Баян-Өлгейде ұлттық ойындарымыз қарқынды дамып келе жатыр – Ром Әуесханұлы

Кеше ғана Астана қаласында өз мәресіне жеткен Аударыспақтан ашық Азия чемпионатына моңғолиялық қандастарымыз да қатысып, күш сынасты. 90 келі салмақ дәрежесі бойынша сайысқа түскен Нұрболат Ережеп II орынды жеңіп алды. Моңғолиялық сайгүліктерді бастап келген Моңғолияның Көкпар, теңге ілу және жамбы ату федерациясының төрағасы, Баян-Өлгей аймақтық Спорт басқармасының бас маманы Ром Әуесханұлымен аз-кем әңгімелесудің сәті түскен болатын.

Қандасымыздың айтуынша, бүгінгі таңда Баян-Өлгейде қазақтың ұлттық спорт ойындарының дамуы қарқын алып келеді екен.
« Баян-Өлгейде түркі халықтарының ат үсті ойындары өте жақсы дамыған. Қазақтың төл мерекелері тойланған кезде міндетті түрде ұлттық спорттарымыз ойналады. Наурыз тойы, Моңғолдың тәуелсіздік күні сияқты үлкен мерекелерде біз ұлттық спорттарымыздан өнер көрсетіп, өз арамызда дәріптеп қана қоймай, моңғол жұртшылығына танытып отырамыз. Ел ішінде де үлкенді-кішілі ұлттық ойынның сайыстары өтіп тұрады»,-деген Ром Әуесханұлы моңғолиялық спортшы қандастарымыздың байрақты бәсекелерде жақсы нәтиже жаратып жүргендігін жеткізді.

«Бүгінгі күні атажұртымыз Қазақ елінің бастауымен ұлттық ойындарымыз халықаралық деңгейге дейін көтеріліп  жатыр . Осыдан біз де қалыс қалмай, Аударыспақтан өткен тұңғыш Азия чемпионатына 70 келі салмақтағы Әскерхан Ханатты, 90 келі салмақтағы Нұрболат Ережепті және 90-нан жоғары салмақ бойынша Бағлан Ыдырыш сияқты палуандарымызды әкелдік. Былтыр осында өткен Көкпардан ашық Азия чемпионатында да табыспен қайттық. Тағы да өткен жылғы ұйымдастырылған Халықаралық бүркітшілер сайысына 10 бүркітшіміз келіп, екі бүркітшіміз 3-орынды иеленген болатын»,-деді қандасымыз.
Моңғол жерінде ұлтымыздың спорттық ойындарын дамытуға толық мүмкіндіктер алып отырмыз,-деп сөзін жалғаған Ром ағамыз оның себебін аттан түспеген көшпенді халық моңғолдардың да ат үсті ойындарының бізбен ұқсас келетінімен байланыстырды.
«Қазіргі кезде өзім құрып, бастамашылық етіп отырған Моңғолияның Көкпар, теңге ілу және жамбы ату федерациясына тіркеліп, үнемі сайыстарға қатысып жүрген 200-дей мүшеліктеріміз бар. Сондай-ақ, Моңғолияда саятшылар сайысы үлкен мереке ретінде жылына 2-3 рет өтеді. Бүркіт қоғамы, Бүркітті қорғау қоғамы деген ұйымдар да бар»,-деді Ром Әуесханұлы.
Сұхбаттасқан Майгүл СҰЛТАН,
Суретті түсірген Ғабит МАДАЛИЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*