ҚР ҰСТҚ президенті Б.Тілеуханның «Айқын» газетіне берген эксклюзивті сұхбаты

0e66e712c20919de28c1fc63adf24b56Бекболат Тілеуханды ғажап әнші, жыршы, бір кездері саясаттың сойылын ұстаған саясаткер ретінде білсек, енді ұлттық спорттың жанашыры ретінде қоғам назарын аудартып жүр. Қазақстанның Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы президенті Бекболат Тілеухан «Айқын» газетінде ұлттық спорттың халықтың мәдениетімен, тарихымен, тіпті саясаты және экономикасымен қандай байланысы бар екенін баяндаған. 

«Ұлттық спортқа қызығып туғанмын…»

– Сізді әнші, саясаткер ретінде та­ны­сақ та, спорт саласының майталманы ре­тін­де елестету қиын. Музыка, саясат және спорт арасында сіз үшін қандай байланыс бар?! 

– Өзің жақсы білесің, дәстүрлі өнер­дің өкілімін. Кешегі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Мұхит, Кенен секілді саңлақтардың сүрлеуінен жаңылмаған жал­ғасымыз. Ақан сері тарихта әнші, ком­позиторлығымен аты қалса да, сан қыр­лы өнер иесі емес пе еді? Айталық, Ақан сері – атбегі! Алдына қара салмаған Құлагердей сәйгүліктің иесі. Құлагердің жүйрік боларын жабағысынан танып, нағашысының қалың жылқысы арасы­нан таңдап алады. Яғни Ақан сері – тұл­парды тай күнінен танитын ат сыншысы, әрі бапкер. «Маңмаңкер», «Құлагер» ән­дері осы жүйрік атқа арналған. Оның «Қа­раторғай» әнін барша қазақ біледі…

– Әрине. «Қараторғай, ұштың зорға-ай, бейшара шырылдайсың жерге қон­бай…» 

– Ақанның бұл әні «Қараторғай» ат­ты бүркітіне арналған. Әннің осы қайыр­ма­сы оның қыран құсының мүшкіл халін су­реттеген. Себебі, халық даналығында «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қо­на­ды» деген сөз бар. Қанша жерден қы­ран болса да, бүркіт қартайғанда құйрық қауырсындары түсіп қалып, ұшуын ұшса да, қайыра қона алмай, қатты қиналады екен. Қалықтап келіп қона қалайын десе, кәрі бүркітте құйрық қауырсын жоқ. Қонса – қанаты қайырылып, домалап, бір­неше аунап түсіп, шыр-шыр етеді. Ақиық қыранының осынау қиналысына жаны нәзік сері құстан бетер ауырсынып, жылайды. Ақан сері аттың бабын, құстың жайын білмесе – «Құлагердей», «Қара­тор­ғайдай» керемет әндер дүниеге келер ме еді?! Ақан – саясаттан да сырт қал­ма­ған. Жалпы, қоғамның алдында жүрген адам, міндетті түрде саясаттың бел орта­сында жүреді…

Ал жауырыны жер иіскемей өткен Балуан Шолақ атамыз ат үстінде қандай керемет өнер көрсеткен?! Әйтпесе, әйгілі әнші, композитор Мәди Бәпиұлы тек ком­позитор ғана ма? Жоқ! Ат құлағында ойнаған шабандоз, ат үстіндегі айла-тәсілдің бәрін меңгерген адам болған. Қарусыз-ақ қашып келе жатып, өкшелеп қалған қуғыншының талайын аттан ұшы­рып түсіреді екен.

– Сонда қалай? 

– Шауып келе жатқан қалпы, жерден жұдырықтай тас іліп алады екен. Қазіргі теңге ілген сияқты ғой. Әлгі тасты өз аты­ның тұяғына дәл тастайды. Сонда құй­ғыта шапқан аттың тұяғына тиіп, оқтай зырқырап ұшқан тас арттағы қу­ғыншы атының қасқа маңдайына немесе адамның тізесіне тиіп кетсе болды, мұрт­тай ұшырады. Көрдіңіз бе, қандай айла, қандай тапқыр шеберлік?! Ал біз біл­мей­тін, мүлде ұмытылған теңдессіз шебер­лік­тер қаншама?! Жалпы, қазақтың дәстүрлі өнеріндегі ешбір тұлғаны ұлттық спорттан бөліп қарай алмаймыз. 

– Егер музыка табиғи дарыныңызды, саясаткерлік кезінде қайсарлығыңызды танытса, спорт әлеміндегі қайраткерлік сіз­дің қандай қасиеттеріңізді ашады?

– Бұл жерде «ашылады, ашылмайды» деп толғанып жатар жай жоқ. Абай ай­та­ды: «ісім өнсін десең, оның ретін тап». Ретті, жүйелі, жоспарлы жұмыс қашан да нәтижесін береді. Ал ата-баба аманатына адалдық сол жолда тер төгуге мәжбүр­лейді. Мәжбүрлік деген сөзді әрқалай тү­сінуге болады, мәселен, біреуден қор­қып мәжбүрлену бар. Аманат алдындағы мәж­бүрлік – анағұрлым қастерлі де қа­сиетті ұғым. 

– Жалпы ұлттық спорт ойындарына қызығушылық қайдан пайда болды?

– Ондай қызығушылық менде аяқ астынан пайда болған жоқ, мен оған қызығып туғанмын. Атаның белінен, ананың құр­сағынан шыққаннан бойымызда, қа­ны­мызда болған. Өзімізді қара бақайымызға дейін қазақпыз деп есептейміз. Аллаға ш­үкір, ауылды жерде өстік. Ауыл – ұлт­тық спорттың тұнып тұрған ордасы. Мы­салы, бала кезімізде үйге ауыз суды тайға міне салып, бөшке тиелген шананы тақымға салып, тарта жөнелетінбіз. Мұны спорт емес деп кім айтады? Шу асау­дың жалына жабысып, батырлық көр­сетпесек те, тай-жабағыны бас бі­л­діріп үйреттік. Қанымызда бар болмаса, со­ны атқара алар ма едік? 

Алаштың ақын-жыраулары шы­ғар­маларының ең ғажабы – атқа, жылқыға қатыссыз бір нәрсе жоқ. Ақтамберді жы­рау толғауындағы: «Күлдір де, күлдір кі­сі­нетіп, күреңді мінер ме екенбіз» деп бас­талатын шумақтар барлығына таныс. Ал «Жауға шаптым ту байлап, шепті бұз­дым айғайлап» дегендей, жырларда ер­лік, батырлық айтылғанымен, атқа бай­ла­нысты қаншама керемет теңеулер бар?! «Жолбарыстай шұбарды, таңдап бір мінер ме екенбіз», «Ор қояндай жүгінтіп, аш күзендей бүгілтіп», – дейді. Арғы­мақ­ты «От басар орны отаудай», «ор қояндай қабақты, қиған қамыс құлақты, сары мысықтай азулы, саптыаяқтай ерінді» деп суреттейді. Осындай теңеулер Ақтам­берді жырларында бастан-аяқ кездеседі. Ал «Жоны бір жалпақ жотадай, мойны бір жуан бұқадай, балуаннан нөкер бар­ла­тып, күреске салар ма екенбіз» дегені қан­дай?! Осы кереметтерді жан-тәніммен тү­сіндім, түйсіндім әрі анық сезіндім. 

Баба мұрасын өзіңе сіңіріп, жұртқа жет­кізуде тұнған сыр бар. Жырды жан дүниеңмен қабылдап, соның ішіне кір­месең, қабылдамасаң, бойыңа сіңіріп ба­рып, паш етпесең, «Ет жүрексіз, ерін­нің айтпа сөзін» дегендей, жүректен шық­паған, сіңбеген нәрсе жүрекке жет­пейді. «Күлдір-күлдір кісінетіп» дегенде, күлдірей кісінеп тұрған күреңді көз ал­дыма елестете аламын. Міне, көрдіңіз бе, мәселенің түп-төркіні қайда жатыр? Осындай болғандықтан, ұлттық спортқа деген қызығушылық бойымызда о бастан бар деп айта аламыз. 

«Ат үстінен садақ ата алатын адам таппадық…»

– Ал қазіргі қазақ қоғамында ұлттық спорт түрлеріне деген шынайы көзқарас қандай? 

– Тіпті тамаша дер едім. Осы уақытқа дейін ұлттық спорт түрлерінен қаншама жа­рыстар өткізілді. Халықаралық тур­нир­лер, байқаулар ұйымдастырылды. Егер қоғамдағы көзқарас дұрыс болмаса, мемлекет тарапынан қолдау болмаса көкпардан, аударыспақтан қайдағы Азия чемпионаты?! Халықаралық бүркітшілер фес­тивалін өткізу қайда?! Жастар, жасөс­пірімдер, ересектер арасында ұлттық спорт түрлерінен жеке-жеке чемпио­нат­тарды қалай жасайтын едік?! Биылғы ұлттық спорт түрлерінен өткен чемпио­нат шын мәнінде шыңына жетті. Өйткені осы чемпионатқа 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларынан, барлығы 16 ко­манда түгел қатысты. Бұл дегеніңіз – бұ­рын-соңды болмаған жетістік. Он алты ко­манданың тұтаса, сап түзеп тұруының өзі керемет қой! Бұл жетістікке жетуге «Нұр Отан» партиясы қолдау көрсетуде. Ал «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры­ның демеушілігі қандай?! Қажетті қар­жы­ны уақытында бөліп, көмек қолын аямай-ақ жатыр. Қазақстан Спорт істері және денешынықтыру агенттігі жанынан ұлттық спортқа мемлекеттік жаттық­тыру­шылар да белгіленген.

– Сонда ұлттық спорт түрлерін да­мыту­да ешқандай кедергі жоқ дегіңіз келе ме? 

– Енді кедергі мүлде жоқ емес. Ең бас­ты кедергі – кешегі кеңес кезінен, әрі­сі ғасырлар бойы сіңіп қалған, «өзіңді қор, өзгені зор» тұтқан құлдық сана! Өзінікін менсінбеу, өзгенікін дәріптеу. Көкпарға жабайы ойын сияқты тосырқай қарау. «Аттың жалында, атанның қомын­да жүрген» ата-бабамыздың дәстүріне деген құрметтің кемдігі көзге көрініп тұ­ра­ды. Басқа ешқандай кедергі байқал­майды. Ресми орындардан тек қолдау мен көмек көрдік.

– Осы ұлттық ойындардың бұлшық етті ғана емес, адамның ойын өсіріп, ха­лық­тың ұлттық санасын жаңғыртуда рөлі бар ма?

– Бар болғанда қандай! Қараңыз, біз көп ұлттық құндылықтарымыздан айы­ры­лып қалдық. Көбінің аты бар да, заты жоқ.

– Мысалы, қандай?

– «Жамбы ату», яғни ат үстінен садақ ату. Қазақтың ғасырлар бойы қолынан түспеген, тіпті, қазақты қазақ етіп таныт­қан сар садақты осы кезде тек мұражайдан ғана көресіз. 17 миллион халқымыздың арасынан ат үстінен садақ тарта алатын ырымға бір адам таппадық. Садақ та жоқ, жамбы да жоқ, бірақ, «жамбы ату» деген сөз бар. Сәкен Сейфуллиннің «Көкше­тау» поэмасын оқыған адам жамбы ату­дың қандай өнер екенін жақсы біледі. Суреттер сақталған дегендей. Ал жамбы атудың өзі мүлде ұмытылған. 

– Енді осы төл өнерімізді қайта жаң­ғыр­туға бола ма? 

– Әрине. Біз соны қолға алдық. Мы­на, іргелес отырған Моңғолия жұрты ата мұ­раны сақтауда көш ілгері кеткен. Моң­ғол халқы ұлттық садақ атудан қол үзбе­ген. Күрес спортшыларынан кейінгі қа­дір­­лейтіні – садақшы-мергендері. Са­­­дақ­тың үш түрінен бірдей жарыс өт­кі­зіп, жыл сайын чемпиондықты сарапқа салады. Сұрмергендері әлемдік жарысқа жолдама алады. Негізі, дүниежүзінде ұлттық садақ атуды дамытқан елдер саны 40-тан асады, олардың ішінде, Қытай, АҚШ, Корея, Жапония бар. Олардың ар­а­сында жыл сайын осы спорт түрінен әлемдік сайыс тұрақты өткізіліп тұра­ты­нын енді біліп жатырмыз. Бірақ былтыр­дан бері осы олқылықтың орнын тол­тыру­ға күш салудамыз. «Жамбы ату» ф­е­дерациясы құрылып, жұмыс басталды. Моңғолиядан Батгерел Мичир есімді ұлты – моңғол, өз елінің бірнеше дүркін чем­пионы, әлемдік жарыстарда олжа салған мергенді шақырттық. Мамыр айы­нда Мичир Жамбыл облысының Мер­ке ауданында оқу-жаттығу өткізіп, жігіт­терімізді ат үстінен жамбы атуға үй­рет­ті. Қазір – аттың үстінен нысанаға дәл тигізбек былай тұрсын, аттан құлап қал­май шауып жүргенге мәз болатын заман. Ердің қасынан тас қылып ұстап, 200 метр құламай шапса, жау шауып келгендей дүрдиетіндерді көріп жүрміз. 

– Сөйтіп, Мичир мергеннің оқуы бос­қа кетпеді ме? 

– Ең ғажабы сол: өмірінде садақ ұс­тап көрмеген бауырларымыз айналасы аз күннің ішінде жамбы атудан алдына жан салмайтын мергендерге айналды. Ес білгеннен қолынан садағы түспеген Бат­герел Мичирдің өзі таң-тамаша қалды. Жамбы атуда шәкірттері ұстаздарынан асып түсіп жатыр. Себеп не? Мергендік қандарында тұнып тұрған ғой. Генети­ка­лық жадын түртіп, оятып жібергені сол еді, бұрқ ете қалды. Құйғытып келе жат­қан ат үстінде садағын шірене тартқанда, нысананың ортасына дәл тигізетін Қайыр­жан Дүйсеков сияқты жігіттер аман болса, келешекте олар қазақ атын әлем­ге әйгілейтіні анық. 

Жамбы атуды қолға алғалы, өзіміз де са­дақ туралы білімімізді көтере баста­ған­дай­мыз. Садақтың адырнасы қайсы, жағы қайсы, белі қайсы? Оқтың жебесі қандай болады, масағы қандай болады? Қорамсақ деген не, жай деген не? Енді- енді айырып, танып жатырмыз. Батгерел Мичир айтады: «Әр мерген оқты өзі жа­сап алуға тиіс. Мен шәкірттеріме оқ жону­ды үйретемін. Оқ қаншалықты түзу жасалса, нәтиже де соған байланысты бо­ла­ды». Қазақтың «Ана көрген тон пі­шер, Әке көрген оқ жонар» деген аталы сөзі осындайда еске түседі. Оқты түп-түзу етіп жону – үлкен өнер екен. 

Бұрын батырлар жырында көп кез­десетін «Қорамсаққа қол салды, қол сал­ғанда мол салды» дегенді аса түсіне бермейтін едік. Енді Венгрияның атақты садақшы мергені, ат үстінен садақ атудан Гиннестің рекордтар кітабына аты тір­келген Кашшай Лайоштың садақ ат­қа­нын көріп, «қол салғанда мол сал­дыны» түсіндік. Сөйтсек, батырла­ры­мыз садақ ұстаған қолының әр саусақ арасына бір-бір жебеден қыстырып, жедел-жедел атады екен ғой. Қайта-қайта қорамсаққа қол салып жатпайды. Ал ат үстінен са­дақты шапқан аттың төрт аяғы жерден тең көтерілген сәтте атады. Сол үшін мерген атпен бір жан, бір тән болып кетуі керек. Аттың түзу шабуының өзі маңыз­ды. Осының бәрі жаугершілік заманда қалыптасып, кейінгі бейбіт кезеңде спорт­тық бәсекеге айналған.

 Кезінде болып-толып отырған дәу­летті адамдар «Ана жамбыны кім атып тү­сірсе, қызымды соған берем» деп жар салады. Сөйтіп, тегі мен аты белгісіз қай­мана қазақ байдың қызын алып кетіп жа­тады. Тәрбиелеп өсірген сұлу қызын кім әлдебіреуге жайдан-жай бере салады? Мәселе – мерген адам тегін адам емес. Оның денсаулығы мықты. Миының жұ­мыс істеу координациясы күшті, қимылы епті, ақылы озық. Басынан қатты соққы алған, миы шайқалған кісі ешқашан мер­ген бола алмайды. 

Әлемде үлкендігі жағынан тоғызын­шы орын алатын осынша кең жерді қорғаған біздің бабаларымыз осал болса, мұнша жерге ие болар ма? Ұлттық сананы жаңғыртуда ұлттық спорттың рөлінде мін жоқ. Ұлттық сананы жаңғырту үшін бұдан артық не болуы мүмкін?! 

Экономикасы күшейген елдің спорты да дамиды

– Көне Грекияда олипиадалық ойын­дар кезінде келісім күндерін жариялау дәс­түрі болған. Яғни жарыс кезінде со­ғысуға, жанжалдасуға тиым салынады. Сіздер өткізген ұлттық спорт ойындарында да елдерді жақындастыру тәрізді биік мис­сия бар ма?

– Әрине, мұндай мақсат спорт түр­лерінде бұрыннан бар, оның ішінде ұлт­тық спортта өте күшті көрінеді. Мұн­дай са­лаға кеудемсоқтық, тәкәппарлық, өзімшілдік жат. Біз барынша кең болуы­мыз керек. Мәселен, көкпарды, аударыс­пақты немесе жамбы атуды тек қазаққа ғана тән өнер, қазаққа ғана тән дәстүр деп айту ақымақтық дер едім. Айталық, бір адамның он баласы болып, оның бірі «мына кісі тек менің ғана әкем» десе, сол бала нағыз ақымақ атанар еді. Себебі, ол шал – бәрінің де әкесі. Сол сияқты, көк­пар қазаққа да, өзбекке де, тәжікке де – ортақ дүние. Көшпелі халықтың мұрасы.

– Бірақ сол мұраны кім көбірек әс­пет­теп, кім көбірек дамыта алады?

– Бұл тұрғыда түркі дүниесіндегі ұлт­тық спорттың тізгінін ұстап отырғанымыз рас. Көкпардың да, аударыспақтың да штаб-пәтері – Астана қаласында. Өйт­кені, ең бастысы – бізде тыныштық, бей­бітшілік орнаған. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген саяса­тының жемісі. Құдайдың берген ымы­ралы, берекелі жағдайы бар. Екіншіден, бізде Алланың берген ризығы мол. Экономикалық қуатымыз жарыс өткізуге толығымен жетеді. Кейбір елдерде бап­кер­лер болғанымен, қаражаттары жоқ. Ал мысалы, Түркияда спортшылар тап­шы болса, қырғыздарда тұрақтылық жоқ. Ау­ғаныстан жағдайы тағы белгілі. Сон­дық­тан осындайда ұлттық спорттың тіз­г­і­нін ұстауға нәсіп еткен Аллаға шексіз шү­кірліктер айтамыз. 

– Қазақтың ұлттық ойындарын олим­пиадалық ойындар қатарына қосуға бо­латыны жиі айтылады. Егер бос арман­дар­ды ысырып қойып, осы мәселеге шы­­найы, обьективті түрде қарасақ, қан­­дай ұлттық спорт түрін қай уақытта әлем­­дік сайыстар тізіміне қосуға болады? 

– Ешқандай бос арманға орын жоқ. Мы­салы, Жапонның сумосын, дзюдосын алыңыз. Негізінде барлық спорттың түп-тамыры – этникалық спорт түрлерінде жатыр. Садақ та – этникалық, бірақ олим­пиадалық спорт түрі. Грек-рим күре­сі де – сондай. Бұл жерде қай елдің эко­номикалық, саяси әлеуеті күшейсе, сол елдің спорты дамиды. «Аузы қисық бол­са да, байдың ұлы сөйлейді» деген осы. Қазақ экономикалық қуаты кү­шей­ген кезде түркітектес халықтардың ішін­де оның сөзі – сөз, спорты – спорт бола­ды. Мойындалады.

– Яғни әлемге кімнің әмірі көбірек жүреді, сол елдің мәдениеті мен дәстүрі де үстем болады ғой?

– Мысалы, Үнді елінің рагасы – аса күр­делі музыкалық туынды. Симфо­ния­дан жүз есе күрделі. Таңғы рага, түскі ра­га, кешкі, түнгі рага деп, оны шынайы ше­берлер сан түрге бөліп ойнайды. Бі­рақ ол Моцарттың, Бетховеннің туы­н­дылары сияқты мойындалмайды.

– Неге?

– Өйткені, Үндістан – Германия сияқ­ты аса қуатты ел емес. Еуропа му­зы­касының мойындалуы – сол елдердің әлем­дік қуатының күштілігінде. Мыса­лы, афро-америкалық поп-музыканың дүние сиқы жоқ. Түп негізі – гибрид бір­­­деңе. Бірақ Американың саяси-эко­номикалық қуаты олар тудырған му­зы­каны алдыға шығарды. Италияның ке­ремет деген музыкасы Әзірбайжанның музыкасының орамына жетпейді, «қо­лына су құюға» жарамайды. Бірақ Ита­лия әлеуеттілігі арқасында өз музыкасын әлемге таратты. Сол сияқты, қазақтың әлем экономикасы алдындағы салмағы арт­паса, көкпарды да ешкім елей қой­май­ды. Көкпар, аударыспақ мойындал­сын десек, мемлекетіміз күшті болуы керек. Жапонның әлемді таңғалдырған тех­нологиясы мен автокөлігі оның сумо­сын, дзюдосын алға шығарды. Яғни спор­тының алдында – «Тойотасы» , ком­пью­терлері тұр. 

Ұлттық спорт ойындары да осылай дамиды. Біздің елде де бірқатар шаралар ж­асалып жатыр. Парламент Мәжілісінде ұлттық спорт түрлерінің талқылануға алынуы­­ның өзі үлкен жеңіс дер едім. Ме­нің өнер саласынан, түрлі қызмет­тер­ден жинаған тәжірибелерімнің қызығын осы ұлттық спорт көріп отыр деуіме бо­ла­ды.

– Осы жексенбідегі Аударыспақтан Азия чемпионатына әйелдер қатысты ма? Жал­пы, әйелдерді ұлттық спорт түріне тар­­та­сыздар ма? 

– Қазір әлемдік спорттың шыңына «Формула-1» шықты. Бұл арис­ток­ра­тия­лық ойын саналады. Көлікпен жарыс. Осы доданың үздігі Шумахерді білмейтін адамдар некен-саяқ. Бірақ бұл спорт түрі­нің алып бара жатқан керемет еш­теңе­сі жоқ. Кәдімгі қаңқа темірлі кө­лік­тер. Бір ерекшелігі: тек осы спорт тү­ріне әйел баласы аттап баспаған. Себебі, сағатына 300 шақырым жылдамдықпен жүйткитін көліктің бұрылыстардағы пай­да болатын қысымына әйел денсау­лы­ғы мен жүйкесі шыдамайтыны анықталған. Әлем бойынша ерекше дәріптелетіні де сондықтан делінеді.

Сол сияқты, көкпар, аударыспақ тари­хында әйел заты мүлде болмаған. Шын­дығында, олар әйел баласы таби­ғатына сай келетін, сүйсініп айналысатын спорт түріне келе де қоймайды. Алдағы уа­қытта да дәл осы ат үстіндегі спорт түр­леріне ондай жоспар енгізуге мүдделі емес­піз. Бұл жерде әйелдердің керемет рө­лі бар.

– Қандай?

– Тәрбиелеп отырған ұлдарын көк­парға, аударыспаққа алып келіп көрсетіп, «міне, нағыз азаматтар айналысатын өнер, осылардай бол» деп тәрбиелесе, қаз­ақ қыз-келіншектерінің нағыз үлкен патриоттығы болар еді. 

Жалықпай жүзуді ұнатамын…

– Өзіңіз спорттың қай түрімен айналы­сасыз?

– Жасымнан спорттан алыс кетпедім. Боз кілемде біраз белдескенім бар және жаман күрескенім жоқ. Қазақша күрес­пен, самбомен айналыстым. Самбодан әлем чемпионы, кезіндегі даңқты балуан Айбатыр Махмұдовпен бірге жаттыққан кезіміз бар. Асықты да тәп-тәуір ойнай­мын. Атқа мініп серуендеуді тұрақты ма­шыққа айналдырғалы талай жыл бол­ды. Бұл да – спорт. Бірақ осының бәрі­нен суға жүзуді өте жақсы көремін. Мақ­танғаным емес, бір дегенде, бір жарым, екі шақырым тоқтаусыз жүзіп бере ала­мын. Жалықпай жүзуді ұнатамын.

– Ұлттық спорт сайыстарын да қазіргі фут­болдан өтіп жатқан әлемдік чемпионат сияқты көпшіліктің ұйқысын қашыратын­дай дәрежеге көтеру үшін не істеуге бола­ды?

– «Тыңдамаса сөз жетім» деген сияқ­ты, жұрт тамашаламаса, көрмесе, қызық­паса, ұлттық спорт та жетімсірейді. Оның дамуы жанкүйердің ықыласына байл­а­нысты. Жанкүйердің ұлтшылдығына ті­реледі. Ұлттық спортқа, ата-баба ама­на­тына деген құрметіне байланысты. Ал ата-баба аманатына деген құрмет – тек тарихи сананың қалыптасуымен келетін жағдай. Ал тарихи сана қалыптасуы үшін басты керегі – насихат. Ұлттық спортты мерзімдік басылымдарда жиі жариялап, кітап, энциклопедия шығару қажет. Бас­ты насихатты біз – Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы жасауы тиіс. Сол мақсатта биылғы жылдың аяғына дейін жылқы тарихын, ұлттық өнерді, ат спорты түрле­рін қамтыған көлемді еңбекті жарыққа шы­ғармақпыз. Осы игілікті шаруаға бір­талай білікті азаматтар көп уақыттан бері жұмыла кірісіп жатыр.

– Өзіңіз қазіргі әлемдік футбол чем­пио­натын көресіз бе? Қай команданың жан­күйерісіз?

– Әрине, әлемдік футбол додасын кө­ріп жатырмын. Нақты бір командаға шын жанкүйер болып отырғаным шама­лы. Бірақ өнер ретінде футболды жақсы ба­ғалаймын. Бразилия мен Аргентина сияқты мықты командалардың тартысын жібермей тамашалаймын.

Сұхбаттасқан: Айжан КӨШКЕНОВА, aikyn.kz

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*

WordPress спам заблокировано CleanTalk.