауға шапқан, аң атқан, тойға барып жамбы да атқан. Ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қолданылған садақты «қарағай садақ», «үйеңкі садақ», «қайың садақ», «сарыжа», «сарсадақ», «бұлғары садақ», «адырна», «көн садақ» т.б. түрлерге бөлінген.  Ал, садақтың оғын  жебе дейді. Оның: «сұр жебе», «қу жебе», «тобылғы жебе» т.б.қырықтан астам түрлері бар.

Садақтың құрамында: екі иіні, екі басы, белі, жағы, тобықшағы, кірісі болады. Мысалы қазақтың көне жырларындағы:

 Бұлғары садақ, бұқар жай,

Тата алмасам маған серт!

Бел күшіме шыдамай,

Беліңнен кетсең саған серт! («Қобыланды батыр» жырынан)

Тобыршықты биік жай салып,

Дұшпан аттым өкінбен… (Доспанбет жырау)

 Көн садақтың ішінде,

Көбе бұзар жебе бар.

(Махамабат Өтемісұлы)

 Орта ғасырда қазақ даласын көктей өтіп, шығысқа саяхат жасаған италияндық жиһангер Марко Пола көшпенділер арасында өткен Жамбы ату мергендер сайысында барлығы 335 құлаш жердегі нысанаға бәрі дәл тигізгенін жазады. Енді мынаған назар аударыңыз: Түрік сұлтаны ІV Мұрад Газис 210 құлаш (1255 фут), ертедегі грек мергені 282 құлаш (1692 фут) жерден нысана атып дәл тигізгені жайлы деректер бар. Бұл деректерге назар аударсаңыз: дала көшпенділерінің басқа жұрттан қаншалықты жауынгер болғанын аңғарасыз.

Сол сияқты «Қобыланды батыр» жырында, Көктем Аймақ дейтін хан, ас астына биік  бақан орнатып, оған алтын жамбы іліп, осыны атып түсірген адамға қызымды берем деп жар салады.

Ай астында аспанға

Құрды бақан қақтырып

Алтын теңге аттырып,

Теңгені атып түсірген

Құртқаны сұлу сол алар…

Осы хабар Қобыландының құлағына жетіп, жас батыр тобылғы торы атымен шауып барып, ай астындағы теңгені атып түсіріп Құртқа сұлуды алып қайтады:

Қолына алып толғанып,

Қозы жауырын жебені

Ат үстінен шіреніп,

Сонда тұрып тартады,

Құрулы бақан басында,

Екі бөліп ұшырды

Ай астында теңгені…

***

Сәкен Сейфулиннің «Көкшетау» поэмасында Абылай ханның заманында Бурабайда жамбы атудан үлкен сайыс өтіп, биік таудың үстінде тұрған нысанға ешкімнің оғы жетпегендіктен, сол биік  «Оқжетпес» деп аталғаны жайлы аңыз бар. Жырға құлақ түрсек:

Қалың қол гуілдейді анталасқан,

Бәсеке бір қыз үшін тайталасқан.

Бір тасқа топ жанында қыз да шықты.

Тартыстың себепкері жанталаскан.

Батырлар шіренісіп тізбектеліп,

Тартысты садақтарын «Абылайлап»

Дүмпілдеп садақ оғы ысқырады,

Ойқастап аттары ойнап пысқырады.

Ышқынып жолбарыстай күшін өлшеп,

Батырлар садаққа оғын қыстырады.

Атқан оқ тасқа тиіп жарқылдайды,

Шыңда ойнап бала бүркіт шаңқылдайды.

Оқтарын орамалға жеткізе алмай,

Батырлар біраздан соң «қарқындайды

 ***

Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап аталмыш ұлттық спорт түріне назар аударыла бастады. Жамбылдың 150 жылдық тойы қарсаңында жамбы атудың тағы бір нұсқасы  Жезқазған өңірінде ойнатылды. Онда шауып келе жатқан аттың үстіндегі жігіт белгілі сызықтың тұсына келгенде қолындағы найзаны ілулі шығыршықтан өткізуге тырысты.

Қазіргі таңда жамбы атудан Еуропадағы мажар бауырларымыз жыл сайын Венгрия біріншілігін өткізіп, кәрі құрлыққа насихаттауда. Бұл істен  Еуропадағы қазақ диаспорасыда қалыс қалмай отыр.  1920-шы жылдары Алтай өңірінде дүниеден өткен аса көрнекті тұлға, батыр Зұқа қажы Сәбитұлының шөбересі Орхан Тосұнның ұйымдастыруымен жыл сайын диаспора өкілдері арасында садақ атудан сайыс өтеді.

Жамбы ату, яғни, садақ ату спорт түрі елімізде ойдағыдай қолға алынбай отыр. Сондай-ақ қазіргі таңдағы кәсіби садақ ату спорт түрі мен дәстүрлі садақ атуды шатастырып жүрген жайымыз бар. Біріншісі болса, Олимпиада ойындарына кірген, ғылыми негізделген кәсіби спорт түрі. Ал, біздің айтып отырғанымыз, дәстүрлі, байырғы жауынгерлік болмыс-бітімін сақтаған ұлттық ойын түрі. Екеуі екі басқа.

Бекен Қайратұлы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*