Bnews.kz сараптамасы: Аударыспақтан Азиядағы ең мықты балуандар – қазақ жігіттері

Жалпы, спорт – бір ғана ұғымды, бір ғана саланы қамтитын дүние емес екені белгілі. Спорт – ол саясат, спорт – ол мәдениет, спорт – ол ынтымақ пен келісім. Мемлекеттің өзге елдер алдындағы абырой-беделін асыратын да – спорт. Бір ғана футболды алайық: қазір Бразилияға бара алмаса да, түн ұйқысынан қалып, теледидарға телмірген жанкүйер көп. Оның ішінде әрине, қазақстандықтар да жетерлік. Футбол – әлемге түгел танылған спорт. Мықты футболшылар әлдеқашан кішкентай балаларға дейін «кумир» болып үлгерген. Сондықтан да, көп жағдайда, елдердің мықтылығын спортшысына қарап танып жатады. Бірақ, мемлекет үшін бұл жеткіліксіз. Тәуелсіз ел халқы «менікі» дей алатындай ұлттық құндылықтарымен, ұлттық спортымен де мақтанып, танылғаны дұрыс. 

Ал, спортымызды өзгеге таныту үшін оны алдымен өзіміз әбден «танып», лайықты бағасын беріп, қадірін түсініп алуымыз керек. Біз бұл міндетті жалпылама орындап жүргеніміз рас. Яғни, біз көкпар, күрес, аударыспақ, бәйге, асық ату, теңге ілу, қыз қуу, бүркіт салу қазаққа тән, бабамыздан мұра боп қалған спорт түрлері екенін жалпылама білеміз. Бірақ, жалқы түрде қарайтын болсақ, тақымы берік көкпаршыларымызды, жауырынды балуандарымыз бен жүйрік тұлпарларымызды неге танымаймыз? Асық атудың ережелерін бокс пен футболдың ережесіндей неге «жатқа» білмейміз? Ұлттық спорт түрлеріне жанкүйер болуға жарап жүрміз бе?

«…2004 жылы, – дейді «Нұр Отан» Қоғамдық саясат институтының директоры Саясат Нұрбек. – Италияда оқып жүргенімде италияндық достарым «Сәке, Сіздердің ұлттық ойындарыңыз бар ма? Қандай жарыстар бар Сіздерде» деп сұрады бірде. Мен болсам «көкпарымыз бар, аударыспағымыз бар, теңге ілеміз» деп, ұлттық ойындарымызды мақтана айтып, түсіндіріп әлек болып жаттым. Сонда олардың маған қойған бір-ақ сұрағы ойландырып тастады: «былтырғы чемпиондарыңыз кім? Ол чемпион мінген тұлпардың лақап аты бар ма? Былтыр қай команда жеңді? Сіздің ең жақсы көретін ойыншыңыз кім?». Сонда мен алғаш рет біздің мақтанатын, дүниеге паш етіп көрсететін қаншама тарихи мирасымыз, байлығымыз, ойындарымыз бар. Бірақ, біз оларға «жан» бітірмеген екенбіз деген ойға қалдым…». Қараңызшы, мынау шетелдегі бір қазақ баласын ғана емес, елдегі мың қазақты ойландыратын сұрақ қой.

Бұл тығырықтан шығу үшін ұлттық құндылықтарымызды ауызбен ғана «асқақтатып» қойғанымыз жарамайды. Бұл істе тиянақты жұмыс, тың идея, жан-жақты қолдау керек. Ал, спортта мықты атанып, белгілі болу үшін керемет бір серпіліс қажет. Қазір Ұлттық спортта сол серпіліс байқалып жүр. «Қазақстан Барысына» қараңыз: біреулер «коммерция» дегенмен де қазақ күресі бұрын соңды бұндай «шоу» жасамағаны анық. «Шоу» деген күннің өзінде «Қазақстан барысы» қазақ күресінің бояуын кетіріп, қадірін қашырмай, керісінше, оның қандай тартысты спорт екенін таныта білді. «Қазақстан Барысы» жарнаманы қажет етпейтін жарыс. Оның үстіне, биылғы «барыстың» қызықтары да алдағы уақытта жеке сараптамадан өтетін болады. Сондықтан, ұлттық спорттағы серпілістерді қайтадан сөз етсек.

Аударыспақ – ат пен адам арасындағы тамаша үйлесім

Әуел бастан айта кететін жайт, осындай серпіліс жасауға мұрындық болып жүрген бірден-бір ұйым – ол Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы. Былтыр жыл соңында Астанада тұңғыш рет Көкпардан Азия біріншілігін ұйымдастырған Қауымдастық қазақтың қан қыздырар ойынына бір серпіліс берген еді. Енді, міне, бірнеше күн бұрын елордамыздың іргесіндегі «Қазанат» ипподромында Аударыспақтан I Азия чемпионатын өткізді. Қауымдастық Президенті Бекболат Тілеухан мырза атап өткендей, бұл расымен де тарихи жағдай еді.

«Бұл – тарихи жағдай. Аударыспақтан бұрын-соңды халықаралық деңгейде осындай жарыс өткен емес. Он екі ел бұл жарысқа қатысуға өтініш білдіріп, он бір ел келді. Жалпы, Аударыспақтан I ашық Азия чемпионатының ұйымдастыруға қауымдастықтар тікелей атсалысты. Материалдық мәселелерге келгенде, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының демеушілігімен, Үкімет тарапынан Спорт және дене шынықтыру агенттігінің араласуымен және соңғы уақытта бұқарамен қарым-қатынас жасауда айрықша белсенділік танытып жүрген «Нұр Отан» партиясының қолдауымен бұл шараның ұйымдастырылғаны қуанышты жағдай. Ал, жалпы, аударыспақ ойынын онша біле қоймайтынымыз рас. Аударыспақ дегеніміз – ат үстіндегі көшпелі ата-бабамыздың соғыс өнеріндегі бүгінгі күнге дейін жеткен айрықша дәстүрі, бір саласы десек болады. Білесіздер, ат үстінде жүрген көшпелінің баласы – ешкімге алдырмайтын тас қамал сияқты. Бірақ, аттан түсіп қалғанда ол мүгедек адам сияқты болып қалады. Сондықтан, ат үстінен бір-бірін аудару – бұл өнердің өнері. Аударыспақта күшке ғана байланып тұрған ештеңе жоқ. Кейде салмағы аз, бірақ шеберлігі мықты жігіт салмағы ауыр адамды аударып әкетеді. Бұл – ат пен адамның арасындағы үйлесім, бұл – адам адамды, ат атты сезінетін жарасымды гормония, жануар мен адам арасындағы тығыз байланыс. Осының бәрін түсіне білген адамға аударыспақ ойыны үлкен өнер», — дейді Бекболат Тілеухан.

Расымен, аударыспақты көзімен көрген адамдар жақсы біледі, жарыс барысында жылқы иесіне кәдімгідей көмектесіп, қарсыласын алып ұру үшін ыңғай жасап береді екен. Аударыспақтан I Азия чемпионатына келген біраз спортшылардың жылқысы бабында болмай, аттарынан өздері-ақ ауып қалып жатқан сәттер кездесті. Ал кейбір ойындарда, керісінше, спортшы атқа дұрыс міне алмаған соң, күші әлдеқайда аз қарсыласынан ұтылып қалып жатты. Мысалы, Әзірбайжаннан келген Вусал Джавадов күрестен Азия чемпионы атанған балуан, қалың жұртшылық алдында екі шегені алып екі минутқа жеткізбей бір-біріне «жапсыра» салатын нағыз білекті жігіт. Бірақ, аударыспақта атқа дұрыс міне алмаған соң, қарсыласынан тез ұтылып қалып, келесі айналымға өте алмады. Аударыспақ дегеніміз – міне, осындай ептіліктің ойыны.

Аударыспақтан алғашқы Азия чемпионаты неге Қазақстанда өтті?

…себебі, бұл жарысты осындай халықаралық деңгейге шығаратын сәт туды, дегенді алға тартты Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Президенті Бекболат Тілеухан.

«Қазақстанда бұл ойын түрінен жылда ел ішіндегі чемпионаттар өтіп отырады. Биыл Түркістан қаласында тұңғыш рет он алты аймақтан түгел он алты команда қатысқан чемпионат өтті. Елімізде жылда жастар, жасөспірімдер арасында осындай чемпионаттар өтіп отырады. Сондықтан, бұл жарысты осындай халықаралық деңгейге шығаратын сәт туды. Жалпы, айырықша атап өтетін жайт, аударыспақ тек қана қазақ ойыны деп айтсақ, ол үлкен өзімшілдік, кеудемсоқтық болады. Аударыспақ та, көкпар да, теңге ілу де Азия халқына ортақ спорт түрі. Бірақ, Қазақстанда айрықша дамып жатыр. Бұның себебі – Қазақстандағы тыныштық, бейбітшіліктің арқасы. Сондықтан тізгін иесі біз болып отырмыз. Көкпардан да бірінші Азия чемпионатының өтуі сондай дүние. Әйтпесе, Өзбекстандағы, Ауғанстандағы, Қырғызстандағы көкпардың дамуы бізден төмен деп айтуға құқымыз жоқ. Бірақ, бізде жоғарыда айтқанымдай, жастар арасында, жасөспірімдер арасында, ересектер арасында чемпионаттар өткеннен кейін жарысты халықаралық дәрежеде өткізуге моральдық, материалдық, экономикалық әлеуетіміз жетеді», -дейді Бекболат мырза.

Аударыспақтың абсолютті чемпионы – қазақ жігіті!

Аударыспақтан І Азия чемпионатында үш финал болса, Қазақ Елінің әнұраны төрт рет шырқалып, көк ту төрт рет көкке желбіреді. Себебі, үш финалда да қазақ жігіттері жеңісті ешкімге бермеді. Ал +90 кг салмақ дәрежесінде жарысқа түскен Біржан Қосалиев аударыспақтан I Азия чемпионатының абсолютті чемпионы атанып, бір жарыста Қазақстан үшін төртінші жеңісті алып берді. Енді әр батырымыздың жеңісіне жеке-жеке тоқталсақ.

Аударыспақтан I Азия чемпионатында алдымен 70 кг салмақ дәрежесіндегі спортшылар өзара мықтыны анықтап алды. Қытай Халық Республикасының атынан шыққан Ахат Қуаныш, Қырғыз Республикасының спортшысы Қадыбек Бұзырманқұлұлы және қазақ балуаны Ермек Жәпішев ерекше көзге түскен еді. Себебі, Ахат та, Қадыбек те алдына келген балуандарды шыдатпады. Бірақ, Қадыбек Ахаттан, ал Ахат біздің Ермектен аса алмады. Қадыбек Бұзырманқұлұлы өз салмағында жүлделі III орынды иеленді. Ал ақтық сынға шыққан Ахат пен Ермек арасындағы аударыспақ алысқа ұзамай, отандасымыз таза жеңіспен 70 кг салмақ дәжересінде чемпионаттың I орнын иеленді.

Аз ғана үзілістен кейін 90 кг салмақ дәрежесіндегі спортшылардың тартысты аударыспағы басталды. Жарыстың бұл кезеңінде Моңғолиядан келген қандасымыз Нұрболат Ережеп пен Қазақстан спортшысы Сырым Ізбасаров бірден мықты екендерін байқатты. Себебі, Сырым да, Нұрболат та алдыңғы екі қарсыластарын жәй ғана емес, аттарымен бірге аудара салған балуандар еді. Сырым Ізбасаров алғашқы қарсыласын жеңген соң, Өзбекстаннан келген спортшыны атынан аударса, Нұрболат Ережеп те өзбек балуанын жеңген соң Тәжікстан споршысын «ә» дегенге келтірмей, құлата салды. Финалда кездескен бұл екі мықтының ойыны өте тартысты өтті: екеуі де бабындағы спортшы, екеуі де аударыспақтың ережесін жақсы біледі, екеуінің тұлпарлары да жарысқа әбден бапталған. Бап пен бақ қатар шапқан соңғы сәтте жерлесіміз Сырым Ізбасаров жеңіске жетті. Осылайша, 90 кг салмақ дәрежесінде аударыспақтан Азия чемпионатының IIІ орнын Қырғыз Республикасының спортшысы Күмісбек Қыдырәлиев, II орынды Моңғолиядан келген Нұрболат Ережеп, I орынды қазақ батыры Сырым Ізбасаров иеленді.

Аса ауыр салмақта да он елдің спортшылары соңғы секундтарға дейін ауып қалмауға тырысты. Бірақ, ақтық сынға барар жолда білегінің күші мен бабы келіскен балуандар қарсыластарын небары бірнеше секундта аударып түсірген сәттер болды. Жарыстың бұл «бөлімінде де» мықты деген бірнеше балуан көрерменнің көзіне түсті. Алдында екі алтынды иеленген қазақ құрамасы бұл жолы жеңіліп қалады ма деген күдік те болды. Бірақ, бұл салмақ дәрежесіндегі Біржан Қосалиевтің нағыз балуан екеніне ешкім дау айта алмады. Бұл салмақ дәрежесінде Захид Бухабойв (Өзбекстан) III орын, Нұрлан Молдақұлов (Қырғызстан) II орын, Біржан Қосалиев (Қазақстан) I орынды иеленді. Айта кетейік, салмақ дәрежелері бойынша үшінші орынды иеленген спортшыларға чемпионаттың бас демеушісі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры атынан 400 мың теңге, екінші орын иеленген спортшыларға 700 мың теңге, бірінші орын алған балуандарға 1 млн теңге ақшалай сыйлық табыс етілді.

Ал, абсолютті чемпионды анықтайтын сәт келгенде, сегіз команда өзінің мықты деген балуандарын баптап, жарысқа қосты. Барлығы аса ауыр салмақтағы спортшылар еді. Абсолютті чемпионды анықтарда үшінші, екінші орын деген болмайды: тек бір чемпион ғана алтыннан белдік тағынып, астына автокөлік мінетіні белгілі еді. Ортаға шыққан әр балуан қарсыласын жеңген сайын жүлдеден үміттене түсті. Енді мына қызықты қараңыз: аса ауыр салмақта жарыса келіп, ақтық сында кездескен қырғыз спортшысы Нұрлан Молдақұлов пен қазақ батыры Біржан Қосалиев абсолютті чемпионды анықтар кезде де соңғы жұп болып «алысты». «Нұрлан алдында жеңілген, енді намысқа тырысып жеңетін шығар», «Жоқ, Біржан бұл «жауын» біліп алды, жеңісті қолдан бермейді» деген екі болжамның соңғысы дәл келгенде қазақ шынымен бөркін аспанға лақтырды. Біржан абсолютті чемпион екенін аударыспақтың алғашқы секундтарында-ақ дәлелдеді. Солайша, алғаш рет ұйымдастырылған аударыспақтан I ашық Азия чемпионатының абсолютті чемпионы Біржан Қосалиев алтын белбеу мен су жаңа автокөлікті иеленді.

«Бұл жарысқа өзімді, астымдағы тұлпарымды екі ай дайындадым. Бүгін жеңіске жетуімнің бірден бір себебі – мен әуел бастан қарсыластарымның жарыста қолданатын әдіс-тәсілдерін біліп алдым. Содан, намысты қолдан бермей, олардың ыңғайына келмейтіндей етіп, күш сынастым»,-дейді Біржан Қосалиев.

Батырды құттықтай отырып, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан ағамыз келесі Азия чемпионаты екі жылдан кейін, яғни 2016 жылы Қытай Халық Республикасында өтетінін хабарлап, чемпионаттың туын Қытай Республикасының өкіліне табыстады.

Қазақ күресі Олимпиада ойындарының бағдарламасына енуі мүмкін

Әлі сүйінші сұрауға ерте болғанымен, сөз соңын осындай қуанышты жаңалықпен түйіндесек. Бұл қазір жоспар ғана болғанымен, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев айтқандай, «алға қойған мақсатымыз болмаса, арманымыз болмаса, бұл бағытта ілгері жылжи алмаймыз».

«2014 жылы Қазақстанда өткізілетін халықаралық турнилердің, соның ішінде Азия чемпионаттарының саны отызға жуықтайды екен. Қазір Үкімет тарапынан ұлттық спорт түрлерінің дамуына көп көңіл бөлініп отыр. Айталық, Мәжілісте қаралып жатқан «Дене шынықтыру және спорт» туралы Заң жобасында ұлттық спорт түрлеріне түгелдей бір бап бөлінген. Қазақстан бойынша 250 мыңнан астам адам ұлттық спорт түрлерімен әуестенеді. Ұлттық спорт түрлері бойынша өтетін жарыстардың тізімін Агенттік бекітеді. Екіншіден, біздің ендігі мақсатымыз – қазақ күресін Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіргізу. Бір спорттың түрі Олимпиада бағдарламасына кіргізетін болсақ, ол – Мәңгілік ел деген ұғымның бір кірпіші болып қаланатына сенімдіміз», — дейді Агенттік төрағасы.

Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ, bnews.kz

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*